• usd -1.56%
    431.37
  • eur -3.51%
    492.67
  • rub +0.01%
    5.71
  • gbp -4.40%
    583
  • cny -0.24%
    67.83
Жаңғыру 1.0: Қазақстанның қалыптасуы мен даму кезеңдері (ШОЛУ) 02.02.2017

Қазақстанның жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшуі

Қазақстанның жаңғыруының бірінші кезеңі жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өтуі орын алған жаңа мемлекеттің құрылуы болды.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңі бірқатар қиындықтарға ұшырады. Ең алдымен, бұл экономикалық дағдарыс, әлеуметтік шиеленіс, халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуі, жұмыссыздық және экологиялық мәселелер. Негізгі проблемаларды жеңу үшін оларды шешу керек болды және мүмкіндіктер теңдігі қағидатын қамтамасыз ету, меншікті жекешелендіруді өткізу, бағаларды ырықтандыру, ойластырылған инвестициялық саясат, құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам институттарын құру, мәдениет, білім және ғылым салаларын дамыту негізінде  әлеуметтік бағдарланған нарық құру, экономиканы қайта құрылымдау, оны ғылымды қажет ететін қазіргі технологиялық салаларға бейімдеу негізгі міндеттерге айналды. Жалпы, атқаратын жұмыстар көп болды. Алайда, қайта құру жылдарында мемлекетті жаңарта отыра, Қазақстан қиындықтарға төзіп, елді жетілдіру мен дамытудағы өз жолын одан әрі жалғастырды.

Ел қалыптасуындағы Елбасының  рөлі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуы жолында ерекше рөл атқарды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент ретіндегі жолы 1990 жылғы сәуірде, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі оны Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президенті етіп сайлаған сәттен басталған еді. 1991 жылғы тамызда Президент «Қауіпсіздік Кеңесін құру туралы», «Одаққа бағынышты мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың Қазақ КСР үкіметінің қарамағына өтуі туралы», «Қазақ КСР сыртқы экономикалық қызметінің дербестігін қамтамасыз ету туралы» бірқатар жарлықтар шығарады.

Қазақстанның Тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен жалпыхалықтық Президент сайлауы болды. Сайлау нәтижесінде сайлаушылардың 98,78%-ы Н. Назарбаевқа дауыс береді. Мұндай нәтиже халықтың жаңадан сайланған Ұлт көшбасшысына деген сенімін білдіреді. Ал Н. Назарбаев әлі күнге дейін елді дамытып және оны кезең-кезеңмен жаңғырта отырып, ел басқаруды мінсіз орындап келеді. 

1991 жылғы 16 желтоқсанда Президент «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына қол қояды. Заңда Қазақстанның тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет ретіндегі орны мен рөлі айқындалады. Содан бері 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні болып аталып келеді.

1992 жылғы 4 шілдеде Тәуелсіз Қазақстанның Туы, Елтаңбасы және Әнұраны пайда болады.

Жаңа мемлекеттің қалыптасу жылдарында көп жұмыс атқарылды. Заңсыз репрессияға ұшыраған адамдарды ақтау бойынша саяси-құқықтық жұмыс жүргізілді. Қысқа уақыт ішінде 33 мыңнан астам азамат ақталып шықты.

Қазақстанда орын алған демократиялық процестер, қоғамдағы түбегейлі өзгерістер Қазақстанның саяси жүйесіне жаңа құбылыстар енгізді. Бұл көп партиялылықтың пайда болуы мен қалыптасуы.

Әлем елдерімен қарым-қатынас орнату

1992 жылдың  2 наурызында  Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) мүше болып қабылданды. Республиканы  жүзден астам мемлекет мойындады. Әлемнің бірқатар елдері,  ТМД елдері және   алыс шетелмен  дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

1992 жылы республика басшылығы Қазақстан дамуының негізгі стратегиялық  бағыттарын әзірледі, ол Н.Назарбаевтың «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасу және даму стратегиясы» еңбегінде жарық көрді.

Елдің дербес мемлекет ретінде  қалыптасуы  жаңа мемлекеттік акт пен заңдардың  қабылдануына әкелді.   1993 жылдың  28 қаңтарында  ҚР алғашқы Конституциясы қабылданды. Атап айтсақ, тұңғыш рет Қазақстанның  астанасы Алматы екені жарияланды.

