• usd 0.00%
    426.99
  • eur 0.00%
    514.35
  • rub 0.00%
    5.72
  • gbp 0.00%
    594.2
  • cny 0.00%
    65.96
12.04.2021 17:58:43

Төрағаның пайымынша, биылғы бiрiншi тоқсандағы жаһандық қаржы және тауар нарықтарындағы белгiсiздiк пандемияның үшiншi толқынының басталуына, жаңа, барынша агрессивтi COVID-19 штамдарының пайда болуына, сондай-ақ вакциналардың өндiрiсi мен таралуының шектеулi болуына байланысты өстi. Халықты вакцинациялау қарқыны әлемдiк экономиканы қалпына келтiрудiң басты шартына айналды.

«Израиль, АҚШ, Ұлыбританияны қоса алғанда, дамыған елдер жаппай вакцинацияны бiрiншi болып бастады, аурудың төмендеуiн тiркеп, қатаң шектеулердi бiртiндеп алып тастады. Израиль басқа елдерден озып, биылғы жылғы сәуiрде ересек тұрғындардың вакцинациялануын аяқтауды жоспарлап отыр», - деп атап өттi Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, вакциналау қарқыны бойынша дамушы елдер дамыған елдерден айтарлықтай артта қалып отыр, бұл әлемдiк экономиканың бiркелкi қалпына келуiне кедергi келтiредi. Вакцинациямен iлгерiлеу есебiнен дамыған елдер рецессиядан бiрiншi болып шығады және әлемдiк экономиканың өсу драйверлерiне айналмақ дедi ол.

«Халықаралық валюта қоры сәуiрдегi баяндамасында әлемдiк экономиканың өсiмi бойынша болжамды 2021 жылы 5,5%-дан 6%-ға дейiн жақсартты, оның iшiнде дамыған елдер бойынша – 4,3%-дан 5,1%-ға дейiн, дамушы елдер бойынша – 6,3%-дан 6,7%-ға дейiн жақсартқан. Қазақстан бойынша Халықаралық валюта қоры 3,2% деңгейiнде өсiмдi күтуде, бұл алдыңғы болжамнан 0,2 пайыздық тармаққа жоғары», - дедi Ұлттық банк төрағасы.

Биылғы жылғы наурызда жаһандық экономикалық белсендiлiк индексiнiң 53,2 тармақтан 54,8 тармаққа дейiн өсуi - әлемдiк экономиканың қалпына келу белгiлерiн растайды, бұл соңғы 6,5 жылдағы ең жоғары көрсеткiш болып отыр.

Ал, Қазақстандағы iскерлiк белсендiлiк индексi 2019 жылғы желтоқсаннан бастап құрылыстағы белсендiлiктiң төмендеуi кезiнде көрсетiлетiн қызметтер мен өнеркәсiп секторындағы көрсеткiштiң жақсаруы есебiнен 49,0-ден 50,6-ға дейiн ұлғайып, алғаш рет өсiм көрсеткен.

Сонымен қатар, төрағаның сөзiнше, жаңа шектеулердi енгiзу iскерлiк белсендiлiкке әсер еттi және Ұлттық банктiң бағалауы бойынша, Қазақстан экономикасының өсуiн 2021 жылы 3,2%-ға дейiн 0,5 пайыздық тармаққа баяулатуы мүмкiн.

Инфляция

Оның мәлiметiнше, биыл наурызда нан-тоқаш өнiмдерi, ет, қант және жемiс-көкөнiс өнiмдерi бағасының баяу өсуi аясында азық-түлiк инфляциясының 11,6%-дан 10,7%-ға дейiн баяулауы есебiнен инфляция 7,4%-дан 7,0%-ға дейiн баяулаған. Азық-түлiкке жатпайтын инфляция өндiрушiлер бағасының өсуiне байланысты бензин бағасының күрт өсуi нәтижесiнде 5,2%-дан 5,6%-ға дейiн жылдамдаған.

