13.06.2017
Облыстағы стипендия иегерлерінің жалпы саны 192 адамды құрайды. Стипендия тағайындау туралы шешімді облыс әкімінің төрағалығымен құрылған комиссия қабылдайды. 2017-2018 жылдарға өтінімдерді қабылдау 1 тамыздан 1 қыркүйекке дейін өтеді.
Стипендия иегерлері төрт санатқа бөлінеді. Бірінші санатқа Ақмола облысындағы кадрлар резервін құрайтын мамандықтар бойынша білім алатын студенттер кіреді. Екінші санат - халықтың әлеуметтік-осал топтарына жататын, үлгерімі жақсы және өте жақсы студенттер. Үшінші санатқа жастар ұйымдарының мүшелері мен белсенділері болып табылатын, үлгерімі жақсы және өте жақсы студенттер кіреді. Төртінші санат - мәдениет және өнер, спорт салаларында жоғары жетістіктерге жеткен студенттер.
Ақмола облысындағы кадрлар резервін құрайтын мамандықтар бойынша білім алушы стипендия иегерлері үшін атаулы стипендия берілгеннен кейін шарттар жасасу көзделген, оларға сәйкес стипендия иегері оқуды аяқтағаннан кейін облыс аумағында 3 жыл жұмыс істеуге тиіс болады. Қазіргі уақытта 61 студентпен шарт жасалған, олардың 39-ы медициналық мамандықтар бойынша.
Егер 2011 жылдан бастап төлем мөлшерлерін қарайтын болсақ, 2011 жылы атаулы стипендия төлеуге - 20 млн теңге, 2012 жылы – 40 млн теңге, 2013 жылы - 60 млн теңге, 2014 жылы – 61,7 млн теңге, 2015 жылы – 65,5 млн теңге, 2016 жылы 65,5 млн теңге бөлінген. Жалпы сома жыл сайын өсіп келеді, жастардың біліміне көп көңіл бөлінетінін көруге болады.
Бүгінгі күні стипендия мөлшері медициналық мамандықтар бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, бір студентке жылына 250 000 теңгені құрайды. Болашақ медицина қызметкерлері жылына 700 000 теңге алады.
Еске сала кетейік, 2011 жылдан бастап Ақмола облысында жастарды талап етілетін мамандықтарға оқуға тарту, жастарды қолдау мақсатында Ақмола облысы әкімінің атаулы стипендиялары берілуде.