• usd 0.00%
    426.99
  • eur 0.00%
    514.35
  • rub 0.00%
    5.72
  • gbp 0.00%
    594.2
  • cny 0.00%
    65.96
08.04.2021 15:31:46

Расул Берекетұлы, жер мәселесіне қатысты туындаған дауды шешуде өзіңіз мүшелік ететін жер комиссиясының рөлі қандай болмақ?

Жер дауына қатысты мәселе 2016 жылдан бастау алады. Жер әр халық үшін өзекті тақырып. Ешбір халық ата-бабасынан қалған жердің көрінгенннің қолында кеткенін қаламайды. Бұған дейін Үкімет Жер Кодексіне жерді шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға береміз немесе сатамыз деген сияқты өзгерістерді енгізбекші болған. Бұл өзгерістер халықтың наразылығын тудырып, арты шерулерге ұласқаны бәрімізге белгілі. Сол өзгерістерге мораторий жарияланды. Сол кезде алғашқы жер комиссиясы құрылған болатын. Қоғамның белсенді өкілдері комиссия құрамына еніп, біраз мәселелерді көтерді. Толық шешіп тастамаса да бірқатар өзекті мәселелерді шешті. Негізгі мәселе – шетелдіктерге ешбір жағдайда жерді бермейтіні немесе шетелдік үлесі бар компанияларға сатылмайтыны туралы Заңға енген өзгеріс. Бұған дейін жер комиссиясына қатысты сыни әңгімелер айтылғанымен, 2016 жылдан бері жұмыс істеген жер комиссиясының үлкен жетістігі осы. Жабық есік жағдайында жерді беру туралы шешімді қабылдай салмай, азаматтық қоғамдық пікірге құлақ асып, мораторий жариялауы бұл, әрине, жеңіс. Егер сол өзгерістер ешкімнің пікіріне құлақ аспай қабылданғанда, саяси, әскери, экономикалық тұрғыдан өте қауіпті шешім болар еді.

Биыл құрылған жер комиссиясының құрамына қалай кірдіңіз? Өзіңіз ниет білдірдіңіз ба?

Президенттің шешімімен биыл жер комиссииясы қайта құрылды. Құрамына Үкімет мүшелерінен бөлек қоғам белсенділері де енді. Ішінде мен де бармын. Ауыл шаруашылығы министрлігінен ұсыныс келіп түскеннен кейін, ойланып, дайын екенімді білдірдім. Сөйтіп, 60 шақты адам комиссия құрамына бекітілдік. Түрлі саланың мамандары, аграрлық сектордың өкілдері, депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер бірлесіп, жер мәселесіне қатысты мәселелерді талқылап, ұсыныстар айтып жүрміз.

Комиссия құрамына қоғам белсенділерін, саясаттанушыларды, заңгерлерді, экономистерді қосудың қандай артықшылары бар?

Жер мәселесіне келгенде, түйткілдер өте көп. Оны шешуді тек Үкіметтің, министрліктердің құзырына беріп қойып, «жабық есік» артынан шешім қабылдау қате болар еді. Қоғам алдында талқыға шығарып барып, шешім қабылдау біраз қателіктің алдын алары сөзсіз. Мәселен, олигархтың мудделеріне оң шешілетін шешімдердің қабылданбауы сияқты қателіктерге жол берілмейді. Жер комиссияның құрамына қатысты пікірлер айтылып жатыр. Олардың ішінде сыни пікірлер, теріс көзқарастар да бар. Құрамы керемет болмаса да, комиссияның болғаны дұрыс. Жекелеген тұлғаларға қатысты наразылық болса, қоғам белсенділері ашық түрде дәлелдермен, дәйектермен наразылық білдіруіне болады. Мысалы, Расул Жұмалы ұнамайды, комиссия құрамынан алынып тасталсын деп фактілермен келтірсе болады. Меніңше, комиссия құрамы қатып қалған тізім емес, қоғам тарапынан дәйекті ұсыныс болса, өзгертуге болады. 2016 жылы кей азаматтардың жер комиссиясы құрамына енбей қалуына байланысты наразылықтар болған. Макс Бокаев сияты азаматтардың жер комиссиясы құрамында болу керек деген ұсынысты мен де білдіргенмін.

Алғашқы отырыста ең ұзақ талқыланған мәселе шаруашылық жерлерін жеке меншікке беру немесе жалға беру туралы болды. Сіздің пікіріңіз қандай?

