17.10.2017
Ruh.kz хабарлағандай, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы халықаралық ЮНЕСКО ұйымының аясында өтетін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтетін «Қоғамдық сананы жаңғырту: қазақстандық жол және Н.Назарбаевтың үлгісі» конференциясына белсене қатысады.
Қазақстан әдебиеттерінің орталығының салтанатты ашылуына Франциядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Жұмағалиұлы Дәненов, BULAC Шығыс тілдері мен мәдениеті институты кітапханасының директоры Maria-Lise Tsagouria ханым, Қазақстан Республикасының Ұлттық акакдемиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңалбаева, ЮНЕСКО және ИСЕСКО халықаралық ұйымдарының өкілдері, Қазақстанның қоғам мен мәдениет қайраткерлері және зиялылары, Франциядағы отандастарымыздың ассоциациясының өкілдері, Париждегі ЖОО-ның студенттері қатысады.
"Қазақстан әдебиеттері орталығының ашылуы шығыс тілдері мен мәдениеті институтының профессорлық-оқытушылық құрамына қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерімен жақын танысуға мүмкіндік береді. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен оның экономика, саясат, әлеуметтік салаларындағы табыстарын көпшілікке таныстыруға жол ашады. Орталықта Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, соның ішінде, оның әлемдік саяси аренадағы орны мен рөліне арналған кітаптары, тарих, ғылыми-көпшілік және көркем әдебиеті бойынша 200-ге жуық кітаптар ұсынылады. Бұл кітаптар француз оқырмандары арасында үлкен қызығушылыққа ие болып, қазақтың бай мәдени мұрасын тануға мүмкіндік беретіні сөзсіз", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ ЮНЕСКО штаб пәтерінде «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты кітап көрмесі өтеді.
Көрменің басты мақсаты – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының: «Латын әліпбиіне көшу», «Жаңа гуманитарлық білім», «Туған жер», «Қазақстаның киелі географиясы», «Жаһандану заманындағы Қазақстанның заманауи мәдениеті», «Жүз жаңа есім» негізгі бағыттарын насихаттау. Сол арқылы қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін, тарихи жерлерін және Тәуелсіз Қазақстанның даму жолын кезеңдер бойынша көпшілікке таныту.
Кітап көрмесі 4 негізгі тараудан тұрады, олардың әрқайсысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбектері, сирек және бірегей баспалар, латын әліпбиіндегі баспалар, қазақ және қазақстандық ақын-жазушылардың, оның ішінде Абайдан бастап заманауи қазақ проза мен поэзиясына дейінгі туындылар арқылы таныстырылады.
Көрмеде 100-ге жуық ағылшын, француз, қазақ тілдерінде және латын әліпбиіндегі кітаптар ұсынылады.
Сонымен қатар, тұсаукесерде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрлық бағытта қызмет атқаратын, әлемдік электронды кітапханалармен ықпалдасуға мүмкіндігі бар Қазақстандық электронды кітапханасының (ҚазҰЭК) таныстырылады.