06.04.2017
«Жер реформасы бойынша Комиссияның жер заңнамасын жетілдіру жөніндегі дайындалған ұсыныстарын заңнамалық реттеу мақсатында, Жер кодексіне бірқатар нормалар қарастырылған өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделуде», - деп ағынан жарылды Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру институтын сақтай отырып, заң жобасымен ауыл шаруашылығы жерлерін конкурстық негізде берудің бөлек тәртібін белгілеу қарастырылады.
«Конкурсқа жариялылықты және барлық потенциалды қатысушыларға бірдей қатысуды қамтамасыз ету мақсатында жаңа тәртіп конкурсты өткізу туралы хабарламаны БАҚ, әкімдіктердің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет-ресурстерінде жариялау қарастырылады. Конкурстың жеңімпазын анықтайтын конкурстық комиссияның құрамына қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдері қатысады, олар комиссия мүшелерінің жалпы санының 50 % астамын құрайды», - деп атап өтті Г. Бимендина.
Сала маманы хабарлағандай, конкурсқа қатысудың міндетті шарты болып қатысушымен конкурстық ұсынымды беру болып табылады. Атап айтқанда: ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізудің бизнес-жоспары; шаруашылықішілік жерге орналастыру жобасын жасау және игеру бойынша міндеттемелер; жергілікті тұрғындарға жұмыс орындарын құру бойынша міндеттемелер; өңірдің мамандануына сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарының егу алаңдарының құрылымын әртараптандыру бойынша индикативтік көрсеткіштерді орындау бойынша міндеттемелер.
«Осы талаптар беріліп жатқан жерлерді ұтымды және тиімді пайдалану мақсатында белгіленіп отыр. Сонымен қатар, берілетін жерлердің ұтымды пайдаланылуын тексеру мақсатында, заң жобасымен тұрақты мониторинг жүргізу қарастырылды: жалға алудың алғашқы 5 жылында – жыл сайын,келесі кезеңдерде суармалы егістікте әрбір 3 жылда, тәлімді жерде – әр 5 жылда», - деді Г. Бимендина.
Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары мәлімдегендей, ауыл шаруашылығы жерлерінің үлкен мөлшерін «бір қолға» беруге жол бермеу мақсатында, заң жобасымен қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің ең жоғары мөлшерін алқаптар бойынша республика, облыс және әкімшілік аудандар (қалалар) шегінде белгілеу қарастырылады.
«Бұдан басқа, Заң жобасымен Мемлекеттік шекараның шекара белдеуінде және аймағында ауыл шаруашылығы жерлерін беру талаптарын күшейту қарастырылған, онда шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдіктердің қатысуы бар заңды тұлғаларға жерді иеленуге шектеу қойылады», - деді ол.
Сонымен қатар, Г.Бимендина ауыл тұрғындарының мал жаюы үшін жайылымдық алқаптардың жетіспеу проблемасын шешу үшін заң жобасымен елді мекендер маңында тұрғындардың жеке малдарын ұстау бойынша мұқтаждарын қанағаттандыру үшін қажетті жайылымдардың көлемдері анықталатынын тілге тиек етті.
«Заң жобасымен жер комиссисының статусын анықтау, жер учаскесінің бөлінуі, елді мекен жерлеріндегі жер учаскелерінің нысаналы мақсатын ауыстыру және т.б. мәселелерді қамтитын Жер кодексінің нормаларын жетілдіру қарастырылады», - деп түйді Г.Бимендина.
Жоғарыда аталған нормаларды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеліп соқпайды және ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға жол ашатын болады.
Қайрат Жандыбаев