• usd -1.56%
    431.37
  • eur -3.51%
    492.67
  • rub +0.01%
    5.71
  • gbp -4.40%
    583
  • cny -0.24%
    67.83
Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне өтті – Қ.Сұлтанов 02.02.2017

Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне өтті. Бұл туралы  Парламент Мәжілісінің депутаты, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы  Қуаныш Сұлтанов Елбасының Үндеуі мен Жолдауына қатысты пікірінде айтты.

«1995 жылы қабылданған Конституциямыз еліміздің әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін өркениетті дамыған мемлекеттер қатарына көтеру жолында нәтижелі қызмет етіп келеді. Біздің бүгінгі барлық жетістіктеріміз, мемлекеттік тәуелсіздігімізді баянды етуіміз тікелей осы Ата Заңымыздың қағидаттарын орындап, жүзеге асыруымызбен байланысты», - деді Қ.Сұлтанов.

Конституция – халық пен биліктің, адам мен қоғамның қарым-қатынасын айқындайтын құқықтық мемлекеттің іргетасы, негізі. Азамат құқы мен мін­деті, мемлекет, мемлекеттік инс­ти­туттардың қызметі осы құжат­тың ең өзекті мәселелері.

«Еліміз­де адам құқықтары мен бостандықтары ең басты әрі қасиетті құндылықтар ретінде танылуы саласында көптеген заңдар қабылданып, олар біздің жаңа қоғамымызда құқықтық кеңістікті қалыптастыруға оң ықпалын тигізуде. Бұл іске үкімет­тік емес қоғамдық ұйым­дар, құрылымдар, азаматтар да белсене қатысады. Құқық саласында көптеген азаматтық ұйымдар жұмыс істейді», - деді депутат.

Мәжіліс депутаты айтып өткендей,  осы орайда  Қазақстан Пре­зи­денті жанындағы Адам құқық­тары жөніндегі қоғамдық комис­сияның да жұмысын атап өт­кен жөн. Бұл комиссия құра­мына Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар, дін, басқа да қоғамдық ұйымдар өкілдері кіреді. Комиссия жыл сайын елдегі құқықтық жағдайға сараптама жасап, Елбасына есептік баяндама дайындайды. Заңдар туралы өз пайымдаулары мен ұсыныстарын береді.

Конституцияға сәйкес респуб­лика азаматтары заңмен бел­гіленген медициналық көмектің көлемін, сондай-ақ тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға да құқылы.

«Мемлекет құрылысында, қоғам дамуында біз мем­ле­кеттік тәуелсіздігімізге дейін­гі ғасырлар бойы армандап, қол жеткізе алмаған көптеген жаңа, тың шешімдерді жү­зе­ге асыра алдық. Ең бастысы – біз өркенді, сауатты, құқық­тық, демократиялық мемлекет құруға бет алдық. Қысқа мер­зімде біздің Тұңғыш Прези­ден­тіміздің білікті, орынды озық бастамашылдығының арқа­сында Қазақстан дүние­жүзі­лік қоғамдастықта белсен­ділік көрсетіп, өз пікір, ұсы­ны­с­тарымен өңір, әлем мемлекеттерінің санасуы нәти­жесінде халықаралық зор беделге ие болды. Сондай-ақ, дүниежүзілік қоғамдастықтың көрнекті мүшесі келбетіне иеленіп үлгерді», - деді Қуаныш Сұлтанов.

Депутаттың  айтуынша,Конституциямыздың ізгі­лікті, адам құқығын құрмет­тейтін әрі оның сақталуын қамта­масыз ететін мақсат­тарына сәйкес біз өткен ғасыр­дың 90-шы жылдарында, бұрынғы саяси, экономикалық жүйенің күйреуіне байланысты болған алапат дағдарыстарды ойдағыдай еңсеріп, жаңа реформаларды жүзеге асыра алдық. Нұрсұлтан Назарбаев көпэтносты Қазақстан халқын бірлікке, ұйымшылдыққа ортақ мүдделілікке жұмылуға, бейбіт өмір құруға, жасампаздыққа шақырды. Халық қолдады. Осы құндылықтардың барлығы да Конституциямен бекітіліп, қоғамды заңмен өмір сүруге бейімдеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының да қоғамдағы орны мен рөлі Конституциядан орын алды. Ел ынтымағы ырысқа бастады. Ұлттық түсіністік пен татулықтың, бірліктің нәтижесінде Қазақстан халқы орасан қиындықтарды еңсеріп, жаңа Конституцияның мүмкіндіктерін пайдаланып, ізденіске, еңбекке бет бұрды. Тиімді экономикалық реформалар шетелдік инвестициялардың өндіріс салаларына келіп, жаңа технологияларға, жаңа жұмыс орындарына жол ашты.

