21.06.2017
Байзақ ауданының Шахан ауылында ауданның шаруа қожалықтарының бір бөлігін суармалы сумен қамтамасыз ететін Темірбек каналын механикалық тазалау жүргізілуде.
«Ұзақтығы 20 км Темірбек каналын қайта құру үшін сараптама жасалып, тендер өткізілді», - деп түсіндірді әкімдікте.
Сондай-ақ Кеңес каналын да ретке келтіру жоспарланып отыр. Осы екі объектіге бюджеттен 30 млн теңге бөлінген. Каналдарды механикалық тазалау кезек-кезекпен жүргізілетін болады, алайда, объектілерді тапсыру бір уақытта өтпек.
Бұдан бөлек, барлық шлюздар мен көпірлер жөнделеді. Бұл 2,5 мың гектар суармалы жерді айналымға қайтаруға мүмкіндік береді.
Аудан басшылығы ауданның егіс алқаптары 59 мың гектарды құрайтынын атап өтті. Оның 28 мың гектардан астам бөлігі – суармалы жерлер. Каналдар жөнделгеннен кейін суармалы егіс алқаптары ұлғаяды.
Жамбыл облысында «Тасқын су қаупінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» жол картасына 83 объект енгенін атап өту қажет.
Объектілерді қайта құруға бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 14,4 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ көпірлерді, жинақтауыштарды, су өткізу құрылыстары мен қорғау бөгеттерін салу мен қайта құру, жағалауларды күшейту және өзен түптерін тереңдету жүргізілмек. Сондай-ақ 1,3 млрд теңге сомасына 48 су қоймасы мен бөгеттерді қайта құру жоспарланған.