• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
Ақтауда Чехиямен бірлесіп Мұз сарайы салынады 17.05.2017

Әкімдіктің ақпараты бойынша, кездесуде алдағы уақытты бой көтермек Мұз сарайының құрылысы талқыланды. Жоба құны 4 млрд теңгені құрайды. Құрылыстың жобасын ұсынған Чехияның Брно қаласындағы «Н+H TECHNIKA» компаниясы. Бұл компания Еуропа мен Ресейдегі сырғанауға арналған ғимараттар тұрғызуымен танымал.

Бұл «Н+H TECHNIKA» компаниясының мемлекеттік -жеке меншік әріптестік аясында атқарып жатқан алғашқы жобасы. Оған бөлінген 4 млрд теңгенің 70%-ы компанияға тиесілі болса, қалған 30%-ы мемлекет қаржысы.

Көпсалалы мұз сарайын тұрғызу үшін Ақтау қаласының 32 шағын ауданынан 1,5378 га жер бөлінген. Жоба аясында халықаралық стандартқа сай мұз айдыны, 2500 орындық көрермен залы, фитнес-зал, конференц-зал, баспасөз орталығы, дәмхана, мейрамхана салу да көзделіп отыр.

"Хоккей, мәнерлеп сырғанаудан өзге қысқы спорт түрлерін дамытуды көздеп отырмыз. Жергілікті мамандарды дайындау мақсатында халықаралық дәрежедегі жаттықтырушыларды әкелу де жоспарда тұр. Конькиді жалға беру жұмыстары ұйымдастырылады. Зал көлемі үлкен, сондықтан онда баскетбол, шағын футбол, гимнастика секілді спорт түрлерімен айналысуға толық мүмкіндік бар. Спорттық құрал-саймандар сатуға арналған дүкендер де іске қосылмақ. Зал мен мұз айдыны мерекелік шаралар кезінде де қолданылатын болады. Нысан құрылысын жергілікті мамандар жүргізеді, ал материалдар сырттан әкелінеді. Барлығы 121 жұмыс орны қарастырылған. Бірақ құрылыс уақытында және нысанды пайдалану кезінде қосымша жұмыс орындары болады», - дейді «Н+H TECHNIKA» компаниясының директоры Сергей Матвиенко.

Бұл жоба облысымыз үшін өте маңызды. Келісімдер жүргізілді, құрылысты аяқтау мерзімі – бір жарым жыл. Нысан аяқталған соң әкімшілік құзырына тапсырылады, алайда, чех компаниясының басқаруында болады. Сарайдағы залдар мәдени, спорттық шаралар, көрмелер т.б. кештер өткізу мақсатында да қолданылатын болады, - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Кездесу қорытындысында облыс басшысы Ералы Тоғжанов орынбасары Ш. Илмуханбетоваға аталмыш Мұз сарайының құрылыс жұмыстарын қадағалап, белгіленген межеде аяқтауды тапсырды.

 


Back to the list