• usd 0.00%
    426.99
  • eur 0.00%
    514.35
  • rub 0.00%
    5.72
  • gbp 0.00%
    594.2
  • cny 0.00%
    65.96
12.04.2021 15:20:35

Экстремизм сөз латынның extremus деген сөзінен шығады. Мағынасы саяси, экономикалық, идеологиялық, әлеуметтік, діни т.б. мақсаттарға тыйым салынған жолдар арқылы қол жеткізу дегенге саяды. Ал терроризм латынның terror, яғни қорқыныш деген сөзінен пайда болып, экстремизмнің соңғы нүктесі, атап айтқанда адамдарды қорқытып-үркіту, олардың денсаулығына, өміріне қауіп төндіру арқылы өз мақсатына жету әрекетін білдіреді.

«Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының № 31 Заңында экстремизмге мынадай сипат, анықтама берілген:

- жеке және (немесе) заңды тұлғаның, белгiленген тәртiппен экстремистiк деп танылған ұйымдар атынан жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестiгiнiң әрекеттер ұйымдастыруы және (немесе) жасауы;

- Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертудi, егемендiгiн, оның аумағының тұтастығын, қолсұғылмаушылығын және бөлiнбестігiн бұзуды, мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiрудi, билікті күшпен басып алуды немесе билікті күшпен ұстап тұруды, заңсыз әскерилендiрілген құралым құруды, оған басшылық жасауды және қатысуды, қарулы бүлiк ұйымдастыруды және оған қатысуды, әлеуметтік, тектiк-топтық алауыздықты қоздыруды (саяси экстремизмдi);

- нәсілдiк, ұлттық және рулық алауыздықты, оның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруды (ұлттық экстремизмдi);

- дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты, оның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты өшпенділікті немесе алауыздықты қоздыруды, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни практиканы қолдануды (дiни экстремизмдi) көздейтiн әрекеттер ұйымдастыруы және (немесе) жасауы.

Ал «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының N 416-I Заңында «Күш қолдану идеологиясы және халықты үрейлендіруге байланысты және жеке адамға, қоғам мен мемлекетке залал келтіруге бағытталған күш қолдану және (немесе) өзге де қылмыстық әрекеттерді жасау не жасаймын деп қорқыту жолымен мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына әсер ету практикасы терроризм» екендігі туралы анықтама берілген.

Экстремизмнің түрі, бағыты бірнеше. Олардың негізгілері ретінде ұлттық, саяси және діни мақсатты көздейтін жымысқы әрекеттерді атауға болады. Ұлттық экстремизм деп өз ұлтын «сақтау», оның мәдени, экономикалық құндылықтарын «қорғау» сылтауымен өзгелердің құндылықтарына зиян тигізу, қауіп төндіру әрекеті танылады. Ал саяси экстремизм ретінде қоғамдық заңдылықтар негізінде қалыптасқан жүйені күшпен алмастыруды көздейтін әрекеттер саналады. Әлемде, оның ішінде Қазақстанда кең таралған және көп айтылатын діни экстремизм түріне діни қағидалар аясында өзге дін немесе сенім өкілдеріне, сондай-ақ дінге сенбеуші азаматтарға өз сенімін күшпен тықпалау немесе соған сәйкес әрекеттерге бару іс-қимылы жатады.

Терроризмнің де бірнеше түрі бар. Оның ішінде этникалық терроризм адамның ұлтына, этникалық түріне қарсы жасалған қылмыс түрі. Мұны кейде нәсілшілдік пиғылының нәтижесі деп те атап жатады. Этникалық терриризмге күрдтердің Түркиядағы, шешен содырларының Ресей аймағындағы бірнеше террорлық актілері т.б. мысал бола алады. Діни терроризмге діни идеологияның ықпалымен өзге дін өкілдеріне немесе мемлекеттік құрылымдық жүйелерге қарсы радикалды іс-қимыл түрі жатады. Бұған Қазақстанда да орын алған бірнеше радикалды топтардың құқық қорғау органдарымен арада болған қарулы қақтығыстарын мысал ретінде атап көрсетуге болады. Діни терроризм түріне діни канондарды бұрмалау арқылы адамдарды радикалдандыру және осы әрекетпен жұрт арасында дүрбелеу туғызу, жазсықсыз жандардың жанын қию әрекеттері жатады. Терроризмнің сондай-ақ криминалдық және идеологиялық түрлері де бар.

