31.07.2014
«Осылайша тұрғындардың 70%-ын газбен қамтамасыз ететін боламыз. 2013 жылы барлық қажетті құжаттар әзірленді. Қазіргі кезде өңірлік даму министрлігімен құрылысты қаржыландырудың мәселелері қарастырылуда», - деді облыстық мәслихаттың ХХІХ сессиясында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев.
Аталған елді мекендердің өзінде облыс халқының 23 пайызы немесе 170 мыңға жуық адам тұрады. Газдандыру жұмыстары көп ұзамай басталады. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» желісінен 5 газ құбыры тармағы және кентішілік газ бөлу желісі, АГРС (газ тарату стансасы) салынатын болады.
Аймақ инфрақұрылымын дамытуға «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы барлығы 23 млрд. теңге тікелей инвестиция салады.