«Үлкен дағдарыстың ең қиын жері жаппай жұмыссыздыққа жол бермеу еді. Еңбек ету әр азаматтың ең басты құқының бірі екені хақ. Мемлекет осыған жағдай жасауды шартты міндеті көріп, қысқа мерзімде жүзеге асыра алды. Жаңа жұмыс орындары, жаңа өндірістермен қатар, жұмысшылар мен қызметкерлердің жаңа буынын дайындау, оқыту қажетіне де үзбей екпін беріліп келеді. Мемлекет қамқорлығын орынды пайдалана алған әрбір азамат өз таңдауымен жаңа мамандық меңгеріп, жұмыс орнын тұрақтандыруға мүмкіндігі бар. Бұл үрдіс, әсіресе, соңғы бес­жылдықта үдемелі индустрияландыру бағдарламасына сәйкес жаңа мазмұнмен жүргізіліп, әр жыл сайын шамамен 200 мыңнан астам адам жаңа жұмыс орындарына орналасып келеді», - деді депутат,

Елбасы өзінің жаңа Жол­дауында да жоғарыдағы мәсе­лелерге айрықша тоқталып, оның әлемдік бәсекелестік жағ­дайда үдей түсетініне екпін беріп отыр. Әсіресе, дүниежүзілік экономикалық, қаржылық дағ­дарыстар мен түрлі қайшы­лықтар кезінде мұндай шешім­дер мен шаралардың маңыз­ды­лығы ерекше болар.

«Жаңа дәуірде мемлекеттік тәуелсіздігімізді жариялаған ең алғашқы сәттен бастап Консти­туциямыздың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқық­тық және әлеуметтік мемлекет ре­тінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықта­ры мен бостандықтары» деген ұста­ныммен дамып келе жатқа­нымызды әлемдік қоғамдас­тық алдында дәлелдей алдық. Оның жарқын көріністері біздің жаңа мемлекеттілігіміздің 25 жы­лындағы қол жеткізген жетіс­тіктерімізбен айшықталып тұр», - деді ол.

Дүниежүзілік қоғамдастықта БҰҰ-да ресми танылып, тір­келген 200-ге жуық тәуелсіз мем­лекет болса, солардың кез келгеніне ЕҚЫҰ Мемлекет бас­шы­ларының саммитін өткізу, ЭКСПО-17 халықаралық көрмесін ұйымдастыру немесе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұ­рақты емес мүше болып сайлану сияқты үлес тие бермейді. Ол та­лаптарды тізбелеп шығудың өзіне көп уақыт кетер еді.

«Бізге қазір «жас» дегеннен гөрі, әйгілі, көрнекті, кемел мемлекет дәрежесіндегі жаһандық бәсекелестікке төтеп беруге қабілетті, қуатты ел бола алғанымызды сезінетін уақыт жетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз дүние жүзі мемлекеттерінің конституция­ларын, басқа да құқықтық құжаттарын жан-жақты зерттеп, олардың даму, өркендеу жолдарымен танысып, өзіміздің ұлттық ерекшелік, дәстүрімізге сүйене отырып, мемлекет өмірінің «қазақстандық жолын» таңдадық. Кезінде талай елдің жақсы жағын көріп таңдансақ, ендігі жерде Қазақстанды көрген шетелдіктер таңданатын биікке көтерілдік», - деді Қуаныш Сұлтанов.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыста Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «… Біз 1500 жыл бұрын Күлтегін ұстынында жа­зыл­ған Мәңгілік Ел ұғымын жалпы­ұлттық идеяға айналдырып, ел­дігіміздің 15 ғасырлық тамы­рына нәр бердік, мәңгі жасыл етіп гүлдендірдік. Терең тарихымыз бен мыңжыл­дық болашағымызды сабақтас­тырып, Мәңгілік Ел болудың дара жолына түстік», деп өркендеуіміздің «Қазақстан жолының» маңызына тоқта­лумен қатар, «Жаңа мемлекет құру мен реформалардың ең алдымен күшті президенттік билік арқылы ғана қамтамасыз етілгенін тәуелсіздік тарихы көрсетіп берді. Мемлекет дамуының жаңа сатысы елдегі істердің жағдайы үшін Пар­ламент пен Үкіметтің жауап­кершілігін күшейту мәселесін күн тәртібіне қойып отыр. Қазақстан біздің Конституциямызда көрсетілгендей, президенттік басқару формасындағы мемлекет болған, қазір де солай және алда да солай бола береді. Сонымен бірге, өкілеттіктерді Президент, Үкімет және Пар­ла­мент арасында бөліске салу мәселесін қарайтын уақыт та келді. Арнайы комиссия осы мәсе­лелерді зерттеп, тиісті заңдар­ға, мүмкін Конституцияға да өз­герістер енгізу бойынша ұсы­ныс енгізуі тиіс», – деп түйіндеп еді.