1993 жылы Қазақстан қаржылық   дербестікке   жетті.

1993 жылдың қарашасында  Қазақстан  өзінің ұлттық валютасы – теңгені енгізді.  Тәуелсіздіктің  алғашқы жылдары нарықтық экономика мен  нарықтық қарым-қатынасқа көшуге орай  халықтық шаруашылықтың барлық саласы  дағдарыс жағдайында болды. Бір сөзбен, дағдарысты ТМД елдерінің барлығы бастан кешіріп жатқан еді.

Қазақстан алдында  нарықтық экономикаға көшудің өзіндік моделін дайындау  міндеті тұрды. Қазақстан экономикасы мемлекеттендіріліп,  кәсіби мамандар қалыптасып жатты. Республика экономикасында  негізгі салалар  басымдылыққа ие болды, ірі кәсіпорындар,  әскери өнеркәсіп қалыптасты.  Сондай-ақ, жұмыс күшінің тапшылығы болған жоқ, қолайлы демографиялық жағдай орнады.

1993 жылы Қазақстан қаржылық дербестікке  ие болып, мемлекеттік мүлікті жекешелендіре бастады. Жекешелендіру  экономикалық реформаның  маңызды бағытының бірі болды.  1997  жылдың алғашқы айлары  сатылған кәсіпорындар есебінен бюджетке  2 млрд теңге түсті.  1997 жылдың мамырына  қарай  республикадағы экономиканың барлық салаларын  жекешелендіру аяқталды, мемлекеттік мүліктің шағын көлемі сақталды.

1991-1992 жылдары  халықтық шаруашылықтың  барлық салаларында  шағын және  орта бизнес құрылды.  Мемлекет  оларға қолдау көрсетіп, жеңілдіктер ұсынды. 1996 жылдың  басында  21 260 шағын және  орта бизнес нысаны есептелді,  онда  147 мың адам еңбек етті.  1997 жылы  Үкіметтің шағын және орта бизнесті дамыту бойынша арнайы Қаулысы қабылданды. Қолдау нәтижесінде мемлекет тарапынан аталмыш кәсіпорындардың саны  бір жыл ішінде  1,8 есеге өсті,  нысандарда  355 мың адам   жұмыс істеді.

Қазақстан инвестициялцық  саясатқа ерекше көңіл бөледі  

1993-1996 жылдары Қазақстан экономикасына  7 млн  доллар шетелдік инвестиция  тартылды. Қазақстанға  техникалық көмек көрсеткен  елдер ішінде  алғашқы орында-АҚШ, аталмыш ел Қазақстанда  елшілік ашқан алғашқылардың бірі.

Саяси жүйе  реформасының келесі кезеңі жоғарғы заңнамалық органдардағы сайлау – Қазақстан Республикасының Парламенті, ол 1995 жылдың  желтоқсанында  өтті. Сайлау қорытындысында  елдің  жоғарғы заңнамалық орган Парламент құрылды: Сенат және Мәжіліс.

Өнеркәсіпте өнім өндіру мен көліктік салада  қызмет көрсету көлемі қайта қалпына келтірілді. Сауда мен айналым саласы тұрақтанды.  1996-1997 жылдары Қазақстанның ЖІӨ өсімі 0,5%  және 1,7%-ды құрады, өнеркәсіптік өнім көлемі  3 % және  4,1 %-ға өсті, көлік саласында 1,8 %  және  4 %-ға, сауда және айналым   саласында өсім 10,7 %  және 3 %-ды құрады.

Қазақстанның қалыптасу кезеңі, яғни  1991-1997 жылдар жетістік пен жеңілісі шиеленіскен  күрделі кезең болды. Саяси жүйені реформалау  саяси тәуелсіздіктің қалыптасуы мен  республиканың мәртебесін халықаралық аренада қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бүгінде Қазақстан демократиялық өзгерістер жолына шықты. Қысқа мерзім ішінде   саяси, экономикалық жүйе мен республиканың мемлекеттілігін қалыптастырып,  халықаралық аренада  өзіндік орынға ие болды.

Қайрат Жандыбаев


Back to the list