10.08.2017
ШҚО әкімдігінде хабарлағандай, ғалымдар анықтаған киелі жерлердің бірі - Берелдегі Патшалар алқабы. Биылғы жылдың мамыр айында профессор Зайнолла Самашев С.Аманжолов атындағы ШҚМУ тарих факультетінің студенттерімен №5 қорған қазбаларын бастады. Мұнда олар ежелгі ақсүйектер руына жататын әйел адамның жерленген жерін анықтады. Алтын әшекейлердің, былғары тондар, бас киім, белбеулердің сақталып қалған бөліктері оны біздің дәуірімізге дейін 3-ші мыңжылдықта жерленген жауынгер әйел болған деп санауға мүмкіндік береді.
Өңір басшысы Даниал Ахметов қазба орнында болып, жануарлардың пішіндері түріндегі жаңа артефакттар мен алтын әшекейлерді қарап шықты.
«Бұл киелі жер! Осы жердің әсемдігі таң қалдырады әрі шабыттандырады. Оның Патшалар алқабы деп аталуы да кездейсоқ емес. Бұл жерде көргеннің барлығы мақтаныш сезімін оятады. Бұрын біз көшпелі халық болып саналсақ, табылған олжа басқа да тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді. Ежелгі тайпалар жартылай көшпелі өмір салтын ұстанған. Мұндай бұйымдарды дайындау үшін стационарлық жағдайлар қажет. Яғни олардың қоныстары, баспаналары, шеберханалары, өзіндік зертханалары болған. Осының барлығын археологтарға әлі де анықтауға тура келеді», - деді Даниал Ахметов.
Айта кетейік, Берел қорымының археолог-зерттеушілерінің тапқан олжалары мен ғылыми тұжырымдамалары туралы профессор Зейнолла Самашев қыркүйектің басында Өскеменде өтетін археологтардың халықаралық конференциясында айтып бермек.