Ал, ақылы қызметтердiң инфляциясы 3,9%-дан 3,7%-ға дейiн баяулап, бұл тұрғын үй-коммуналдық қызметтердiң жекелеген түрлерiне тарифтердiң төмендеуiне алып келдi.

«2021 жылдың соңына қарай инфляция 4-6% нысаналы дәлiздiң жоғарғы шегiне дейiн төмендейдi деп күтiлуде», - дедi банк төрағасы.

Азық-түлiк инфляциясы

Ерболат Досаевтың сөзiнше, биыл наурызда азық-түлiк инфляциясының бәсеңдеуiне қарамастан, ол бұрынғысынша екi таңбалы өсу аймағында сақталуда. Азық-түлiкке шектеулi ұсыныс пен әлемдiк азық-түлiк нарықтарындағы бағаның өсуi аясында жекелеген азық-түлiк өнiмдерiнiң қымбаттауы байқалады. Азық-түлiк инфляциясына май, қант, жұмыртқа, жемiстер мен көкөнiстердiң үлесi 35%-дан асады.

«Азық-түлiк инфляциясының баяулауына қарамастан, азық-түлiктiң әлемдiк бағасының қымбаттауына байланысты жекелеген тауарлар бағасының жоғары өсу тәуекелi сақталуда», - дедi ол.

Оның айтуынша, ФАО деректерi бойынша азық-түлiк бағаларының индексi 10 ай қатарынан өсiп келедi және биылғы наурызда өсiмдiк майларына, дәндi дақылдарға, сүт өнiмдерiне және қантқа бағаның өсуi нәтижесiнде 2014 жылғы маусымнан бастап ең жоғары мәндерге жеттi.

«Азық-түлiкке әлемдiк бағалардың ағымдағы серпiнi сақталған кезде iшкi тұтыну нарығында проинфляциялық тәуекелдер күшейе түседi. Осылайша, азық-түлiк инфляциясын тұрақтандыру 2021-2022 жылдары инфляцияны белгiленген дәлiзде ұстап тұрудың негiзгi факторы болып табылады», - деп толықтырды ол.

Айырбастау бағамы

Ерболат Досаевтың мәлiметiнше, биыл наурызда теңгенiң айырбастау бағамы бiрқатар себеппен бiр АҚШ доллары үшiн 424,97 теңгеге дейiн, яғни 1,9%-ға әлсiреген.

«Бiрiншiден, биылғы жылғы наурызда мұнай бағасы бiр баррель үшiн 63,54 АҚШ долларына дейiн 3,9%-ға төмендедi. Вакцинациялау қарқынының төмендеуiне, жаңа, агрессивтi COVID-19 штамдарының пайда болуына және барынша қатаң оқшаулау шараларына оралуға байланысты тәуекелдер энергия тасымалдаушыларға сұранысты қалпына келтiру бойынша инвесторлардың күтулерiне әсер еттi»,- дедi ол.

ҚРҰБ-ның дерегiнше, биыл наурыздың қорытындысы бойынша, АҚШ-тағы мұнай қоры да артқан. Биылғы 1 сәуiрде ОПЕК+ мұнай өндiруге арналған квотаны мамырда тәулiгiне 350 мың баррельге, маусымда да сол деңгейге және шiлдеде 450 мың баррельге бiртiндеп ұлғайтуды шештi.

«Екiншiден, АҚШ қазынашылық облигациялары кiрiстiлiгiнiң өсуi аясында доллар дамушы нарықтардың валюталарына қатысты нығаюда. Нәтижесiнде түрiк лирасы 11,1%-ға, Индонезия рупиясы – 2,0%-ға, Ресей рублi – 1,6%-ға әлсiредi. Бұл ретте, санкциялар тәуекелдерiнiң күшеюi жалпы үрдiстерден басқа Ресей рублiнiң терiс динамикасына ықпал еттi», - дедi банк төрағасы.

