• usd -1.56%
    431.37
  • eur -3.51%
    492.67
  • rub +0.01%
    5.71
  • gbp -4.40%
    583
  • cny -0.24%
    67.83
Қазақстан Республикасында балаларға арналған мейірімді әділ соттың даму  мәселесі талқыланды 31.10.2014

«Іс-шараны  Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты,  Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігі, БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Өкілдігі ұйымдастырды.Іс-шараға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Игорь Рогов, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Адам дамуы мәселелері жөніндегі орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Республикасының Әділет министрі Берік Имашев, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары қатысты», - делінген хабарламада.

Халықаралық ұйымдардан – Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы, Елші Аурелия Бушез, ЮНИСЕФ-тің Қазақстан Республикасындағы Өкілі Джун Кукита, БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетінің мүшесі, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі судья Рината Уинтер, «Орталық Азиядағы халықаралық түрме реформасы» ұйымының сарапшысы Мартин Сэдден, Фридрих Эберт атындағы қордың сарапшысы Герд Велинг, «Корам» халықаралық балалар құқықтық орталығының өкілдері Каролин Гамильтон, Аваз Рауф және басқалар бар.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми өз сөзінде балаларды құқықтық қорғау жөніндегі жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстанда еліміздің бүкіл өңірінде мамандандырылған ювенальды соттар құрылып, белсенді жұмыс жасауда. Оларда балалардың құқықтары мен мүдделері қозғалатын қылмыстық, әкімшілік, азаматтық істер қаралады. 2011 жылдан бастап кәмелетке толмағандарға қатысты бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалау шарасын тағайындаудың орнықты үрдісі байқалады. Азаматтық және қылмыстық істер бойынша татуластыру рәсімдері мен медиациялық шаралар кеңінен қолданыла бастады. Қайрат Мәми Қазақстан Республикасы Бала құқықтары туралы конвенция мен балалардың құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы өзге де халықаралық актілердің барлық міндеттемелерін орындап жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, ЮНИСЕФ-тің халықаралық сарапшылары Қазақстан Республикасында ювенальды әділет жүйесін дамытудың 2009-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру нәтижелерін шолу шеңберінде негізгі қорытындылары мен ұсынымдарын таныстырды. Мысалы, Қазақстанда ювенальды соттарды енгізу практикасы әлемдегі озық тәжірибелердің бірі болып табылатыны, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға байланысты сот істерін бөлек өндіріске шығаруға мүмкіндік беретіні, сондай-ақ БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенцияның басымдықтарын іске асыруға толық сәйкес келетіні атап көрсетілді.

«Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы, Елші Аурелия Бушез бен Қазақстан Республикасындағы ЮНИСЕФ-тің Өкілі Джун Кукита «Қазақстанда 2014-2017 жылдары балаларға арналған сот төрелігі мен олардың құқықтарын қорғау жүйесін нығайту» атты Еуропалық Одақ пен ЮНИСЕФ-тің бірлескен бағдарламасының міндеттеріне тоқталды. Оның мақсаты балаларға халықаралық стандарттарға сай келетін жалпыға ортақ  достық ілтипаттағы құқықтық жүйені құруда Қазақстан Үкіметіне қолдау көрсету болып табылады», - делінген хабарламада.

 


Back to the list