30.08.2014
«Екі апта бойы ШЫҰ-на қатысушы елдердің әскери контингенттері бірлесіп әскерлерді басқару, өзара әрекет ету, жауынгерлік үйлесімдік қимылдары жөніндегі сұрақтарды пысықтады», - деп хабарлады ҚР ҚМ .
Жаттығудың жабылу рәсімі кезінде сөз сөйлеген Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы Сәкен Жасұзақов аталған жаттығудың «мүмкін болатын қауіп қатерлерге, тек біздің елімізге ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастыққа да өзекті – терроризм, экстремизм, сепаратизмге қарсы тұру үшін» маңыздылығын атап өтті.
С.Жасұзақовтың айтуынша, «барлық әскери қызметшілер өздерін жақсы қырынан танытып, жинақтаған тәжірибелерін іс жүзінде қолдана алатындықтарын және кәсіби іс қимыл таныта білді».
Жаттығудың жабылу рәсімі барысында әуе парады өткізілді, оны қазақстандық шабуылдаушы Су-27 ұшақтары ашты.
Естеріңізге сала кетейік, «Бейбіт миссия-2014" антитеррорлық бірлескен оқу-жаттығуы ШЫҰ шеңберінде осымен жетінші рет өтіп, оған Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан Қарулы күштерінің әскери бөлімшелері қатысты.
Жаттығуға жеті мыңға жуық әскери қызметшілер,бір жарым мыңнан астам қару жарақ пен әскери техника ұшақтар мен тік ұшақтар пайдаланылды. Майдандық және армиялық авиацияны жаттығуға Қазақстан, Қытай және Ресей ұсынды.