18.10.2019 12:24:06

Құралай Ізтілеуова, Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, тумысынан кәсіпкер болып жаратылып, бұл саланың қыр-сырын толық меңгеруге ұмтылып келе жатқан жан.  Жасөспірім шақтары өтпелі кезеңге тұспа - тұс келген Құралай  жетінші-сегізінші сыныптарда оқып жүргенінде оқудан кейін темір жол перронында уақ-түйек сатып, сауда жасап бастаған. Сол қызығушылық оны  кәсіп ашуға алып келді.

 "1997 жылы Ақмоладағы қаржы-экономикалық колледжін бітіріп келіп, Бейнеу аудандық финанс бөлімінде еңбек жолын бастадым. 1998 жылы «Еңбек» деп аталған жеке кәсіпкерлік нысанында сауда менеджері болып жұмыс жасадым. Салаға енгізген жаңалықтары басшылыққа ұнап, кәсіпкерліктің сауда бөлімінің басшысы  мені бас-аяғы жеті-сегіз айда өзінің орынбасары  лауазымына тағайындады. 1998 жылы өз бетімше жеке кәсіпкерлікпен айналысуға қадам бастым", - дейді Құралай.

Тәуекелге негізделген қадамы  кәсіпкерлік саласында еркін ізденуіне жол ашты.  Білімін әлде де тереңдету мақсатында 2002-2009 жылдарда Ақтөбедегі Жұбанов атындағы университетте өндірістен инженер-технолог мамандығын иеленді. Өзінің айтуынша, мемелкет тарапынан жасалып жатқан кәсіпкерлікке қатысты жобаларға қатысып, біліктілігін арттыруда.

photo5283274000371395371.jpg

"2011 - 2016 жылдар аралығында  «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясындағы  «Кәсіпкерлік негіздері» курсында оқыдым, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүргізілген «Бизнес-кеңесші» жобасына, ПРООН ұйымдастырған «кәсіпкерлік негіздері» атты тренингке, «Бизнесті жетілдірудегі жеке нәтиже» шеберлік сыныптары сынды сан түрлі  шараларға белсене қатысып, кәсіпкерлік саласындағы біліктілігімді одан әрі жетілдірдім", - деп атап өтті кәсіпкер.  

Бейнеу аудан экономикасының қарқынды дамуына,  ауылдастарының әлеуметтік жағдайының артуына сүбелі үлес қосуды мақсат еткен   Құралайдың алғашқы ауқымды бизнес жобасы 2010 жылы «Даму» қорының қолдауымен «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында басталғанын айтады.

"Мен аудан орталығында «Тамаша» атты қоғамдық тамақтану  орнын ашып, бүгінгі таңда онға жуық жастарды лайықты еңбекақысы бар жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Сондай-ақ, 2015 жылы Ақтау қаласында өткен алғашқы іскер әйелдер форумына қатысып, Бейнеу ауданының ІӘК төрайымы болып тағайындалды. 2016 жылы аудандық іскер әйелдер кеңесін құрып, белсенді жұмыстарды бастадым. Менің бастамамамен ұйымдастырылған «Бейнеу Жарқын Болашақ» қайырымдылық қоры санаулы жылдарда онға жуық мұқтаж жандарға көмек қолын созып, олардың қиын жағдайдан шығуларына демеуші болды", - дейді Құралай.  

Сондай-ақ, 2018 жылдың 30  қазанда жетекшілік етіп жүрген Бейнеу аудандық іскер әйелдер кеңесінің «Әйелдер кәсіпкерлігін дамытудағы жаңа серпін» атты алғашқы форумы өткен еді. Жеке кәсіпкерлікті дамытуда жетістіктерге жетіп жүрген арулар Құралай Ізтілеуованың бастамасымен қоғамдық негізде қалыптасқан аудандық іскер әйелдер кеңесінде тұрақты бас қосып, үздік, тиімді тәжірибелермен ортақтасып, түйінді, түйткілді мәселелерді шешу жолдарын ақылдасып, өздері қолға алған салада жаңа жетістіктерге жету бағытында бірлесе әрекет жасауда.

Сонымен қатар, айта кету керек, кәсіпкерлікте алғыр, қайырымдылықта жаны жомарт Құралайдың еңбегі елеусіз қалып жүрген жоқ. Ол бірнеше рет «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасының, Әл-Фараби атындағы университеттің, «Маңғыстаудың көшбасшы әйелдер мектебі» қоғамдық бірлестігінің Алғыс хаттарымен  марапатталды.

Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлікте жетістікке жетіп, көпшілікке үлгі болып жүрген Жаңаөзен қаласының тұрғыны Худайбергенова Элмира Реушенқызын атауға болады. Бүгінгі күні «Айша Э.Р.» атты қыз жасау кәсібінің негізін қалап, бірнеше адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. 