Төмендегі статистикада әлемде жыл сайын орын алып отырған террористік актілер туралы мәлімет келтірілген.

 

Бұл статискаға қарап, әлемде терроризммен күрес қаншалықты қарқынды болғанымен, террорлық актілердің де айтарлық азайып отырмағанын байқауымызға болады. 2006-2019 жылдар аралығында әлемде орын алған террористік актілер салдарынан он мыңдаған адам қаза тауып отырған. Мысалы, тек 2019 жылдың өзінде әлемде 8300 террористік акт жасалып, салдарынан 25 082 адам қаза тапқан. Өзге жылдардың статисткасы да осыған ұқсас екенін айта кеткен жөн. Оны жоғарыда берілген статистикадан көре аласыздар.

Өкінішке орай, террористік актілердің құрбанына көбінесе бейбіт тұрғындар, жас балалар айналуда. Қазіргі таңда түрлі саяси, әлеуметтік, экономикалық, идеологиялық діни себептерге байланысты террористік шабуыл жасалатын мемлекеттер мен жекелеген өңірлердің индексі жасалуда. Төмендегі кескіннен террористік актілердің 2020 жылғы елдер арасындағы салыстырмалы көрсеткішін көрулеріңізге болады.

Индекстен байқағанымыздай террорлық актілер жиі ұшырасатын мемлекеттердің көпшілігі экономикалық жағдайы тұралаған немесе саяси-әлеуметтік жағдайы сын көтермейтін, тұрақсыз елдер немесе түрлі этникалық-діни топтардың мүдде қақтығысы бар елдер қатарында. Сондай-ақ, кейде мұндай елдер қатарында экономикасы дамыған, қандай да бір террорлық топтардың дұшпанына айналған жекелеген мемлекеттер де кіріп жатады.


Кестеден байқағанымыздай, терроризм әлемнің барлық бөлігінде бар және оның кез келген уақытта орын алу ықтималдығынан ешбір мемлекет сақтандырылмаған. Бүгінгі таңда экстремизм де, терроризм де халықаралық деңгейде ауыр қылмыс қатарына енгізілген.

Қазақстанда экстремизм мен терроризммен күреске айрықша көңіл бөледі. Елімізде экстремизмнің діни сипаттағы бағыты кеңірек таралып, мемлекеттік деңгейде түрлі шулы оқиғалардың себебі де болғанын жақсы білеміз.

Қазіргі таңда Қазақстан аумағында тиым салынған террористік құрылымдардың ұлттық тізіміне келесі шетелдік ұйымдар енгізілген:

І. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 15 қазандағы шешімі негізінде:

1. «Аль-Каида»

2. «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс»

3. «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс»

4. «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел»)

ІІ. Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес:

5. «Асбат аль-Ансар»

6. «Братья-мусульмане»

7. «Талибан» қозғалысы

8. «Боз гурд»

9. «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер»

10. «Лашкар-е-Тайба»

11. «Әлеуметтік реформалар Қоғамы»

ІІІ. Нұр-Сұлтан қаласы сотының 2005 жылы 28 наурыздағы шешіміне сәйкес:

12. «Хизб-ут - Тахрир» ұйымы

ІV. Нұр-Сұлтан қаласы сотының 2006 жылы 17 қарашадағы шешіміне сәйкес:

13. «АУМ Синрикё»

14. «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы»

V. Нұр-Сұлтан қаласы сотының 2008 жылғы 5 наурыздағы шешіміне сәйкес:

15. «Түркістан ислам партиясы».

