10.09.2014
Қала әкімдігі облыс басшысының тапсырмасына орай әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларын толықтыру, жетілдіру бойынша кешенді талдау жасаған. Соның нәтижесінде алға қойылған міндеттерін, даму қарқынын жеделдетуге қатысты ұсыныстарын қала әкімі Ермек Алпысов баяндап берді.
Қала басшысының айтуынша, жаңадан құру қолға алынып жатқан «Талдықорған» индустриалды аймағының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 4,7 млдр. теңге қажет.
Бүгінгі күні еңбекке қабілетті әрбір төртінші талдықорғандық шағын және орта бизнесте жұмыс істейді. Соңғы жеті айда бұл саладан түскен салық 1.2 есеге ұлғайып, 17 кәсіпкерлік нысаны ашылған. Бұл ретте кәсіпкерлерге нақты көмек көрсету үшін жақында Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Бизнес және билік» жобасын қолға алған.
«Ендігі мәселе – «бір терезе» ұстанымымен жұмыс істейтін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашса. Құны 300 млн. теңге болатын бұл жобаға қолдау білдірілсе», - деді Е.Алпысов.
Сол сияқты Талдықорғанда жеке тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан жаңа тұрғын аудандардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жасау үшін 4,5 млрд. теңге қажет екенін де айтты. Қаланың ең проблемалы деген көшелеріне 5 жерден жер асты өтпе жолын салу ұсынылды.