"Мен "Айша Э.Р." деген құрақ көрпе, қыз жасауы шеберханалық жеке кәсібімді аштым. Қазіргі күні 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Ұлттық төл өнеріміз - құрақ көрпелер мен оюлы бұйымдарды қайта жаңғыртып, ел батасымен ұзатылған қазақ қыздарының бақыт мекенін әшекейлеуге септігімді тигізіп, тек қана Жаңаөзен қаласы емес, сонымен қатар Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе және тағы басқа еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс алып, орындап ел ықыласына бөленіп жүрміз", - деп ағынан жарылды ол.

photo5280957419565984750.jpg

Өзінің айтуы бойынша, тігін өнерін үйдегі жеңгелерінен үйренген. Алғашқы табысым да құрақ көрпе сатудан басталған деп еске алады ол.

"13 жасымда үлкен апам тұрмысұа шықты. Қыз жасауын жасауға жасауға  үйімізге ауылдың көп қыз-келіндері жиналып, асарлатып көрпе тіккенін көріп қызығушылығым оянды. Жеңгелерімнің істеген ісін қайталай отырып, құрақтың қарапайым түрлерін тіге бастадым. Бала болсам да, әкем мен анам, болар баланың қолынан қақпай, керісінше қолдау көрсетіп, барлық істеріме жақсы баға беріп шабыттандырып отырды. Осы орайда, оларға айтар алғысым шексіз. Ең бірінші табысым да сол кезде қонақ көрпе сатудан басталған еді", - дейді Элмира.

Кәсіпкердің айтуынша, жасаған жасаулары мен құраған құрақтары көпшіліктің көңілінен шығып, тапсырыс түсе бастадыған. Осы кезден бастап құрақ құрау, қыз жасауын дайындауды табыс көзіне айналдыруға болатынына көзі жеткен.

"Бірнеше жыл тігіншілікке хобби ретінде қарадым. Тұрмыс құрып отбасылы болғаннан кейін, бала тәрбиесімен үйде отырып, үш бірдей қайынапаларымның жасауын жасадым. Олар көпшіліктің көңілінен шығып, тапсырыс түсе бастады. Сол кезден бастап құрақ тігу, қыз жасауын дайындауды табыс көзіне айналдыруға болатынына көзім жетті. Бірнеше жыл бойы өз бетіммен кәсібімді еш жерде тіркемей, үйде отырып айналыстым. Әлеуметтік желілер арқылы сатуды қолға алдым, тапсырыс берушілер де көбейіп бір ғана тігін қол машинам аздық етіп, тағы бірнешеуін алып, үйде жұмыссыз отырған жеңгелерімді көмекке тарттым", - деп, кәсіпкерлікті қалай бастағанына тоқталды. 

Құралайдың айтуынша, 2017 жылы әлеуметтік желіден «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жанынан құралған «Іскер әйелдер кеңесінің»  төрайымы мерекелік шараға шақырып, ол жерде кәсіпкерді Атамекен кәсіпкерлер палатасы атынан құттықтап, марапаттаған. "Сол марапат мені одан әрі шабыттандырып жаңа белестерді бағындыруға үлкен септігін тигізді" деп зор мақтанышпен еске алды.

"Осыдан екі жыл бұрын әлеуметтік желіден "Іскер әйелдер кеңесінің"  төрайымы Тілектес Аманқосқызы мерекелік шараға шақырып, ол жерде мені Атамекен кәсіпкерлер палатасы атынан құттықтап марапат берді. Сол марапат мені одан әрі шабыттандырды. Нәтижесінде «Айша Э.Р.» Жауапкершігі шектеулі серіктестігін аштым", - дейдә ол.

Сондай-ақ, жанына шуақ шашып, адамдарға жақсылық жасауға асығып жүретін Құралай әр жарты жылда әке-шешенің қарауынсыз қалған не тұрмыстық жағдайы нашар отбасынан шыққан қыздардың жасауын өз тарапынан жасап беруге шешім қабылдаған.

"Жұмысым дөңгеленіп, алға басқаннан кейін тек менің ғана отбасыма емес, айналама да пайда әкелсін деген ниетпен әр жарты жылда әке-шешенің қарауынсыз қалған, тұрмыстық жағдайы нашар отбасынан шыққан қыздың жасауын өз тарапымнан ұсынуды шештім. Ол жасауға бағасы 260 000 теңгені құрайтын 6 оюлы-құрақ қонақ көрпе, 1 шәй көрпе, бір күйеу көрпе, екі жастығы, 1 матрас, 1 жастар жамылғысы, 4 қонақ жамылғысы, қос жастығы кіреді. Бұл тегін жиынтық бүгінгі күнде екі бойжеткенге бұйырды", - деп, игі істерімен бөлісті.

Сонымен қатар, ол болашақта осы бастамасын жалғастырып, тек көрпе жасауы емес, сондай-ақ, бірнеше кәсіпкерлермен бірлесіп тұрмысқа қажетті бұйымдар жасаумен айналысуды да жоспарлап отыр. "Осылайша бір кездегі бала арман бүгін берекелі кәсіпке айналды", деп сөзін аяқтады.

Назерке Сүйіндік


Back to the list