Меніңше, негізгі мәселе – жерді ұзақ мерзімге жалға беру тәртібін жасау керек. Жер жеке меншікке берілу керек пе? Бұл өте тағдырлы әрі күрделі мәселе. Бұл ретте комиясия мүшелері екі топқа бөлінді: даттаушылар және жақтаушылар. Сөз сөйлегендердің әрқайсысы өз позицияларын түрлі уәждермен қорғады. Бәрі де өте негізді деп айта аламын. Жеке меншікке берілсе, жердің болашағы қалай болмақ? Жерді меншігіне алған жеке тұлғалар болашақта жерді басқалар сатып кетпей ме, өзі шетел азаматтығын алып кетпей ме деген даулы сұрақтар туындайды. Жер – ата-бабамыздан қалған мирас. Сондықтан мемлекеттің меншігінде қалуы тиіс деген пікір де дұрыс. Ал жалға беру мәселесіне келгенде, жалға алушы ол жерге қалай қарайды? Күтіп, баптай ма, жоқ әлде, қалай-болса солай пайдалана ма? Жалға беру АҚШ, Аустралия және Еуропа елдерінің тәжірибесінде бар. Оларда жер экономикалық айналымда, яғни эконоикалық актив ретінде пайдаланылады. Мұнда жер жеке меншікке берілген. Азаматтар оны еркін пайдалана алады. Оны несиеге кепілдеме ретінде қоя алады. Бұл экономикалық, жауапкершілік алғышарты ретінде қаралады. Жалға алған пәтерге уақытша тұрғындары өз мүлкіндей қарамайды. Сол сияқты жерді жалға алған адамдар «менен кейін шөп өспей қалсын» деген принциппен оны ұқыпсыз пайдалануы мүмкін. Ал жеке меншігіне өткізсе, болашақ ұрпағыма қалады, балалар осы жерде өмір сүреді, кәсіп жасайды деп қарайды. Өйткені, жердің құнарлылығы, инфрақұрылымы, жол, газ, су тарту сияқты жұмыстары бар. Жалға алған кісілер бұл мәселелерге келгенде бас қатырмаулары мүмкін. Бәрібір менікі емес деп. Жалға алу мен жеке меншікке беру арасындағы айырмашылық өте көп. Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, жерді жеке меншікке беру қағидасын тыңғылықты етіп қарау керек. Әрбір майда тетігін ескеру қажет. Ұтымды жолын қарастыру керек деп ойлаймын.

Сіз латифундистер мен 10 сотық жер алу мәселесі туралы жиі айтасыз. Осы ретте нақты ұсыныстарыңыз бар ма?

Латифундистер тақырыбы – жер мәселесінде негізгі тақырыптардың бірі. 90-жылдары қандай да бір жолмен билікке жақын болып, мыңдаған гектар жерді өз меншігіне алған олигархтар мәселесін қарастыру қажет. Оларға қатысты ақпараттар құпия. Сол ақпараттар ашылу керек. Мәселен, жақында Кулагиндердің меншігіндегі 80 мың гектар жер туралы қоғам талқысы болды. Осындай олигархтардың жеке меншігінде жерлер көлемі, қай жерде екені анықталуы тиіс. Жерлер жалға берілсе, қанша гектар берілетіні, қанша жылға берілетіні туралы шектік мөлшері болу керек. Мәселен, бір адамға берілетін жер көлемі 100гектардан аспау керек. Екіншіден, салық мәселесі. Салық түрлері көп. Оның ішінде жағдайды күрделендіретін, бюрократияны көбейтетін салық төлемдері бар. Оларды төлеу немесе шешу жолдары жемқорлыққа әкеледі. Салық төлеу мәселесін оңтайландыру және ашық ету керек. Жерді алған ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарға шаруашылықты дамытуға қолдау көрсету керек. Ол үшін жоғарыда айтқанымдай, салық жүйесін оңтайландыру керек. Көп жағдайда салық төлемдері шаруа иелерін тежейді. Кәсібінің берекесін қашырады. Мемлекет керісінше жер иелеріне, шаруа қожалықтарына қолайлы жағдай туғызу керек. Тағы бір мәселе - субаренда. Бұл да көлеңкелі экономикаға жол берген сала. Осы жағын айқындау керек. Қолданыстағы жерлерді бір жүйеге келтіру керек. Бізде жайылым жерлер, шабынды жерлер, қорыққа өткен жерлер, орманды жерлер, экологиялық мақсатта пайдаланатын жерлер, Ресей полигонына берілген жерлер бар. Оы жерлерге қатысты нормаларды біркелкі ету керек. Заңнама арқылы шектеу мәселелерін жолға қою керек. Жер мәселесін реттейтін он шақты орган бар. Бірі экономикалық, екіншісі экологиялық, үшіншілері инфрақұрылым, ауыл шаруашылық жақтарын қарайды. Соны біркелкі ету керек. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» демекші, белгілі бір мәселені шешуде әр басқарма бір-біріне сілтемей, бір орталықтан жұмыс істеу керек. Мәселен, ауыл шаруашылығына қарасты кешенді агенттік құрылып, негізгі құзыретті сонда беру керек деп олаймын. Ол әрине ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан құрылу керек.

Ал, 10 сотық жерді алуға қатысты қандай қиыншылықтар бар?

10 сотық мәселесі заңмен қарастырылған. Алайда, іс жүзінде бұл жерлерді қарапайым азаматтар ала алмайды. Қателеспесем, 10 сотық жерді алуға кезекте тұрған азаматтар саны – 1,5 млн. Қазақстан дүние жүзінде жер көлемі жағынан 9-орында, ал халықтың тығыздығы жағынан соңғы орында. Бірақ сонда да латифундистерге мыңдаған гектар жер табылып, ал қарапайым шаруамен айналысқысы келетін азаматтарға 10 сотық жер берілмей жатыр. Беріледі десе де, оны алу жолдарын тым күрделі етіп қойған. Су тарту керек, газ жүргізу керек деген сияқты ережелері бар. Осы мәселені заңнама тұрғысынан шешу керек. 10 сотық жерді алу жолы оңтайландырылу керек. 

Мазмұнды сұқбат бергеніңізге рақмет, Расул Берекетұлы! Жер мәселесін шешуде сәтті қадамдар тілеймін.



Back to the list