• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
Қазақстандық шаруа қожалықтары үшін көшпелі консультациялар енгізілмек 07.09.2017

«Қазір Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен 217 мыңнан астам субъект айналысуда. Мұндағы негізгі проблема - фермерлердің көбінде арнайы білімінің жоқтығында», - деді Н. Әлтаев.

Ол мемлекет өндірушілерді даярлау сапасын арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылдағанын айтты.  Агробіліктілік орталығы ашылып, ол өз қызметін екінші жыл қатарынан атқарып келеді. 

«Орталықтың басты мақсаты - қолжетімді ақпараттық-консультациялық қызметтер ұсыну арқылы ауыл шаруашылығы өнімін өндірудің бәсекеге қабілеттілігін арттыру», - деп атап өтті Н. Әлтаев.

"Атемекен" төрағасының орынбасары ауыл шаруашылығы бизнесіне арналған семинарларға қатысты үлкен сұраныс бар екенін мәлім етті. 

«Ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне осы саладағы білім аса қажет. Біздің мақсатымыз – адамдарға осы білімді барынша тиімді жеткізу», - деді Н. Әлтаев.

Сондай-ақ ол қазір «Атамекен» білім хабын құруға тырысып жатқанын хабарлады.

«АӨК саласында бизнеспен айналысқысы келетін, бірақ ақпарат таба алмайтын адамдар көп. Біз ақпаратты университеттерден, ҒЗИ-ден жинап, баршаға қолжетімді етеміз. Мысалы, біз YouTube желісінде барлығы толық түсіндірілетін қысқаша роликтер орналастырамыз», - деп бөлісті спикер.

Сондай-ақ ол жыл соңына дейін шаруа қожалықтарының басшылары үшін көшпелі консультациялар енгізу жоспарланып отырғанын хабарлады. 

«Қазір біз шаруалармен кеңесіп жатырмыз. Олардың ұсыныстары бойынша жыл соңына дейін шаруа қожалықтарының басшылары үшін көшпелі консультациялар енгізуді жоспарлап отырмыз», - деп хабарлады Н. Әлтаев.

Ол көшпелі консультацияларды қазақстандық сарапшылар АӨК субъектілерінің өтінімдері бойынша жүргізетінін түсіндірді. Қазақстандық сарапшы шаруа қожалығына барып, жағдайды бағалайды және проблемаларды жою жөнінде ұсынымдар береді. 

«Яғни маман кәсіпкердің нысанына келіп, оған шаруашылықты жүргізудің, технологияның ерекшеліктерін және т.б. түсіндіреді. Көшпелі консультациялар тиімділікті күрт көтеруге мүмкіндік береді», - деп атап өтті спикер.

Осы ретте ол көшпелі консультацияларға нақты сұраныс бар екенін айтты. 

«Біздің бағдарламаларымыздың аясында семинарлар базалық шаруашылықтар негізінде жүргізіледі. Мұнда да тапсырыс асыра орындалды. Қазір біз оқыту үшін базалық шаруашылықтарды іріктеу жүйесін әзірледік, онлайн дауыс берудің нәтижесінде семинарлар өткізу үшін үздік сарапшылар мен шаруашылықтар іріктеледі», - деп мәлім етті төраға орынбасары.

Сөз соңында  Н. Әлтаев бағдарламаны сәтті іске асыру үшін шешілуі талап етілетін бірнеше мәселеге назар аударды. 

«Біріншіден, базалық шаруашылықтарды алғашында ірі кәсіпорындар ғана ашқан болатын. Алайда, біз барлық тыңдармандарды ірі шаруашылықтарда оқыта алмаймыз. Екіншіден, адамдар семинарлардың қыс уақытында, яғни олардың жұмысы аз болған кезде өткізілуін қалайды. Алайда, АБО қаражатты көктемде ғана алады. Бұл мәселе шешілсе, жұмысты қаңтарда да бастауға болады және сәйкесінше адамдар да көбірек қамтылар еді», - деп қорытындылады Н. Әлтаев.

Қайрат Жандыбаев


Back to the list