Бұл жағдайда республикалық бюджетке трансферттер бөлу шеңберiнде Ұлттық қор активтерiн конвертациялау мен квазимемлекеттiк сектор компанияларының экспорттық валюта түсiмiнiң бiр бөлiгiн сатуы теңгеге қолдау көрсеткен. 

Наурызда ҚР мемлекеттiк бағалы қағаздарына шетел инвестицияларының ағыны айтарлықтай баяулаған және биылғы ақпандағы 178 млрд теңгемен және қаңтардағы 174 млрд теңгемен салыстырғанда 18 млрд теңгенi құраған.

Төлем балансы

Оның айтуынша, 2020 жылы төлем балансының ағымдағы шоты алдын ала бағалау бойынша (-)5,9 млрд АҚШ долларымен салыстырғанда соңғы деректер бойынша (-)6,3 млрд АҚШ долларымен қалыптасқан. Сауда балансының профицитi 2019 жылы 18,1 млрд АҚШ долларымен салыстырғанда 2020 жылы 10,5 млрд АҚШ долларына дейiн 42,1%-ға төмендедi. Тауарлар экспорты 19,7%-ға немесе 11,5 млрд АҚШ долларына қысқарған. Ал, тауарлар импорты 9,6%-ға немесе 3,8 млрд АҚШ долларына қысқарды.

«Негiзгi сауда серiктестерiне ЕО елдерi, Ресей және Қытай жатады. Сонымен қатар, импорттың негiзгi көлемi Ресейден келедi, оның үлесiне 34,9% тиесiлi. Ресейден азық-түлiк импорты 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 8,4%-ға ұлғайып, 1,9 млрд. АҚШ долларын құрады. Ресейдiң азық-түлiк тауарларын импорттаудағы үлесi 2000 жылдан берi алғаш рет 50% шегiнен асып, 2020 жылы 50,7%-ға жеттi», - дедi ҰБ төрағасы.

Оның пiкiрiнше, жергiлiктi өндiрiс үшiн iшкi ресурстар болған жағдайда, Ресейдiң тауарлар импортындағы жоғары үлесi төлем балансына қысым жасайды. Осы жағдайларда импортқа базалық тәуелдiлiктi төмендету үшiн iшкi өндiрiстi ынталандыру, оның iшiнде өңiрлiк өндiрiстiк орындарға енгiзу шеңберiнде ынталандыру және кейiннен импортқа тәуелдiлiктi төмендету шараларының кешенiн қабылдау қажет.

Ұлттық қор

ҰБ-ның дерегiнше, Ұлттық қордың активтерi қорға қаражат түсiмдерiн бөлудiң асып кетуiне байланысты бiр айда 523 млн АҚШ долларына төмендеп, биылғы наурыздың соңында 57,1 млрд АҚШ долларын құрады.

«Биылғы наурызда нысаналы және кепiлдiк берiлген трансферттердi 322 млрд. теңгеге немесе 765 млн. АҚШ доллары көлемiнде бөлу үшiн 695 млн АҚШ доллары сатылды. Ұлттық қорға наурызда түскен түсiмдер барлығы 65 млрд теңгенi, оның iшiнде шетел валютасында 100,6 млн немесе 42,7 млрд теңгеге тең балама мөлшердi құрады», - дедi ол.

Ұлттық қордың бiр айдағы оң инвестициялық кiрiсi

72 млн АҚШ доллары немесе 0,13% болған. Сонымен қатар, биыл 1-тоқсанда инвестициялық табыс -182 млн АҚШ долларын құраған. Акциялардың өсуi, сондай-ақ облигациялар мен алтынның оң түзетiлуi аясында инвестициялық табыс жыл басынан бастап 9 сәуiрге дейiн өстi және 580 млн АҚШ доллары болған.

