02.09.2017
Салтанатты шарада аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаев сөз сөйлеп, облыс тұрғындарының денсаулығын жақсартуда атқарылып жатқан жұмыстарға бірқатар тоқталып өтті.
Денсаулық саласын дамытудың «2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы» аясында бұл ғимаратқа өзінің бастапқы мақсатты фунциясы қайтарылды.
Яғни, бүгін «Айша бибі» балшықпен емдеу-оңалту санаторийі қайта пайдалануға беріліп отыр.
"Мемлекеттік бюджеттен санаторий ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына 520 млн. теңге, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға 354 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінді", - деді Кәрім Нәсбекұлы.
Айта кетерлігі, ғимарат алдында жүйке аурулар интернат үйі болған.
Қазіргі санаторийдің жалпы алаңы 4378,0 шаршы метр және 4 корпустан құралған. Жаңа медициналық мекемеде медициналық қызметкерлердің жалпы саны 151-ді құрайды, оның ішінде дәрігерлер - 16, ал орташа медициналық қызметкерлер - 30. Терапевт, ортопед, уролог, гинеколог, дәрігер-реабилитолог, стоматолог, УДЗ дәрігері, кардиолог, невропатолог және т.б. дәрігерлер сырқаттарды қабылдау жұмысын жүргізеді. Бас дәрігер – Қуатжан Тұрысбеков.
120 төсекке арналған санаторий Жамбыл облысының тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге бағытталған, сондай-ақ мұнда тірек-қимыл аппаратының, жүйке жүйенің, тері, хирургиялық, әйелдер мен еркектердің жыныстық ауруларын кешенді емдеу бойынша қызметтер көрсетіледі.
Санаторияда емдеу процедураларының келесі түрлері ұсынылған: бальнеоемдеу, балшықпен емдеу, тұзды ванналар, емдік душтар: циркулярлық және Шарко душы, физиоемдеу, ЛФК, тұзды шахта, кедр бөшкелері. Сонымен қатар, санаторияға облыста теңдесі жоқ буындарды дамытуға арналған Артромот қондырғысы алынды.
Сонымен бірге, санаторийға келушілердің емдеу курсынан өту ұзақтығы - 13 күн.