20.09.2017
«Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы мен «SamrukKazynaTrust» қорының бірлесіп жүзеге асырып отырған «Zhangyru» корпоративтік оқыту» жобасының мақсаты білім беру, жеке көшбасшылық құзыреттілігі мен дағдысын үйрету, кәсіпті және әлеуметтік кәсіпкерлікті тиімді жүргізуді үйрету арқылы адам капиталын дамыту болып табылады.
«Бұл жобаға ағылшыл тілін жетік меңгерген, жоғары білімі бар 21 мен 35 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Ол үшін жобаға қатысушы мотивациялық хат жазып жіберуі керек, яғни ол бұл жобаға не себепті қатысқысы келетінін түсіндіріп, өз мақсатын айқын көрсетуі тиіс. Өтініш берушілердің ішінен 50 адам іріктелініп алынады», - деді «SamrukKazynaTrust» қорының басқарушы директоры Лима Диас.
Жалпы, «Zhangyru» корпоративтік оқыту» жобасының қатысушылары өз мақсаттары мен міндеттерін жүйелей білуді үйренеді, өз эмоционалдық жағдайы мен бизнесті басқару стратегиялары туралы білім алады. Жеке құндылықтарын ашып, жобаларды басқаруда жаңаша тәсілдерді жүзеге асыруды үйренеді.
«Бірінші кезекте «Zhangyru» корпоративтік оқыту» жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жүзеге асыруға қосқан үлесіміз деп біліңіздер дегім келеді. Себебі, білімсіз рухани жаңғыру туралы айту мүмкін емес. Аталмыш жобаға қатысушылар қыркүйектің 20 мен 29 аралығында іріктелініп алады, ал қазанның 2 мен 19 аралығында олар ақысыз негізде 12 күндік тренингтен өтеді. Ал, арнайы шақырылған жетекші тренерлер жеке көшбасшылық, бизнес, үкіметтік емес ұйымдар модульдері бойынша тренинг өткізеді», - деді «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының Кеңес мүшесі Ғани Нығметов жобаның таныстырылымында.
Тренинг қорытындысы бойынша барлық қатысушылар «Zhangyru» корпоративтік оқыту» курсын өткені туралы сертификатқа ие болады, ал үздік деп танылған 5 қатысушы жоба серіктесі «GenevaBusinessSchool» Өкілдігі» АҚ ұсынған сыйлықтарды иемденеді.
«GenevaBusinessSchool-дың әлем бойынша 6 елде өкілділігі бар. Біз жоба жеңімпаздарына арнайы гранттар ұсынып отырмыз. 1 орынға MBA бағдарламасы бойынша білім беру гранты ұсынылса, 2 орынға MBA бағдарламасы бойынша білім алуға 75% жеңілдік, 3 орынға 50 % жеңілдік, 4 және 5 орындарға 25% жеңілдіктен беріледі. Жеңімпаздар Астанада швейцариялық әдіспен демалыс күндері оқытылады. Ал, оқытушылар шетелден келеді», - деді жоба серіктесі «GenevaBusinessSchool» Өкілдігі» АҚ басшысының орынбасары Айжан Түсіпбекова.
Сонымен, «Zhangyru» корпоративтік оқыту» жобасының жеңімпаздары 13 қарашада анықталады. Алайда, егер сіздің өтінішіңіз өтпей қатыса алмасаңыз, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының сайтынан тренингтердің онлайн көрсетілімін көре аласыз.
Айта кетерлік жайт, бұл жобаға «Болашақ» бағдарламасы бойынша немесе өзгеде бағдарлама аясында шетелде білім алып келген азаматтар қатыстырылмайды.
Мөлдір Асқарқызы