30.10.2017
«Президент «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын іске асыруды басты міндеттердің бірі ретінде атап өтті. Ақтөбе облысында осы тапсырманы сапалы орындауды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда», - деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Ақтөбе облысы «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру үшін пилоттық аймақ екенін атап өтелік. Бағдарлама шеңберінде тез тұрғызылатын несиелік жеке үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Жобаны іске асыру үшін «Нұр Ақтөбе» жаңа тұрғын үй алабында 111 мың адам тұру үшін 4 200 тұрғын үйге есептелген 1200 гектар жер телімі бөлінді.
Құрылыс сапасы тұрақты бақылауда. Жаңа технологияларды қолдану арқасында бір үй орташа есеппен 2-3 айда салынады, бұл стандартты құрылысқа қарағанда екі есе жылдам. Бірыңғай сәулет стилі сақталады. Тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 120 мың теңгеден аспайды.
«Биылғы жылдың соңына дейін жалпы ауданы 100 мың шаршы метр болатын кемінде 144 аз қабатты және жеке несиелік тұрғын үй пайдалануға беріледі. Мың отбасы қоныстойын тойлайды, - деп хабарлады облыс әкімі.
Облыста «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы табысты іске асырылуда. Осы бағдарламаның аясында үстіміздегі жылдың алғашқы тоғыз айында 1,7мың жұмыс орны құрылды, апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы оқу орындарын ауыстыратын 16 мектеп салынуда, жалпы құны 2,2 млрд. теңгені құрайтын 10 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандары жөндеуден өткізіліп жатыр.
«Жылдың соңына дейін «Нұрлы жол» үшін бөлінген қаражат толығымен игеріледі деп күтілуде. Бағдарлама табысты іске асырылады», - деді облыс әкімі.