2020 жылы жаһанды жайлаған коронавирус Қазақстанды да айналып өтті. Елімізде аталған індет 13 наурызда анықталып, көп ұзамай республиканың басқа аймақтарынан да тіркеле бастады.
15 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Төтенше жағдай 16 наурыз сағат 08:00-ден бастап 15 сәуір сағат 07:00-ге дейін созылады деп шешілді. 19 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин енгізіліп, адамдардың кіріп-шығуы шектелді.
Сауда орындары жабылып, тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар өз жұмысын жалғастырды. 22 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтанда блокбекеттер қойылып, шығатын жолдар толығымен жабылды, әуе және теміржол қозғалысы тоқтатылды.
Кейін төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін созылып, карантин режимін біртіндеп жеңілдету туралы шешім қабылданды. Елдегі жағдайдың тұрақтануына байланысты 1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары арасындағы әуе қатынасы жанданды. 1 маусымға қараған түні Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы блокбекеттер алынды. Кейін карантин шаралары біртіндеп жеңілдетілді, дегенмен ел азаматтары бірқатар санитарлық нормаларды сақтауға міндеттелді.