17.10.2019 17:02:34

Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Чех Республикасы Депутаттар палатасының төрағасы Радек Вондрачекпен кездесті.

Тараптар Қазақстан мен Чехия арасындағы қатынастардың қазіргі ахуалы мен перспективаларын, Қазақстан – Еуропалық одақ, Орталық Азия – Еуропалық одақ және Орталық Азия – Вышеград төрттігі (Чехия, Польша, Венгрия и Словакия) сияқты көпжақты форматтағы ықпалдастық мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысы  Р. Вондрачекті Барқыт төңкерісінің 30 жылдығымен, Чехияның НАТО-ға кіруінің 20 жылдығымен және алдағы Республика күнімен құттықтады. Сондай-ақ, Президент Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды саяси әрі экономикалық серіктесі Чехиямен өзара байланыстарды одан әрі дамыту бағдарының мызғымастығын атап өтті.

«Елдеріміздің парламенттері арасындағы өзара іс-қимылдарды нығайту тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беру үшін сіздің сапарыңыздың маңызы зор», – деді Мемлекет басшысы.

Чех саясаткері қонақжайлық көрсетіп, жылы қабылдағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс білдіріп, елімізде жүзеге асырылып жатқан реформаларды жоғары бағалады.

«Чех Республикасының өкілі ретінде елдеріміз арасында достық және дәстүрлі ынтымақтастық рухында дамып келе жатқан өте тығыз әрі терең қатынастарды растауға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын», – деді  Радек Вондрачек.

 


Back to the list