Алтынвалюта резервтерi

Алтынвалюта резервтерi биылғы наурызда 33,54 млрд АҚШ долларынан 1,13 млрд АҚШ долларына төмендедi, резервтердiң 70%-дан астамының құлдырауы алтын құнының бiр унция үшiн 1765 доллардан 1685 долларға дейiн немесе 4,5%-ға төмендеуi аясында алтын портфелiн қысқартуға тура келдi. Алтын жоғары құбылмалылықты көрсетiп, сәуiрдiң басынан бастап алтын бағасы бiр унция үшiн 1744 долларға немесе 3,5%-ға дейiн өстi, бұл алтын портфелiн 756 млн. АҚШ долларына қалпына келтiрудi қамтамасыз еттi.

«Биылғы наурызда еркiн айырбасталатын валютадағы активтердiң төмендеуi, оның iшiнде екiншi деңгейдегi банктердiң еурооблигацияларын өтеуге, сондай-ақ жобаларды Мемлекетаралық Банктiң қаржыландыруына байланысты Ұлттық Банк клиенттерiнiң коршоттардағы қаражаты мен салымдарының 335 млн. АҚШ долларына төмендеуi есебiнен 317 млн. АҚШ долларын құрады. Мемлекеттiк борыш төлемi 72 млн АҚШ доллары болды», - дедi ол.

Нәтижесiнде, биылғы жылғы наурызда жалпы халықаралық резервтер 90,64 млрд АҚШ долларын құраған.

БЖЗҚ зейнетақы активтерi

Ерболат Досаевтың айтуынша, БЖЗҚ зейнетақы активтерi биыл жыл басынан бері халықтың қаражатты мерзiмiнен бұрын алуына байланысты 0,3 тлрн. теңгеге немесе 12,6 тлрн. теңгеге дейiн 2,3%-ға төмендеген. Салымшылар енгiзген зейнетақы жарналарының көлемi 299,1 млрд. теңгенi, зейнетақы төлемдерi – 77,1 млрд. теңгенi құрады.

«Биыл жыл басынан бастап есептелген инвестициялық табыстың мөлшерi 367,2 млрд. теңгенi құрады. Биылғы бiрiншi тоқсанның қорытындысы бойынша, инфляция 1,9% кезiнде 2,8% мөлшерiнде кiрiстiлiк алынды. Инвестициялық қызмет, сондай-ақ зейнетақы активтерiн нарықтық және бағамдық қайта бағалау нәтижесiнде нақты кiрiстiлiк қамтамасыз етiлдi», - дедi ҰБ төрағасы.

Азаматтардың зейнетақы жинақтарын пайдалануы

ҰБ-ның дерегiнше, биылғы 9 сәуiрдегi жағдай бойынша, 1,0 тлрн теңгеден аса сомаға салымшылардың зейнетақы жинақтарын мерзiмiнен бұрын алу бойынша 210,8 мың өтiнiштерi орындалған. Алынған жинақтардың 99,4%-ын азаматтар тұрғын үй мәселелерiн шешуге жұмсады.

«4 басқарушы компанияның сенiмгерлiк басқаруына 2,5 млрд. теңгеге зейнетақы жинақтары берiлдi. Өңiрлер бойынша бөлуде Маңғыстау облысының, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының үлесiне барлық алып қоюлардың 60,2%-ы тиесiлi болды», - дедi Ерболат Досаев.

Депозиттер

ҰБ дерегiнше, жыл басынан берi банк жүйесiндегi депозиттер 22,5 тлрн. Теңгеге дейiн, яғни 2,1%-ға ұлғайды, оның iшiнде ұлттық валютада – 3,9%-ға немесе 14,4 тлрн. теңгеге дейiн 535,0 млрд. теңгеге, шетел валютасында 0,9%-ға немесе
8,2 тлрн. теңгеге дейiн 77,5 млрд. теңгеге азайған.

Депозиттердiң долларлану деңгейi 2021 жылғы ақпанда 2013 жылдан бергi ең төменгi мән 36,2%-ға жетiп, төмендеу жалғасып жатыр.

