08.08.2017
Ақтөбе облысында халықты жұмыспен қамту және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің кешенді жоспарын орындау мәселелері талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің төрағалығымен өткен жиналысқа Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері және басқарма басшылары қатысты.
Облыс әкімдігі хабарлағандай, жалпы алғанда 2017 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 31,1 мың адамды қамту жоспарда бар.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бибігүл Бисенғалиева қазіргі таңда жоспар 20 328 адамды қамти отыра 65,4% орындалды деп есеп берді.
Өңірде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» жүзеге асырудың тиімді шаралары қабылданып, Ақтөбе облысына 4,8 млрд. теңге бөлінді. Соның аясында техникалық және кәсіби білімі бар мамандарды қайта даярлау, азаматтарды еңбек нарығында неғұрлым сұранысқа ие кәсіпке немесе кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқытуды ұйымдастыру шаралары қабылдануда.
Сонымен, еңбек нарығының талаптарын ескере отыра, техникалық және кәсіби оқытуға 1 085 адам жіберілмек. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен 1 055 қысқа мерзімді оқуды бастап кетті.
Облыстың Ырғыз, Ойыл, Мұғалжар, Темір, Мәртөк және Шалқар аудандарында «Бастау Бизнес» жобасы жемісті жүзеге асырылып, соның аясында тәжірибелі жаттықтырушылар 1125 ауыл тұрғынын кәсіпкерлік негіздеріне үйретеді.
Бұдан өзге, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру, ТКШ мен инфрақұрылымдарды дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, ауыл мен қала тұрғындарын шағын несиелеудің белгілі бір нәтижелері бар.
Бұған қоса, облыс әкімінің орынбасары Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдерінің оқу бітіргеннен кейінгі жұмысқа орналастыру, құрылған және бос орындардағы жастар тәжірибесі мен әлеуметтік жұмыс орындарындағы жұмыстар бойынша нашар нәтижеге қатысты бірқатар кемшіліктерді атап өтті.
Сондай-ақ, ол барлық болжамды жоспарлы көрсеткіштерді орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.
«Негізгі мақсаты халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу болып табылатын кешенді жоспарды жүзеге асыру – мемлекет басшысының негізгі тапсырмаларының бірі. Аталмыш сауал облыс әкімінің қатаң бақылауында. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі халықтың әл-ауқатына әсер ететіндіктен тиімді болуы керек. Сондықтан, біз неғұрлым көп адамды қамту үшін бар күшімізді салуымыз қажет. Осы мақсатқа қарастырылған қаражат уақытында және толық мөлшерде игерілуі тиіс»,-деп атап өтті Ербол Нұрғалиев.
Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге қатысты сұрақтар да қаралды. Осыған байланысты өңірде халықтың әлеуметтік мәртебесін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Ауыл әкімдерінің жұмыспен қамту орталығының мамандарымен бірге тексеру жүргізуі кезінде 246 780 адамның әлеуметтік мәртебесі анықталып, мәліметтері ақпараттық базаға енгізілді.
Жиын соңында Ербол Нұрғалиев аталмыш жұмысты жандандыруды тапсырды.