07.09.2014
ҚР СІМ-де хабарлағандай, отырыс жұмысына БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун, Қазақстан Республикасының Шығыс-Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев, БҰҰ Бас Хатшысының қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғары өкілі Ангела Кейн, БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдер, басқа ресми өкілдер, үкіметтік емес ұйымдар белсенділері қатысты.
БҰҰ Бас Хатшысы өз сөзінде Халықаралық күннің әлем және адамзат үшін мәнін ерекше атап өтті. Ол Президент Н.Назарбаевқа ядролық қарусыздану ісіндегі көзқарасы, көшбасшылығы мен жігерлігі үшін және Семей ядролық сынақ полигонын жапқаны үшін зор ықыласы мен құрметін білдірді. Пан Ги Мун 2010 жылы сәуірде Полигонға барып, бірінші атом жарылысы орын алған алаңнан халықаралық қауымдастыққа ядролық сынақтарды тоқтату үндеуін жариялағандағы өзінің алған әсерлерімен бөлісті.
«Сол жерге барып қайтқан адамның әрқайсысы менің сөзімді түсініп, сезімдерімді өз басынан кешірер еді», - деп халықаралық қауымдастықтың жетекшісі атап өтті.
Пан Ги Мунның сөзінде ядролық сынақтардан азат әлемге ілгерілеу табанды тілегі сезінді. Бас Хатшы Ядролық қаруды сынауға жаппай тыйым салу шартының (ЯСЖТШ) жақын арада күшіне енуі үшін шартқа қол қоймаған және ратификациядан өткізбеген мемлекеттерге бұл істі шұғыл соңына жеткізуге жеке үндеді.
Отырыс қатысушыларына ҚР Президентінің бастамасы, АТОМ жобасы бойынша материалдар таратылды. Жоба мақсаты әлемде ядролық сынақтарға заң жүзінде тыйым салу мен ЯСЖТШ күшіне енгізу бойынша кең ауқымды қоғамдық қолдауды алу болып табылады.
Пікірталас БҰҰ мүше-мемлекеттеріне, сондай-ақ шақырылған азаматтық институттардың өкілдеріне ядролық қарусызданудың әртүрлі мәселелері бойынша және басты мақсат – ядросыз әлемге жету үшін халықаралық қауымдастықтың қажетті әрекеттері жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік берді.