07.03.2017

-Қарлығаш Амантайқызы, өз компанияңыздың қызметі туралы айтып берсеңіз.
-Астана нарығында біз 7 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеміз. Сол уақытта біз кішігірім цехті жалға алудан бастаған болатынбыз. Қызметті ас үй, жатын бөлме мен комод, сөрелерден бастаған болатынбыз. Кейін тендерлермен айналыса бастадық, мектептер мен әртүрлі ұйымдарға жиһаз жеткізе бастадық. Мәселен, Назарбаев университеті 5 жылдан бері біздің тұрақты тұтынушымыз. Екі жыл бұрын инвесторлардың көмегімен жаңа жобаны таныстырып, өндірісті ұлғайтуға қаржы тартқан болатынбыз. Ал, бір жарым жыл бұрын заманауи технология орнаттық. Біз 3 аспектіні қамтимыз: қолдан жасалған элиталық жиһаз, орта санатты жиһаз және корпорация, кеңселік жиһаз.
Қазір біздің компанияда 31 адам жұмыс істейді. Жыл сайын қызметкерлер саны артуда. Басында бізде 10 адам қызмет етті, кейін бір жыл ішінде білікті кадр жинап, кеңейдік. Біз тапсырыстар аламыз, жұмыс істейміз және жұмысшыларымызды оқытамыз. Тіпті жиһаз өндірісі саласында мүлдем жұмыс істемеген жандарды да жұмысқа тартамыз. Аптасына үш рет оқытамыз, яғни өз күшімізбен барлығын оқытып, біліктілік береміз және білімін шындау үшін өндіріске жұмыс істеуге жібереміз.
Корпустық жиһаздан адамға қажетті дүниенің барлығын жасай аламыз. Тұрғындар ресейлік жиһазды қалайтыны өтірік емес. Бастысы, біз өз проблемамызды біліп, сол бойынша жұмыс істейміз. Біздің мақсат сапа, жайлылық және бедел.

-Бүгінгі таңда біздің елде отандық жиһазға сұраныс қандай?
-Қазақстандық нарық қазіргі таңда шетелдік жиһазбен қамтылған. Жалпы, отандық өндіріс 30 пайыз болса, қалғанын шетелдік инвесторлар иемденіп алған. Атап айтсақ, Ресей, Түркия, Қытай, Украина, Белоруссия. Бізде тәуелсіздіктің 25 жылында ірі кәсіпорындар қалыптасып үлгермеді. Бәсекеге қабілетті 10 компания ғана қалды. Оның ішіндегі әлсіздері нарықтан шығып қалды.
Қазіргі таңда біз мемлекеттік органдар мен Ұлттық палатамен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Әртүрлі алаңдарда Қазақстанда отандық жиһаз шығарылатынын жарнамалап жүреміз. Қазақстандық компанияларға қаржы құю керек, осылайша отандық экономиканы дамытамыз.Қазір Үкімет мемлекеттік сатап алуларды қайта қарап жатыр. Бұл біздің жұмысымыздың ауқымды бастамасы.
-Қоғамдағы әйел кәсіпкерлердің үлесі туралы не айта аласыз? Өнеркәсіпте жұмыс істеу қаншалықты қиын?
-Қазақстанда өнеркәсіп саласын таңдайтындар саны тек 5 әйел шығар. Оның үшеуі ресейлік жиһазды қайта сатады. Мен ең төменінен бастадым. Станоктармен жұмыс істеп, осы саланың қыр-сырын меңгердім.Шеберлердің өздері мен алдап соға алмайды. Себебі, мен өнеркәсіптен, өндірістен бастадым.
Рас, біздің әріптестеріміздің басым бөлігі ер адамдар. Оның үстіне өндіріске бәрін түсінетін әйел адамы келгенде және ол саған қарсы тұрып немесе кеңес беретін болса көбіне жақсы қабылданбайды. Жеке өз басыма өткір мінезділігіммен жұмыс істеу оңайға соқпайды. Мен Астананың жиһаз қауымдастығының директоры болып табыламын. Қазақстанда бұл ұйымға 20 жыл толды. Оның құрамында 90 қазақстандық жиһаз ұйымдары бар. Жұмыста келіспеушіліктер мен кедергілер, түсінбеушіліктер болып тұрады. Бірақ, мен барлығына үлгеріп, шешуге тырысамын. Мен төрт баланың анасымын. Жұбайым бар. Балалар балабақша мен мектепке барады. Сонымен қатар кешкі уақытта бизнес мектепке және ағылшын тілі курстарына барамын. Бүгінгі таңда әйел адам барлығына үлгеруі керек. Жалпы адам бірнәрсені қаласа соған жету үшін бар қиындықтарға төзу білу керек. Бастығы рухани және моральды тұрғыда мықты адам болған жөн. Кей кездері ер адамдардың өздері кәсіпкерлікке бой бұра бермейді, себебі ол шынында да оңай емес.
Мысалы, біздің компаниямыздың негізін қалау үшін мен жалғыз өзім инвестор іздедім. Өз кәсібін бастағысы келетін әйелдерге бір беткей, қайсар және өздеріңізге сенімді болыңыздар деп кеңес берер едім.

