17.10.2019 16:24:35

"Таланттарды анықтаудың қолданыстағы жүйесі қосымша білім алу және олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына қатысу үшін тең емес жағдайларды ескере отырып, ауыл мен шағын қалалардың балаларын, сондай-ақ, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларын қамтуға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты, ҚР Тұңғыш Президенті Қорымен бірлесіп талантты балалар мен жастарды анықтау және қолдау бойынша Жол картасы әзірленіп, келісілуде", - деді вице-министр.

Сонымен қатар, оның айтуынша, аталған министрлік қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының айырмашылығын қысқарту мақсатында орта білім беру оқулықтарын әзірлеу мен сараптаудың жаңа жүйесін құру жөнінде жұмыстар жүргізуде.

"Ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасында алшақтық байқалып отыр. Халықаралық тәжірибеде жалпы білімнің сапасы халықаралық PISA зерттеулерінің нәтижесімен іске асырылады. Біздің қазақстандық оқуышылар бұл зерттеулерге төрт рет қатысты. Ауыл мен қала мектептеріндегі алшақтық 19-26 балл арасында көрсетілген. Ал өзіміздің қазақстандық жүйедегі сырттай бақылау жүйесіне келер болсақ, оның ішінде 8 балға айырмашылық бары көрініп отыр. Осыған байланыты БҒМ талдау жұмыстарын жүргізді", - деді Шолпан Қаринова.

Сондай-ақ, БҒМ вице-министрі ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты жою мақсатындағы қолға алынған жұмыстарға тоқталды.

"Мұғалімнің кәсіби деңгейін және білімін арттыру. Жас мамандардың оқыту, дайындығына база назар аудару. Жалпы мектептердің жағдайы, пәндік кабинеттердің, интернеттің қолжетімділігін, зертханалардың болуын қамтамасыз ету. Мұғалім жағдайын жақсарту мақсатында біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру. Қазіргі таңда 150 мыңнан астам мұғалім аталмыш курстан өткізілуде. Сондай-ақ, пәндік тереңдетіп оқыту жұмыстарын жүргізуді алға қойып отырмыз. Сондай-ақ, осы мақсатта ЖОО-дағы, колледждердегі білім бағдарламалары жаңартылды", - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, вице-министрдің айтуы бойынша, өңірлерде орналасқан дарынды балалармен жұмыс істейтін орталықтардың жұмысы қайта жанданатын болады.

"Елбасы қорымен бірге өңірлерде орналасқан дарынды балалармен жұмыс істейтін орталықтардың жұмысын қайта қарау, орталықтардың назарын ауыл балаларына қарай бұру жұмыстары іске асырылады. Қазір еліміздің он өңірінде осындай орталықтар бар. Енді жылдың соңына дейін 7 аймақта аталмыш орталықтар ашуды қолға алдық. Тиісті қаражат бөлінді. Сондай-ақ, Қормен бірлесіп "Мың бала" олипиадасын қолға аламыз.  Оның негізінде оқушылардың функционалдық-логикалық ойлау қабілеттерін қарауға байланысты олимпиададағы тапсырмалар жүйесі құрылады", - деді Шолпан Қаринова.

Бұдан бөлек, вице-министр оқулықтардағы қателіктерге байланысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, оқулықтың сапасымен жүйелі түрде жұмыс жасалса да, техникалық қателіктер кетіп жатыр.

"Біз оқулықтардың шығарылу санына қарамаймыз, сыныптармен байланыстырып шығарамыз. Биыл 4,9,10 сыныптарға оқулықтар сатып алынды. Оған жергілікті бюджеттен 47 млрд теңге қаражат жұмсалды. Оқулықта жіберілген қателіктер баспа тарапынан кеткен жағдайда қайта басылып шыққан кездегі шығындарды баспа өз мойнына алады. Екінші қайтара үкіметтен шығын шықпайды. Техникалық қателіктерге баспа жауап береді. Бүгінге дейін барлық оқулықтарда бірдей дерлік қате кеткен жоқ. Тек санаулы оқулықтарда техникалық олқылықтар болды, оның шығынын баспаның өзі көтереді", - деді вице-министр.

Сондай-ақ, вице-министрдің сөзіне сүйенсек, Білім және ғылым минситрлігіндегі Бақылау комитетінің жұмысы өзгеретін болады.

"БҒМ-да Бақылау комитеті жұмыс істейді. Енді оның жұмысы өзгертілетін болады. Осыған дейін бұл комитет тек тексеру жұмыстарымен айналысқан болса, бұдан былай тексеру жұмыстарымен қатар, мектептердің нақты кемшіліктерін анықтап, әр пән бойынша мұғалімдерге ұсыныстар айтып, оны бірге зерделеп, әдістемелік қолдау жұмыстарын жасайтын болады", - деді ол.

Назерке Сүйіндік


Back to the list