• Басты
  • Сөйлеген сөздері
  • Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен партияның кезектен тыс XV съезінде сөйлеген сөзі

Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен партияның кезектен тыс XV съезінде сөйлеген сөзі

18.10.2013

Құрметті съезд делегаттары!

Қадірлі қонақтар!

Бүгінгі басқосудың орны айрықша. Өткен 15 жылдың қорытындысын шығару тұрғысынан және болашақ бағдар тұрғысынан да бөлекше күн. Бұл – еліміз «Қазақстан 2050» стратегиясын қабылдағаннан бергі партиямыздың алғашқы басқосуы. Біз алыс болашаққа көз тігіп, алдымызға биік межелер белгіледік. Қандай мақсатқа қай жолмен жететінімізді нақтылап, оны жүзеге асыруға кірістік. Еліміздің стратегиясын қалай іске асыруымыз керек, соны ойластырамыз. Оны мүлтіксіз жүзеге асырып, Қазақ елін дамудың дара жолына бастау елдегі ең қуатты саяси күш – «Нұр Отанға» жүктеліп отыр.

Ең ұлы жолдың өзі шағын ғана қадамнан басталады. Осыдан 14 жыл бұрын партияның алғашқы съезіне небәрі 400-ге жуық делегат қатысқан еді. Аз ғана жылда «Нұр Отан» 250 филиалы, 6300 бастауыш ұйымы бар алып құрылымға айналды. Атқарушы және өкілетті билік тармақтарында тізгінді берік ұстады. Елдік істердің барлығына белсене араласып келеді. Менің бастамаларыма әрдайым қызу қолдау білдіріп, идеяларымды құлшына іске асырып келеді.  Осы арқылы телегей тәжірибе жинақтады.

Халык көздегіні ғана емес, көңілдегіні де көреді. «Нұр Отан» нақты нәтиженің, ілкімді істің партиясы атанып, елдің көңілінен шыға білді. «Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады» дейді халқымыз. Күнімізді шуақты ете түсу үшін елімізді қуатты ету барлығымыздың  ортақ парызымыз. Елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына қосу – алдымыздағы үлкен, ұлы мақсат. Бұл «Нұр Отанның» болашаққа жол сілтейтін темірқазығы болуға тиіс. Бүгінгі съезде қабылданатын «Нұр Отанның» жаңа саяси доктринасы да осыны көздейді. Біз қоғамымыздың ерекшеліктерін артықшылыққа айналдыра білдік. Әралуандығымыз – байлығымызға, бірлігіміз – табысымызға айналды. Осыны ұлт зиялылары үнемі есте ұстап, жастарға әрдайым ынтымақтың үлгісін көрсеткені жөн.

Доктринада мемлекеттік тілдің ел бірлігінің факторы ретінде аталғаны да өте маңызды. Бұл мәселеге баса ден қоятын кез келді. Қазақ тілін білу азаматтық парызды ғана емес, ұлтқа деген құрметті де білдіреді. Отан отбасындағы өнегелі тәрбиеден бастау алады. Осыны әрбір азамат есінде ұстауы тиіс. Биыл тәуелсіздігіміздің 22 жылдығын атап өтейін деп отырмыз. Ол – ата-бабамыздың аңсаған арманы. Соның баршасында осы отырған көпшіліктеріңіз, бірге келе жатқан менің серіктестерім, қызметтес достарым, жолдастарым, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, барлық деңгейдегі әкімдер бүкіл халықты ұйымдастырып, оны жеңіске жеткіздік. Сол үшін баршаларыңызға зор ризашылығымды білдіремін.

Барлық жаңалықтар