07.05.2017

Капитан-лейтенант Дастан Самат 1986 жылы Қызылорда қаласында туған. 2001 жылы Шымкенттегі республикалық әскери мектеп-интернатқа оқуға түседі. Оны аяқтағаннан кейін 2003 жылы Түркия Республикасының әскери-теңіз училищесіне түседі. 2008 жылы кеме салушы-инженер мамандығы бойынша аяқтап, Түрік оқу орталықтарында біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. 2009 жылы Қазақстанның алғашқы кемелерінің бірі «Өжет» күзет кемесінің электромеханикалық әскери бөлімінің командирі болып тағайындалады. Кейін 21814 әскери бөлімі командирінің электромеханика саласындағы орынбасары қызметіне тағайындалады. 2011 жылы электромеханикалық қызметтің аға офицері болып, кемелерді әзірлеуге, жобалауға, салуға және оларға қызмет көрсетуге жауапты болады. 2013-2015 жылдары Түркия Республикасының Әскери-теңіз күштері академиясында оқып, әскерлерді әкімшілік басқару мамандығы бойынша аяқтап шығады. 2015 жылдың басынан іздеу-құтқару және суда жүзу жұмыстары қызметінің бастығы қызметіне тағайындалады. 2016 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін оқу орталығының бастығы қызметін атқарып келеді. 4 тілді меңгерген, отбасын құрған.
«7 мамырды атап өту Қазақстан әскері үшін дәстүрге айналды. Бұл күн қазақстандықтардың жауынгерлік ерліктерінің шежіресі мен Отанына қызмет ету дәстүрлерін ұстануды бейнелейді. Қазақстан әскерінің рөлін айқындай келе, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында қызмет ету мүмкіндігіне ие болу – үлкен құрмет. Біз бейбіт елміз. Біздің көрші елдерге деген наразылығымыз жоқ. Алайда, тәуелсіздігімізді, өз шекараларымызды қорғау үшін еліміздің жоғары мобильді, жақсы жасақталған әскері және Отанымыздың сенімді әрі жан-жақты дайындалған қорғаушылары болуы тиіс» деп атап кеткен болатын. 7 мамырдың ұлы Жеңіс күні қарсаңында атап өтілуі кездейсоқ емес. Енді, осындай айтулы күнмен бірге, бұл мереке халқымыздың әлеуметтік жағдайына, ұлтына, дініне қарамастан, ел тағдырын шешетін міндеттерді атқару үшін бірігіп, ұлы ерліктерге бастайтын қабілеті жайында да еске салып отырады. Әрбір үйде, әрбір отбасында ата-бабаларымыздың ерлігі есте сақталады, бүгінгі таңда Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, адамдардың тыныш және бейбіт өмірін қорғап жүрген адал балаларын мақтан етеді», - деді Д. Самат.
Сондай-ақ, ол мемлекет пен қоғамның Қарулы Күштердің әскери дайындығын арттыруға, оларды қару-жарақ пен техниканың ең заманауи түрлерімен жарақтандыруға, әскери қызметшілерді, соғыс ардагерлерін, соғыс қимылдарына қатысушыларды әлеуметтік қорғауға бағытталған жалпы күші Қазақстанның сенімді әлеуметтік-экономикалық дамуын, азаматтарымыздың бейбіт өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
«Айбынды Отан қорғаушыларымызға денсаулық, мызғымас жауынгерлік рух және қызметте биік жетістіктер тілеймін! Қазақстан Республикасының барша халқына бақыт, аман-саулық және тек жақсылық», - деп құттықтады Д. Самат.
Сондай-ақ, ол барлығын келе жатқан Жеңіс күнімен де құттықтап өтті.
«Құрметті Ұлы Отан соғысына қатысушылар, тыл еңбеккерлері! Сіздерді Ұлы Жеңіс күнімен және Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Жеңіс біздің елдер үшін ғана емес, жалпы адамзат үшін аса маңызды: әлем фашизмнен құтқарылды. Мұндағы негізгі ауыртпалық бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің халқына түскен еді. Біз Сіздерді, сіздердің ерліктеріңізді, жанқиярлық батырлықтарыңызды мақтан тұтамыз. Қазіргі өскелең ұрпақ үшін, Отанға деген сүйіспеншіліктің, патриоттықтың үлгісі – Сіздерсіздер. Кеңес Одағы халықтарының берік достығы мен бірлігінің арқасында жеңіске қол жеткізілді. Және бүгінде бейбіт күндері осы бірлік еліміздің экономикалық, әлеуметтік жетістіктері үшін аса маңызды. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында ҚР Президенті Н.Назарбаев айтып өткендей: «Біз «Бір ел, бір тағдыр, бір халық» ұлттық идеясының төңірегінде бірігуіміз керек. Біз сіздерге денсаулық, бақыт, отбасыларыңызға, балаларыңыз бен немерелеріңізге амандық тілейміз. Аспанымыз ашық, еліміз, тыныш болып, жеріміз гүлденіп, өркендей берсін!», - деп түйіндеді Д. Самат.
Қайрат Жандыбаев