Дағдарысқа қарсы iс-шаралар

Сонымен қоса, Ерболат Досаев экономиканы қолдау үшiн Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын iске асыру жалғасып жатқанын атап өттi.

1.     «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы

«Аталған бағдарлама бойынша биылғы 9 сәуiрдегi жағдай бойынша екiншi деңгейдегi банктерге 1,1 тлрн. теңгеге 1 472 өтiнiм келiп түстi, банктер 607,3 млрд. теңгеге 874 қарыз бердi», - дедi ол.

2.     Кәсiпкерлiк субъектiлерiн жеңiлдiкпен кредиттеу бағдарламасы

Сонымен қоса, Кәсiпкерлiк субъектiлерiн жеңiлдiкпен кредиттеу бағдарламасы бойынша биылғы жылдың 9 сәуiрде кәсiпкерлер 745,6 млрд. теңгеге 2 956 өтiнiм бердi, 751,2 млрд. теңгеге 7 532 қарыз берiлдi, оның iшiнде бұрын берiлген қарыздарды өтеуден түскен ақша есебiнен 178,9 млрд. теңгеге 2 863 қарыз берiлген.

Ал, 2021 жылғы 2-тоқсанда қаражатты толық игеру күтiлуде, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 800 млрд. теңгеге 8 500 жобаны қаржыландыру күтiлуде.

3.     «7-20-25» бағдарламасы

«7-20-25» бағдарламасы бойынша 2021 жылғы 8 сәуiрде 681,3 млрд. теңгеге 56 994 өтiнiм қабылданып, оның iшiнде 308,8 млрд. теңгеге 26 010 қарыз берiлдi», - дедi Ерболат Досаев.

4.     «Баспана Хит»

«Баспана хит» нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша, 2021 жылғы 8 сәуiрде 1,1 тлрн. теңгеге 119 103 өтiнiм алынды, 451,3 млрд. теңгеге 50 109 қарыз берiлдi. Бағдарламаны қаржыландыруды 600 млрд. теңгеге дейiн ұлғайтуды ескере отырып, оның игерiлуiн 2021 жылдың соғына дейiн аяқтау күтiлуде.

Ұлттық төлем жүйесiн құру

Бұдан бөлек, ҰБ төрағасы Ұлттық Банк нарықпен бiрлесiп екi негiзгi құрамдас бөлiктен тұратын Ұлттық төлем жүйесiн құру бойынша жұмысты жалғастырып жатқанын еске салды.

«Мезеттiк төлемдер жүйесiн дамыту үшiн қажеттi нормативтiк-құқықтық база қалыптастырылды, ол жүйенiң мәртебесi мен қызмет ету ерекшелiгiн анықтайды. Нарық қатысушыларымен бiрге сәйкес Жол картасы бекiтiлдi, түрлi клиент категориялары арасында төлем жасау сценарийлерi айқындалды», - дедi ол.

Қазiр Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттiк органдармен бiрлесiп осы жүйенiң негiзiнде азаматтардың әлеуметтiк әмиянын енгiзу және қолдану үшiн пилоттық жобаны ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргiзiлуде. Жүйенi пилоттық енгiзу ағымдағы жылдың 4 тоқсанына жоспарланған.

Ел iшiнде төлем карточкалары бойынша операцияларды өңдеу үшiн банкаралық жүйесiн қалыптастыру шеңберiнде нарық қатысушыларымен бiрге сәйкес Жол картасы бекiтiлдi. Жүйенiң жұмысына функционалды және техникалық талаптар әзiрлендi.

Сондай-ақ, ол Қазақстанның жергiлiктi жүйесiмен өзара iс-қимыл моделiн анықтау бойынша халықаралық төлем жүйелерiмен келiссөздер жалғасып жатқанын, Ұлттық Банк келiп түскен ұсыныстарды ескере отырып, жергiлiктi жүйе жұмысының неғұрлым тиiмдi тетiгiн айқындайтынын атап өттi.


Back to the list