18.10.2017
«Қазақ тілін латын әліпбиіне өткізу туралы әңгіменің көтерілгеніне біраз болды. Берісі 20 жылдан бері айтылып келеді. Бұған қатысты ұсынысымыз да бар. Біздің ұсынғанымыз – бұл «ABCnet» қазақ әліпби жобасы деп аталатын. Кешегі күндері Елбасының алдына ұсынылған латын әліпбиінің жобасы біздің осы ұсынысымызға жақын келуі көңілімізді қуантқандай болды. Бұл жобаның негізін қалаушы IT маманы – Жанат Аймағанов. Ол компьютер саласының маманы, қазақ тілінің жанашыры» - дейді «ABCnet» қазақ әліпби жобасының авторы Ерлан Файзоллаұлы.
Ерлан Файзоллаұлының айтуынша, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталған мақаласындағы нақты тапсырмалардан кейін, осы көмескіленіп бара жатқан жоба қайта аршылған. Оның үстіне, Мемлекет басшысы биыл жыл соңына дейін латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын қабылдау бойынша берген тапсырмасы нақты қадамдар жасауға мүмкіндік берген.
«Бұл жоба зияткерлік меншік патентіне ие болған, қазақ-латын транслитерациялық таңбалар жүйесі ретінде «интернет жобасы» немесе «қазақша техникалық латын графикасы жобасы» ретінде «ABCnet» (эй-би-си нет) жобасын көпшілікке талай ұсынып келе жатырмыз. Бізде қазіргі кезде бұған дейін әзірленген латын графикалары орыс-латын транслитерациялық таңбалар жүйесі, яғни «волапюк» түрінде пайдаланылып келеді» - дейді Е.Файзоллаұлы.
Кириллицадағы қазақ әріптерін компьютердегі ішкі құрылымына енгізу өте қиын жағдайда жүрді, - дейді жоба авторларының бірі. Компьютердің көптеген бағдарламалары бойынша қазақ әріптері «ұшып» кететін, «жоғалып» кетіп көрінбей қалатын. Кирилл қаріптеріне негізделген қазақ дыбыстары, көп жағдайда іздеу кезінде кедергілерге ұшырап жататын. Қазақ әріптері – Ә, І, Ң, Ғ, Ү, Ұ, Қ, Ө сияқты интернет саласында жүруі, бір-бірімен хат алмасуы, GPS, жаңадан шығып жатқан бағдарламалардың көбінде шешімін таппады.
«Сондықтан, Жанат Аймағанов жаңа қазақ әліпбиін негізін құрастырып, қазақ әріптеріне кедергі-кемшіліктер келмейтіндей етіп әзірледі. Осы жобаны қолдауға біз де күшімізді салған болатынбыз. Бұл жобаны Үкіметке ұсынған болатынбыз, жалпы қолдау тапқанымен, нақты шешімі болған жоқ. Өйткені ол кезде қазіргідей нақты тапсырманың болмауы да себеп болған шығар. Бірақ, бұл жобаның пайдалы жақтары өте көп. Елбасы латын әліпбиіне көшу туралы мәселе бергеннен бері біз жобаны қайта көтеріп тиісті органдарға енгізіп, ұсыныс жасадық» - дейді. Ерлан Файзоллаұлы.
Бұл мәселеде әлі де бір тоқтамға келген жоқ. Латын әліпбиінің қисынды, қисынсыз жобалары қазірдің өзінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Шешім қабылдайтын уақыт тақап келеді. Қазақ тілінде заманауи технологияға ене алмай, өркениеттің көшінен қалып қалу қауіпі бар. Қолдағы бар мүмкіндіктерге қарай қазақ тілінде терілген мағлұмат бір компьютерде ашылып, екіншісінде ашылмайды, қазақ әріптерінің орнына иероглифтер шығып жатады. Сонымен қатар, интернет арқылы қазақша хат та әлі дұрыс жазылмайды, қажетті мәліметтер қазақ тілінде табылмайды (әсіресе төл дыбысты әріптерге байланысты). Мұндай қарапайым мәселелерді былай қойғанда, қазіргі кезде орнығып келе жатқан GPS (global position system), электрондық карта, электрондық банкинг, электрондық коммерция, e-mail, SMS, қолжазба, дыбыс тану, роботтық технологиялар жайлы айтсақ, оларда біздің мемлекеттік тілді қолдану еш сын көтермейді. Енді осы мәселелерді шешудің нақты жолдары қандай?
Ол – жаңа ақпараттандыру әлемінде «ABCnet» (эй-би-си нет) жобасындағы латын әріпін пайдалану. Бұл жобаның авторлары, бұның рухани да, экономикалық та пайдасы зор деп отыр.
Бұл: 1) өзіміздің төлдік дыбыстарымызды, жазуымызды қайта түзетуге, түлетуге реформалар жасалады;
2) әлемдік өркениетке жетудің алғышарттарын жасап, қазақ тілінің жаңа жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді;
3) алдымен латыншаға қазақтілділер өтсе, орыс тілділердің бірте-бірте оларға ілесіп, ынталану мүмкіндігін болжауға болады;
4) Қазақстан халқының бірегей мемлекеттік әліпбиі болады әрі шетелдерде тұрып жатқан 5 миллионға жуық қандас бауырларымызбен ортақ әліпби мәселесі шешіледі;
5) қазақ тілінің жаңа ақпараттық технологияда кеңінен қолданылуына зор мүмкіндіктер туады» - деп санамалап тұрып дәлелдеп отыр, Е.Файзоллаұлы.
«ABCnet» - ағылшын тілінен аударғанда желі әліппесі, ал желі дегеніміз, - бүгінгі күні жер шарының бүкіл байланыс саласы, тіпті ғарыштық байланыстың өзі де желіге жатады.
«Бізге халықтық заманауи талаптарға сәйкес келетін, ұлттық тілімізді дамытатын осыған лайықталған әліппе керек. Әріптер тек тілді бейнелей алатын аспап секілді болуы керек. Мысалы ағылшын тілін айтар болсаңыз 26 әріп арқылы елуге жуық оқылу дыбысын бейнелеп тұр. Қолданыста бар, қолдану құны бар дыбыстарды ғана қалдырып, грамматикалық жаңарту жасауға да болады» - дейді ол.
Ең маңыздысы, қазақ тіліне лайықты қызмет ете алатын, қазақ тіліндегі дыбыстарды толықтай бейнелеп бере алатын болуы керек. Грамматикалық қайшылықтар тудырмаса болғаны, бұдан соң ортақ нұсқа жасау қиындық тудырмайды. Сондықтан бізге ең танымал, ықшамды, үш тілді бірақ қамтитын әліппе қажет. Елбасы Н.Назарбаевтың да латын әліпбиінің бірнеше түрін жасатып, оны жалпыхалықтық талқылауға салып отырғанының да басты себебі осы. Ортақ мүдде!
Ақбота Күзекбай