04.10.2017
Тұқым шаруашылығын дамыту картасын әзірлеу қажеттігі тұқым шаруашылықтарының техникалық жарақтандырылуының ең төмен деңгейімен, өндірісте тиімсіз сұрыптардың қолданылуымен, мемлекеттік қолдаудың ынталандырушы әсерінің болмауымен байланысты.
«Соңғы бес жыл ішінде элиталық тұқым себілген егіс үлесі орта есеппен 4,6% құрады. 2015-2016 жылдары элиталық тұқымдар Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес субсидияланбаған. Бұл 2016 жылы элиталық тұқым себудің бірден 3,5%-ға дейін ұлғаюына әкелді. Өткен жылы осы қағидаларға өзгерістер енгіздік және бидайды субсидиялай бастадық. Биыл элиталы тұқым себу 5,2% құрады. Біз 2021 жылға дейін ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша 12%-ға жетуді жоспарлап отырмыз. Бұл - әлемдік классика», - деп атап өтті бірінші вице-министр.
Ағымдағы жылғы жағдайға қатысты, бүгінде 4 және 5 массалық репродукция тұқымдарын пайдалану қысқарған.
«Ғалымдардың айтуынша, өнімділігі төмен тұқымдарды себетін болсақ, біз жыл сайын шығымдылықтың 20%-ын жоғалтамыз. 2016 жылғы есептер бойынша, біз 5 млн тонна, 2017 жылы 4,7 млн тонна жоғалттық. ЕО, АҚШ, Канада елдерінде өндірісте жоғары өнімді элиталы және бірінші репродукциялы тұқымдар, ал ТМД елдерінде үшінші репродукциядан төмен тұқымдар қолданылады », - деп нақтылады Қайрат Айтуғанов.
Осы факторларды ескере отыра, тұқым шаруашылығын дамыту картасында өнімділігі мен сапасы жоғары болатын тиімді сұрыптарға ғана субсидиялар төлеу көзделген.
Ақбота Күзекбай