VІ. Атырау қаласы сотының 2011 жылғы 25 қазандағы шешіміне сәйкес:

16. «Джунд-аль-Халифат»

VII. Шығыс Қазақстан облысы арнайы ауданаралық экономикалық сотының 2012 жылғы 7 маусымдағы шешіміне сәйкес:

17. РҚБ «Сенім. Білім. Өмір»

VIII. Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2013 жылғы 26 ақпандағы шешіміне сәйкес:

18. «Таблиги джамагат»

IX. Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2014 жылғы 18 тамыздағы шешіміне сәйкес:

19. «Ат-такфир уаль-хиджра»

X. Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы сотының 2015 жылдың 15 қазан айында қабылданған шешіміне сәйкес:

20. «Ислам мемлекеті» (ДАИШ)

21. «Ан-Нусра фронты»

22. «Йакын Инкар» Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы сотының 2018 жылғы 10 қазандағы шешіміне сәйкес экстремистік ұйым болып табылды.

Айта кету керек, терроризм әдетте бір мемлекеттің аумағымен ғана шектелмейді. Бұл ретте, Қазақстанға келген экстремистік топтардың, идеялардың артында Ауғанстан, Пәкістан және Кавказдағы кейбір елдердегі діни, саяси радикалды топтар жатқанын айта кеткен жөн. Қазақстан заңымен тыйым салынған біраз ұйым елімізде нақты төбе көрсетпегенімен, Қазақстан әріптестік танытқан немесе шекаралас орналасқан мемлекеттердің аумағында тыйым салынған қауіпті ұйымдар болғандықтан тізімге енді. Алайда Хизб-ут – Тахрир, Таблиғи жамағат, Джунд-аль-Халифат, Ислам мемлекеті, Ат-такфир уаль-хиджра сияқты ұйымдар жоғарыда аталған аталған елдерден бастау алатын идеология екендігі баршамызға белгілі жайт. Діни идеологиямен санасы уланып, отбасын ертіп Сириядан шыққан Қазақстан азаматтары аз болған жоқ. Қазақстан қауіпсіздік қызметтері ұйымдастырған «Жусан» операциясының арқасында олардың көпшілігі елімізге қайтарылды. Олардың барлығы қайта реабилитациялаудан өткізіліп, қылмысы дәлелденгендері ел заңына сәйкес сотқа тартылып, жазасын өтеу орындарына жабылды.

Сондай-ақ, көп жылдан бері Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шаралары ұйымы сияқты халықаралық ұйымдар аясында терроризмнің халықаралық деңгейдегі таралуына қарсы операцияларға ұдайы қатысуда. Ирактағы соғыста қазақстандық Қазбат сарбаздары да қатысып, жарылғыш заттарды залалсыздандыру жұмыстары атсалысты.

Терроризммен күрес кешенді түрдегі операциялар арқылы іске асады. Мысалы террористік ұйымдардың көпшілігі есірткі саудасы арқылы қаржыландырылып отырады. Сондықтан терроризммен күрестің маңызды бөлігі халықаралық есірткі саудасын тоқтату амалдарында жатыр. Оның ішінде Қазақстан аумағы Ауғанстаннан Еуропаға тасымалданатын есірткінің негізгі транзит жолдарының бірі саналатындықтан біздің елімізге осы бағыттағы жұмыстарды үнемі дамытып, қауіпсіздік шараларын ұдайы күшейтіп отырғаны абзал.

Қазақстанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті жетекшілік ететін Терроризмге қарсы орталық, жергілікті атқарушы органдар жанында облыс және қала әкімдері төрағалық ететін Терроризмге қарсы комиссиялар қызмет етеді. Аталған құрылымдарға елдегі мүдделі мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар енгізіліп, мемлекет аумағындағы радикалды экстремизмнің алдын алу, профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде іске асыру, террористік іс-әрекеттерге қарсы қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру сынды маңызды жұмыстарды үйлестірумен айналысады. Аталған құрылымдардың жұмысы көзге көрініп, БАҚ беттерінше ашық жазылмағанымен, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында маңызды бастамалар мен іс-шаралардың ұйытқысы болуда.

Қорыта келгенде, бір ұлттың емес тұтас әлемнің бас ауруына айналған экстремизм мен терроризммен күрес еш уақытта толастамақ емес. Өйткені бұл жұмыстың астарында әлемдегі ең басты құндылық – адамның өмірі, оның бостандығы мен қауіпсіздігі жатыр.


Back to the list