• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
Жаңғырту 3.0: Қостанайда бизнес ортаны дамыту мәселесі талқыланды 15.05.2017

Кездесу барысында кәсіпкерлердің жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл мәселелері, бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ өңірде кәсіпкерлікті дамытудың перспективалы бағыттары талқыланды.

ҚР Премьер-Министрі бизнес өкілдерінің назарын ел экономикасының Үшінші жаңғыруы аясында ашылып жатқан өсу мүмкіндіктеріне аударды. Б. Сағынтаев кәсіпкерлерді бизнес ортаны жақсату мен қайта реттеу, экономиканың жаңа салаларындағы, жаңа индустриялардағы, қызмет көрсету саласындағы, туризм мен «қарапайым заттар экономикасындағы» жаппай кәсіпкерлікті жедел дамыту саласындағы бірлескен жұмыстарға белсендірек қатысуға шақырды.

Бақытжан Сағынтаев осы процестің құрамдас бөлігі ретінде Мемлекет басшысының Жолдауында экономиканы цифрландыру мен төртінші өнеркәсіптік революцияға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Осыған орай Үкімет заңнамалық өзгерістер мен стандарттау, цифрландыру, мемлекеттік қолдау құралдары қамтылған, аталған бағытта дамудың жүйелік шараларын әзірлеуде.

Мемлекеттік сатып алулар саласында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік сатып алуларды орталықтандырылған қызмет қағидасы бойынша жүзеге асыру мәселелері пысықталуда. Отандық кәсіпорындарға қолдау көрсету мақсатымен ҚР Қаржы министрлігі отандық жиһаз және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін сатып алу мәселесін ретке келтірген. Биыл квазимемлекеттік сектор, табиғи монополиялар мен жер қойнауын пайдалану салаларындағы сатып алулардың жаңа тәсілдері іске асырылатын болады.

Бұдан өзге, сатып алулардың ІТ платформасы - мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың сатып алуларының ортақ қажеттіліктеріне бірыңғай қолжетімділік нүктесі өз нәтижелерін бермек. Тағы бір шара мемлекеттік сатып алулар кезінде құрылыс келіcімшарттарын қазынашылық сүйемелдеудің пилоттық жобасын іске қосу болмақ.

Жергілікті қамту үлесін арттыру мен бизнес ахуалды жақсарту жұмыстары жалғасын табады. Заңнамалық салада салықтық тексеру жұмыстары 40%-ға қысқартылады. 30-дан астам ескірген санитарлық ережелерді жойып, 25-іне өзгерістер енгізіп, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарына жаңа санитарлық ережелер әзірлеу жоспарланған.

Премьер-Министр Мемлекет басшысының Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйвері ретінде көрсетілгенін атап өтті. Соған орай биыл АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жұмыстары басталды. Б. Сағынтаев кәсіпкерлер қауымына бүгінгі таңда нарықта, соның ішінде таяу шетел нарығында орын алған мүмкіндіктерді жіберіп алмауды ұсынды. Мысалға, Өзбекстанға өсімдік шаруашылығы өнімдерін экспорттау жағдайлары жақсартылды. 1 сәуірден бастап онда ұнды (11%-дан 5%-ға дейін), күнбағыс майын ( 20%-дан 10%-ға дейін), консервіленген көкөністерді (50%-дан 10%-ға дейін), жеміс және көкөніс шырындарын (70%-дан 30%-ға дейін) импорттау акциздері төмендетілді. Сондай-ақ, макарон өнімдеріне салынатын акциздік салық алынып тасталды (бұған дейін 50%-ға дейін болған).

Премьер-Министрдің айтуынша туризм мен МЖӘ жобаларын іске асыру перспективалы бағыттар болып табылады.


Back to the list