-Дағдарыс бизнесті дамытатын мүмкіндік деп жатады. Сіз бұл көзқараспен келісесіз бе?
-Дағдарыс – бизнесті дамытудың негізі, оны барлығы біледі. Бұл барлығына қорқыныш әкелетіні түсінікті. Жан-жағың дағдарыс туралы ғана айтса әрине, қиын. Алайда, әлемдік тәжірибе деірі компаниялардың көп бөлігі дағдарыс кезінде серпін алғаны белгілі.бастысы қорықпау керек. Адамдар өздеріне өздері сенімді болуы керек, барлығын өз бастарынан өткізіп, болашаққа үлкен сеніммен қараған жөн.

-Елбасының «Қазақтанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында бұқаралық және отбасылық кәсіпкерлікті дамыту керек деп көрсетілген. Қазақстандағы кәсіпкерлікті қай бағытта дамытқан жөн деп ойлайсыз?
-Елбасының «Үшінші жаңғыру: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында бизнес саласында одан әрі даму керек деп көрсетілген. Бұл маған күш жігер береді. Мемлекет басшысы отбасылық және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту қажеттігін айтты. Отбасылыққа келетін болсақ, біз ауыл шаруашылығына ден қоюымыз керек. Табиғи байлық азайып бара жатса да, ауыл шаруашылықты дамытсақ, ол жылдан жылға қарқындап дами бастайды. Егер жиһазға келетін болсақ, шетелдік емес отандық өнімге ақша жұмсау керек. Себебі шикізат барлығында бірдей, ал біз болса үш есе қымбат бағаға сатып аламыз.
Еліміз бойынша жеке кәсібін ашуға үгіттейтін насихаттық жұмыстарды жандандыру керек. Мүмкін халық білімсіздігінен өз бизнесін ашуға асықпайды. Алайда бүгінде тек шағын және орта бизнес қана ел экономикасын дамытуда елеулі үлес қоса алады.
- Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?
Біздің басты мақсатымыз – Қазақстандағы ірі фабриканың бірі атану. Тұрақты жалақысы бар мыңдаған білікті қызметкер болады деп үміттенеміз. Қазақстан бойынша жиһаз жасайтын ірі компанияға айналып, шетелге экспортқа шықсақ деген ниетіміз бар.
Айта кетерлік жайт, біздің компания халықаралық стандарттарға негізделіп құрылды. Жақын арада өндірісті еуропалық стандартқа сай автоматтандыруды көздеп отырмыз. Әр құрал, әр станок бүге-шүгесіне дейін зерттеледі. Менің ойымша мұндай жетістіктерге жету әбден мүмкін.
Сұхбатыңызға рақмет!
Ақбота Күзекбай
Суретті «Grand Prix» компаниясы ұсынды