• Басты
  • Карантин: Тамызда 42 500 теңге қалай беріледі
30 Шілде, 2020 18:14

Карантин: Тамызда 42 500 теңге қалай беріледі

29 шілдеде өткен Мемлекеттің комиссия отырысында Қазақстандағы карантин тағы екі аптаға ұзартылғаны белгілі болды. Осы орайда елдегі эпидемиологиялық жағдай, қолға алынған шаралар мен әлеуметтік төлемдердің қалай төленетінін жөнінде елордада өткен баспасөз мәжілісінде Ералы Тоғжанов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары кеңірек айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Карантин: Тамызда 42 500 теңге қалай беріледі

Ералы Тоғжановтың сөзіне сүйенсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл 5 шілдеден бастап коронавирустың таралуына байланысты Қазақстан бойынша жарияланған қатаң шаралар өз нәтижесін берді.

«Бүгінгі таңда аурудың тәуліктік өсімі 4 пайыздан 1.7 пайызға төмендеді. Аурудан жазылғандар саны 66 пайызға жетті. Жедел жәрдем қызметін шақыру 40 пайызға, оның ішінде коронавирусқа байланысты шақыру 52 пайызға азайды. Ауруханалардағы жатын орындарды қолдану деңгейі 90 пайыздан 40 пайызға дейін төмендеді. Осыған байланысты 7 өңірде қосымша 15 провизорлық стационар жабылды. Пневмония бойынша жедел жәрдем шақырғандардың саны 35 пайызға азайды. Ауруханалар мен емханаларда бір айлық дәрі-дәрмек қоры құрылды. Бұдан басқа бөлшек сауда нарығын қолдау үшін шетелден 10 млн-ға жуық дәрі-дәрмек Қазақстанға жеткізілді. Нәтижелер жақсы болса да, босаңсуға негіз жоқ. Осы орайда мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия карантиндік шараларды тағы да екі аптаға ұзарту туралы шешім қабылдады», - деді премьер-министрдің орынбасары.

Карантин аяқталған соң қандай нысандар ашылады

Тоғжанов екі аптадан кейін бірінші кезеңде ашылатын кәсіпкерлік субъектілерінің тізімі жасалғанын атап өтті.

-        сауда ойын-сауық орталықтары

-        сауда орталықтары

-        бөлшек сауда желілері

-        жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлар

-        сұлулық салондары

-        балалардың дамыту мекемелері

-        білім беру орталықтары

-        үйірмелер

-        мектепке дейінгі топтар режиміндегі балабақшалар

Вице-премьердің сөзінше, алдағы екі аптада кәсіпкерлік субъектілер жұмысын қайта жалғастыру үшін дайындық шараларын жүргізуе алады. Сонымен қатар әр ғимарат пен нысан үшін арнайы санитарлық шаралар қолданылады.

 

Балабақшалардағы кезекші топтар жұмысын жалғастырады

«Кезекші топтардың жұмысына тыйым салынған жоқ. Біз оларға рұқсат бердік. Олардың жұмыс істеуге құқығы бар. Кезекші топтар ата-аналары жұмыс істейтін балалар үшін құрылды. Көптеген ата-ананың өтінішінен кейін осындай шешім қабылданып отыр», - деді Ералы Тоғжанов.

42 500 теңге қалай беріледі

Қазақстандықтар тамыз айында әлеуметтік төлемдерді алады, алайда тек екі аптаға ғана, яғни 42 500 теңгенің жартысын ғана алуға мүмкіндігі бар.

«Бүгін Елбасының бір нұсқауы бойынша ұзартылған карантин үшін төлем міндетті түрде беріледі. Бірақ бұл соманың жартысы - 21 250 теңге. Біздің азаматтарымыз бұл соманы міндетті түрде алады», - деді премьер-министрдің орынбасары.


Кімдер үміткер бола алады 

1) мемлекеттік заңды тұлғалардың (шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлерінен басқа), сондай-ақ акциялары мен жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің 100% - ы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың, екінші деңгейдегі банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың және олармен үлестес заңды тұлғалардың қызметкерлерін қоспағанда, жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлер;

2) жеке кәсіпкерлер;

3) жеке практикамен айналысатын адамдар;

4) нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар;

5) бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар.

Еске салайық, 30 шілдедегі жағдай бойынша шілде айындв 42 500 теңге төлемі 2 миллион 80 мың адамға тағайындалды. Ал әзірге төлем 2 миллион 58 мың қазақстандыққа аударылды. 


Бұдан бөлек вице-премьер Ералы Тоғжанов қазақстандықтарды карантин талаптарын сақтауға шақырды, себебі сарапшылардың сөзінше, вирустың алдын алудың 70 пайызы азаматтардың мінез-құлқына байланысты.

«Егер мемлекет азаматтары коронавирустың таралмауына, алдын алуға өз үлесін қоспаса, мемлекет те, дәрігерлер де, қоғам да коронавирусты жеңе алмайтындығын түсіну керек. Қазақстандықтардың денсаулығы - мемлекет пен әр азаматтың бірлескен жауапкершілігі. Мемлекет қабылдаған шаралар жеткіліксіз. Біздің сарапшылардың айтуынша, коронавируспен күрес кезінде оң нәтижеге жетудің 30 пайызы дәрі-дәрмектің сапасына байланысты. Ал қалған 70 пайызы қазақстандықтардың мінез-құлқына, бетперде режимін, жеке гигиена мен әлеуметтік қашықтықты сақтауына байланысты. Үйден тыс жерлерде бетперде кию инфекцияның таралуын 30 пайызға азайтады», - деді вице-премьер.

Барлық жаңалықтар