21.10.2019 14:23:06

Опера өнері мерекесін өткізу орны ретінде қаланың қақ ортасында – Галерный көшесі 33-үйде орын тепкен фон Дервиздің таңғажайып әсем үйі таңдалды, бұл жерде театрымыздың ескі досы, Ресейдің Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, ІІ дәрежелі «Достық» орденінің кавалері Юрий Александровтың жетекшілігімен «Санкт-Петербургъ Опера» Камералық музыкалық театры орналасқан. 

Спектакль билеттері қазақстандық әртістердің келуіне дейін бірақ уақыт бұрын сатылып кеткен.

Билеттің бақытты иелері ләззат алып қана қоймай, сонымен қатар нағыз шаттыққа бөленді! Рококо стиліндегі театр залының тамаша интерьері спектакль декорациясының жалғасына ұласты, ал мүсіндер мен айналардың ортасында отырған көрермен қауым жан-жағында өтіп жатқан оқиғалардың қатысушыларына айналды, оның үстіне, әзіл-сықақ операның көңілді кейіпкерлері сахна төріне залдан шығып отырды.

Сәуір айында PICCOLO Камералық залының тұсауын кескен «Астана Опера» Орталық Азияда алғашқылардың бірі болып «Жібек сатыны» қойды, ал операны аса жоғары еуропалық музыкалық мәдениет қаласы – Петерборда сахналау – орасан зор жауапкершілік. Алайда «Жібек сатының» тобы – бір-бірінен асқан жұлдызды құрам. Әншілеріміз колоратуралық вокал техникасын меңгерген. Олар арнайы білім алған, оның үстіне, кейбіреулері Россинидің туған қаласы Пезарода шыңдалған.

Бұдан бөлек, спектакльдің қоюшы режиссері Алла Симонишвили (Италия) – Озимодағы Академия профессоры. Спектакльдің қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин Камералық оркестрге нық сенімді әрі көңілді жетекшілік етті. Манана Гуниа жасаған жинақы әрі көп функционалды декорациялар мен сән-салтанаты келіскен тарихи костюмдер жиналғандардың тамсанысын тудырды.

Джулияның бейнесіндегі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай – сүйкімді де қылықты ару. Әнші кейіпкерінің жеңілдігін, кербезділігі мен жайдары мінезін техникалық тұрғыдан күрделі болғанымен, барокко операсына тән музыкалық мелизмдер мен керемет пассаждарға қанық вокалдық партияны тамаша орындау арқылы жеткізе білді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапинның сомдауындағы Джулияның жасырын жұбайы Дорвиль – жүрегі нәзік ғашық жан әрі сенгіш те қызғаншақ. Оның тенор дауысы әуелеп, кейіпкері ерекше талғаммен ұсынылды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов қызметші Джерманоның рөлін нағыз сахна шеберіне лайық алып шықты.

Қауырсынмен, ғажап кестемен сәнделген ақ қамзол киген сұңғақ бойлы дидарлы жігіт Евгений Чайников сомдаған өзімшіл де әйелдерге жарамсақ еркек Бланзак ақыр соңында қалыңдығы болмай қалған Джулияның орнына өзіне ғашық Лючилламен қалуға оңай көнеді. Келісті келбеті мен қанық бояуға ие бас дауысы оның мінсіз ойынымен әсерлі үйлесім тауып, кейіпкерін ұмытылмас бейнеге айналдырды.

Меццо-сопрано Салтанат Мұратбекова россинилік стильді Италияда меңгерген, сондықтан да сырттай қарағанда қарапайым, бірақ іс жүзінде өте жігерлі қыз Лючилла партиясын жеңіл және көңілді орындай алды.

Рамзат Балакишиев өзі тәлім алып шыққан театрда ең әзілқой әртіс ретінде өмірде де, сахнада да (әрине, рөлі сәйкес келетін болса) танымал. «Жібек саты» осы тұрғыдан алғанда ең сәтті материал: таңғажайып музыка, күлдіргі оқиғалар желісі мен қимыл-әрекеттер қарқыны әртістердің өздерін көрсетуіне мүмкіндік береді. Рамзат та өзінің шағын Дормонт партиясында тамаша өнер көрсетті!

Спектакльден кейін көрермен кетуге асықпады: ғимараттың ішкі көрінісін қарап, әсерлерімен бөлісуде, тіпті жекелеген музыкалық тіркестерді әнге қосуда. Ал біздің «Астана Опера» театры бұл жолы да спектакльдің жоғары деңгейінің арқасында «Астана Опера» әртістерінің шеберлігін әлемдік мәдени кеңістікте білетінін және бағалайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл жерде мәдениет саласындағы мемлекет саясаты өте маңызды, сондықтан да гастрольдер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің көмегімен өткенін ерекше атап өткен жөн.  

«Бәрі де ұнады. Біріншіден, спектакль классикалық дәстүрде жасалынған. Біз жаңашылдықтан шаршадық. Ал «Астана Операда» бәрі салыстыра тексерілген, академиялық стильде ұсынылған, дауыстары керемет, әртістік шеберлігі тамаша, оркестр мен дирижер – жоғарғы деңгейде», - деді Татарстанның Халық әртісі, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Петербор музыкалық қайраткерлер одағының төрағасы Шакиров Ринат Сагидович.

« Петерборда қазақстандық театр өнер көрсетеді дегенді ести сала, Прагадан осында арнайы ұшып келдім. «Астана Операның» өнер көрсетуі ұнады, әртістер мен солистеріңіз өте керемет», - деп бөлісті импресарио Ивана Ясанска (Чехия).

«Әртістердің дауысынан, ойынынан ләззат алдым. Сценография мен костюмдер тіпті тамаша. Дирижер сахнаға керемет екпін берді», - деп тамсанды Санкт-петерборлық көрермен Галина Ткаченко.

Мұнымен «Астана Опера» гастролі аяқталмайды, ресейлік көрермендер ендігі кезекте Красноярскте Дмитрий Хворостовский атындағы бірінші Халықаралық фестивальде қазақстандық әртістердің өнерін тамашалай алады.

 


Back to the list