22.09.2017
Алматы облысы әкімдігінен хабарлағандай, қапшағайлық қызылшашылар биыл мол өнім жинауды межелеп отыр. Биыл Қапшағай қаласында 570 гектарға қант қызылшасы себілген. Гектарына 350-400 центнерден өнім жинау жоспарланғанымен, бүгінгі күні шаурашылықтар гектарына 600 центнерге дейін өнім алуда. Көксу қант зауытына өңдеуге «Есен-Аман» шаруа қожалығы жалпы көлемі 20 мың тонна болатын тәтті түбір өткізуді көздеп отыр.
Қапшағайлықтардың қант қызылшасын өткізу эстафетасын енді Ескелді мен Көксу ауданы жалғастырады.
Атап өтер болсақ, өткен жылы Алматы облысының қызылшашылары 6,4 мың гектарға тәтті түбір өсірсе, биылғы жылы бұл дақыл алқабының көлемі 9 мың гектарға жетіп отыр. Ақсу қант зауытын қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, кәсіпорын жуық арада шикізат қабылдауды бастайды.
Сонымен қатар, өңір қызылшашыларына тұқым, тыңайтқыштар, жанар-жағар май, жаңа техника алуға, өнім жинауға көрсетілетін жәрдем жалғасуда.