11.03.2017
Үш жыл бұрын Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті оқу процесінде үлкен өзгерістерді бастаған болатын. ЖОО Дэйвистегі Калифорния университетімен (UC Davis) ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Осының барлығы – болашақ мамандардың перспективалы дамуы үшін.
«UC Davis университеті кезінде Чили, Малайзия, Қытай, Сингапурдың аграрлық білім саласын көтерген еді және қазір бізге де осындай шартқа қол қою мүмкіндігі туындады. Дэйвис университетінің профессорларымен университетімізді халықаралық деңгейдегі аграрлық университет етіп өзгерту бағдарламасын әзірледік. Біз Назарбаев университеті сынды зерттеу университетіне ауысу міндетін қойып отырмыз, алайда, біздің университет аграрлық салада болмақ. Осы уақыт ішінде UC Davis профессорлары мен біздің жұмыс берушілеріміздің ұсынымдары ескеріліп, оқу бағдарламаларының бір бөлігі өзгертілді. Жаңа инновациялық пәндер енгізілді және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша студенттеріміздің, магистранттарымыздың көпшілігі UC Davis профессорлары ұсынған оқулықтар бойынша оқып жатыр», - деді А. Күрішбаев.
Университеттің шетелдік әріптестері жаңа бағдарлама бойынша студенттерді нақты өндіріс жағдайларында инновациялық шешімдерді дұрыс және өз бетінше әзірлей алатындай оқытады.
«Осыған орай, шетелдік әріптестеріміз айтатындай – «learning by doing», яғни жұмыс істей отырып оқыту керек. Біз студенттеріміздің практикалық оқуын ескердік. Мысалы, студент технологиялық жұмыстардың толық кезеңін көре алуы үшін практиканың ұзақтығы 3 айдан 7-8 айға дейін ұзартылды. Биылғы жылдан бастап ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша магистратурада оқуды жазғы кезеңге ауыстырмақпыз. Себебі болашақ агроном-студенттер бұрын ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша қыста оқып, жазда демалатын. Алайда, ауыл шаруашылығы жұмыстарының қауырт кезеңі жазда басталатындықтан, профессорлардың ұсынымдары бойынша процесті өзгерттік», - деп бөлісті ректор.
Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, университет көптеген ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша практикалық зертханалар, оқу цехтарын, оқу зертханаларын – технологиялық тұғырнамалар ұйымдастырған.
«Біздің студенттер теориялық білім алып қана қоймай, практикалық зертханаларға барып, цехтарда, тікелей оқу зертханаларында, жылыжайларда жұмыс істейді. Біз білім беру процесінің трансфертін дамыған елдерден біздің жағдайларға ауыстырамыз. Бұл біз бастаған үлкен жұмыстың басы ғана және ол табысты болады деген ойдамыз. Егер біз дамыған елдердегідей білім беру жүйесін құрсақ, әрине, бізде заманауи біліктіліктері бар заманауи мамандар болатыны анық», - деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ, А. Күрішбаев ауыл шаруашылықтары мамандықтары бойынша жастарды жұмысқа орналастыруға қатысты кейбір өзекті мәселелерге де тоқталып өтті. Бүгінгі күні аграрлық жоо түлектерінің барлығы бірдей ауылды жерлерге жұмысқа орналаса бермейді.
«Біздің университетімізде зейнетақы қорының деректері бойынша студенттердің 78%-ы өткен жылы оқудың бірінші жылынан кейін жұмысқа орналасқан. Себебі біздің университет аграрлық қана емес, сонымен қатар техникалық та, басқа да мамандықтар бар. 78% - бұл өте жақсы көрсеткіш. Біз Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында жұмысқа орналасу бойынша 6-орын аламыз», - деп ақпараттандырды университет басшысы.
Ректордың мәліметі бойынша, ауылдық квотаны ұлғайту туралы ұсыныс та бар. Бүгінде ауыл мектептері түлектерінің 30%-ы ғана аграрлық мамандықтар бойынша оқуға түсіп, грант иеленеді.
«Сол себепті ауыл мектептері түлектерінің 80%-ы ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсуі үшін біз ауылдық квотаны 80%-ға дейін ұлғайтуды ұсынамыз. Бұл оңтайлы шешім деп ойлаймын», - деп қорытындылады А. Күрішбаев.
Ақбота Күзекбай
Видео Арман Мұхатов