03.11.2017
Назарбаев Университеттің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ халқының ұлы жазушысы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің 120 жылдық мерейтойына арналған «Мәңгілік Елдің рухани байрағы – Мұхтар Әуезов» атты естелік, сырлы сұхбат кеші өтті.Кешке белгілі ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметов, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов қатысты.
Кештің шымылдығы Назарбаев Университеттің президенті Шигео Катсудың құттықтау сөзімен ашылды. Сөзін қазақша бастаған Шигео Катсу Әуезовтің жазушылық жолы мен аударма саласындағы еңбегіне тоқталып, кешке келген құрметті қонақтарды құттықтады. Назарбаев Университеттің студенттік істер және халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті Қ.Даирова еліміздегі ең үздік білім ордасының шәкірттері тек қана технократ емес, руханиятқа да жақын екенін айтты. Себебі студенттер оркестрі Құрманғазының күйін орындап, «аманатқа адалдық» атты Әуезовке арналған сахналық қойылым қойды.
Осы кештің аясында Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің «Ділім» кітабының тұсаукесері өтті. Бүгінгі күні қазақ интеллектуалдарының аға буынына айналған Мұрат Әуезовтің өмір жолынан сыр шертетін кітап Назарбаев Университеттің кітапханасына және рухани жаңғыру орталығына сыйға тартылды. Сонымен қатар, Мырзатай Жолдасбеков та өзінің қолтаңбасы жазылған кітаптарын Университеттің ұжымына сыйлады. Мұрат Әуезов студенттердің көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, «Ділім» кітабының тақырыптық, идеялық ерекшеліктеріне тоқталды.
Назарбаев Университеттің атқарушы вице-президенті Ердан Құсаин кешті қорытындылап, қонақтарға алғыс айтты.
Фото: Азамат Әлиев