«Міне, біз жаңа консти­туциялық реформалар кезеңіне де келдік. Ұсынылған өзгерістер жобасы дамуымыздың алдағы жаңа кезеңінің талаптарына сай келетіндігіне сенімдімін», - деді ол.

Жеке меншік құқығын қорғау тетіктерінің күшейтілуі әрбір азаматқа да жағымды, тиімді болары сөзсіз. Жұмыс то­бы­ның меншік құқығына қол сұ­ғылмайды деген конс­ти­туция­лық қағидатты бекі­туді ұсын­ғаны да орынды. Бұл норма же­кеменшік құқы­ғына кепілдік­терді нығайта түседі, сондай-ақ кәсіпкерлік белсен­ділікті де арттыруға оң ықпалын тигізеді.

«Президент өз Үндеуінде тәуелсіз мемлекет болған алғашқы сәттен бастап, ширек ға­сырда өткен жолымыздың ерекшеліктеріне айрықша тоқ­талып, сараптама жасады. Күшті президенттік басқару формасы өзінің тиімділігін дәлелдеді және осы тәсіл болашаққа да қызмет ететіні де құптарлық. Президенттік басқару – ел басқа­ру­дың жаңа өнегелі үлгісі бол­ды. Оның мемлекет тарихын­дағы атқарған рөлі де, тәжірибесі де теңдесі жоқ рухани байлығымыз, тарихымыздың дәуірлеу кезеңі», - деді ол.

Біздің еліміздегі прези­дент­тік басқару институты мен Президент тұлғасы және оның мемлекеттік қайраткерлік еңбегі туралы тек отандық зерттеушілер ғана емес, дүние жүзінің ең беделді сарапшылары мен саясаткерлері де өз пайымдаулары мен пікірлерін жария­лап жатыр. Бұл да кез келген елдің басшыларына көрсетіле бермейтін құрмет. Ұлтымыз өз ұландарының озық тұлғалары үшін мақтана алатын жағдай, деп атап өтті депутат.

«Ендігі кезеңде заң шыға­ру­шы билік пен атқарушы билік­тің халық алдындағы жауап­кер­шілігін арттыру әрі тиімді ету міндеті тұр. Сон­дай-ақ Парламенттің бақы­лау­шылық тетіктері мен мүм­кін­діктері күшейтілмек. Енгі­зілмек өзгерістер жобасы осы мәселелерді шешуге арналған, Президенттің жаңа бес институттық реформасын өмірге мейлінше батыл араластырып, билік институттарының халық сұранысы мен мұқтажын орындауда ортақ жауапкершілікпен жұмыс істеуін қамтамасыз ету көзделеді. Осы орайда қа­был­данған заңдардың, атап айтқанда, «Ақпаратқа қол жеткізу», «Қоғамдық кеңестер туралы» заңдардың қоғамда нәтижелі жұмыс істеуі айқындалған. Қазір әртүрлі деңгейде әкімдіктер, министрліктер жанынан құрылған қоғамдық кеңестер де жұмыстарын бастап, бюджет, тағы басқа маңызды мәселелерді қарап, талқылауда белсенділік көрсетіп жүр. Мұның тікелей азаматтық қоғамның мемлекеттің мақсат-мүдделеріне оң ықпалын тигізетініне сенім мол.Жалпы, енгізіліп отырған өзгерістер жобасы біздің мем­лекетіміздің тәжірибе жағынан да, рухани сана биігінен де, болашаққа деген даму тұрғы­сынан да дер кезінде көтеріліп, болашағымыздың игілікті боларына кепілдік беретін мазмұнды қадамдар екені талассыз», - деп түйіндеді Парламент Мәжілісінің депутаты, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы  Қ.Сұлтанов.

Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне өтті. Бұл туралы  Парламент Мәжілісінің депутаты, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы  Қуаныш Сұлтанов Елбасының Үндеуі мен Жолдауына қатысты пікірінде айтты.

Егемен Қазақстан


Back to the list