05.05.2017
Жиналыс барысында Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы мен көктемгі егістік жұмыстары талқыланды.
Айта кетерлік жайт, көктемнің кеш түсуіне қарамастан, егістік жұмыстары жақсы қарқынмен жүргізілуде.
«Ағымдағы жылы бірінші рет көктемгі-егістік дала жұмыстарын жүргізу үшін берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмендетілді. Түпкілікті тұтынушыға мөлшерлеме 6 пайыздан аспайды», – деп атап өтті А.Мырзахметов.
Себебі көктемгі егіс жұмыстары қысқа мерзімді қамтып, аз уақытта несие алушылар саны еселеп өсіп кетеді. Осы кедергіні жойып, уақытын жылдамдату және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің санын арттыру мақсатында биыл бірінші рет «Аграрлық несие корпорациясы» тікелей шаруаларды қаржыландыруды бастады. Яғни, ортадағы көптеген сатылар қысқарып, қолжетімді болды.
Бұдан өзге, Жаңа Бағдарлама бойынша бірінші рет кепілсіз несие беріліп отыр. Аталмыш несиеге қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер кооперативтерге бірігуі қажет. Осылайша, кооперативтерге бірігу арқылы ауылдың экономикалық жағдайын көтерумен қатар, жұмыспен қамту, тұрғындардың қалаға көшу сияқты әлеуметтік мәселелерін де шешу көзделген. Сонымен қатар, қосалқы шаруашылықтар ауыл шаруашылығы шикізаттарын шығаратын бірден-бір өндірушілер болып табылады. Бұған Германия, Қытай, Израиль сынды дамыған елдердің тәжірбиелері дәлел.
А.Мырзахметов үш өңірдің басшыларына мәселенің маңыздылығын тағы бір ескертіп, белгіленген межені мерзімінде орындауды тапсырды. Вице-Премьердің айтуынша кооперативтерге бірігуге халықтың ынтасы жоғары, қаржы көзі де жеткілікті, субсидиялау механизмі де түзілген. Демек, жергілікті билік бұқара арасында түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп, жұмысты дұрыс үйлестіре білулері керек.
Осы жылы Жамбыл облысында 32 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 19 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Ал, Алматы облысы бойынша жоспарланған 111 кооперативтің 27 құрылған. Оңтүстік Қазақстанда жоспардағы 75 кооперативтің 26-сы жұмысын бастаған. Бұл кооперативтер сүт пен ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемелігін арттыруға үлкен үлес қосып отыр.
Сонымен қатар, жиналыс барысында министр оңтүстік өңірлердегі су тапшылығы мәселесін қозғады. Бұл Бағдарламада су ресурстарына да ерекше мән берілгенін айтты. Осыған байланысты, жалпы көлемі 610мың га жерді суармалы аймаққа айналдыру, 368 мың га жайылымның суғару жүйесін қалыптастыру жоспарлануда.
Министрліктің жүргізген экспорттық саясаттың нәтижесінде, Жамбыл облысынан Иранға қой еті тасымалдана бастады. Ал Қытай мен Израиль мемлекеттерінің бизнес өкілдері отандық өнімдерге қызығушылық танытуда.