05.04.2017
«Қазақстанның агроөндірістік кешенінің болашағы зор. Көптеген бағыттар бойынша біз әлемде ауыл шаруашылығы өнімін экспорттайтын алпауыт мемлекеттірдің бірі бола аламыз», – деді А. Мырзахметов.
Вице-премьер хабарлағандай, еліміздегі АӨК-тің бәсекеге қабілеттілігін және экспорттық әлеуетін арттыру үшін 2017-2021 жылдарға арналған АӨК дамыту жаңа мемлекеттік бағдарламасы жасақталып, бекітілді.
«Осы жылдан бастап экспорттық саясат өткізу нарықтарында отандық өнімдерге мақсатты түрде қолдау көрсетуге бағытталады. Осы ретте Азық-түлік коорпорациясы «Қазақ экспорт» және «Қазақ Инвестпен» бірлесіп өз қаржысы есебінен АӨК-тің экспорттық орталығы ретінде шығатын болады. 2021 жылға қарай экспорт көлемін 0,8-ден 1,5 млрд долларға дейін арттыру қарастырылған», – деп хабарлады А. Мырзахметов.
Сонымен қатар оның айтуынша, ҚР АШМ Қазақстанда органикалық ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жұмыстар жүргізуде.
«Органикалық өнім соңғы жылдары әлем нарығында үлкен сұранысқа ие болып отыр. Ұлғайған сұраныс ҚР алдында үлкен мүмкіндіктердің бетін ашуда. Себебі біздің органикалық өнімдерді өндіруге қауқарымыз жетерлік», – деп атап өтті А. Мырзахметов.
Бүгінде елімізде аграрлық салаға инвестиция тарту тбойынша тікелей инвестициялар қорын жасақтау шаралары жүргізілуде. Аталмыш жұмыс аясында Қазақстан БҰҰДБ, ФАО және өзгеде халықаралық институттармен тығыз байланыс орнатқан.