01.02.2017
Жолдауда тізім бойынша Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдау тапсырылды. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты.

Сондай-ақ, Үкіметке «ЭКСПО-2017» нысандарының бірінің базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құру тапсырылды. Ол әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасы болуға тиіс. Бұл үшін тиісті инфрақұрылым және салық жеңілдіктерін, оңайлатылған виза мен еңбек режімін қоса алғанда, қолайлы жағдай керек.
Оған қоса, жоғары оқу орындары, Назарбаев Университеті және «Алатау» иннновациялық технологиялар паркі базасында ғылыми және инновациялық әлеует дамытылуы керек.
Сондай-ақ, Үкіметке бизнес өкілдерімен бірге 2025 жылға дейін базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандырудың кешенді шараларын әзірлеу тапсырылды. Бұл – автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер.
Оған қоса, басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру керек.Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомстоваға шоғырландыру қажет. Экспорттаушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша өңірлерде де қолдау көрсету керек.

Биылғы 1 қыркүйекке дейін Үкімет әкімдермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, Бірыңғай экспорт стретегиясын әзірлеуі керек.
Сондай-ақ, Қазақстан шетел инвестицияларын тарту ісіндегі көшбасшылығын сақтап қалуы қажет.«Астана» халықаралық қаржы орталығы ел экономикасына қаржы ресурстарын тартуда маңызды рөл атқаруға тиіс. Қазақстан тауар өндіру мен өткізу, қызмет көрсету ісін жаһандық желіге бейімдеуі керек. Мұны, ең алдымен, трансұлттық компанияларды тарту арқылы жасаған жөн.
Сонымен қатар, Үкіметке «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуы тапсырылды. Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша Қазақстан Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуы керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана ел халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола алады.Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет пен әкімдерге мынадай тапсырмалар берілді:біріншіден, субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу қажет; бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек;үшіншіден, өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру қажет; еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендету керек;бесіншіден, жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіс.
Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет;алтыншыдан, өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыру керек.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырамын.Бұл міндеттер агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы қажет.
Сондай-ақ, Үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу міндеті жүктелді.Дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу керек.Бұл жұмысты әсіресе өңірлік деңгейде атқару маңызды.

Әкімдер Үкіметпен бірлесіп, Дүниежүзілік банк рейтингі негізінде өңірлерде бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсарту жөнінде нақты жоспарлар әзірлеу керек.Елімізде бизнес жүргізуді жеңілдету жөнінен өңірлер мен қалалар рейтингін енгізу қажет.
Мемлекеттің экономикадағы үлесін ішкі жалпы өнімнің 15%-ына дейін, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері деңгейіне дейін төмендету экономикалық өсімге тың серпін беруге тиіс.Бұдан бұрын 2020 жылға дейін жекешелендірілетін 800-ге жуық кәсіпорынды қамтитын тізбе жасалған болатын. Тиісті жұмыстар атқарылуда.Үкіметке сол тізбедегі кәсіпорындарды жекешелендіруді тездетіп, оны 2018 жылдың соңына дейін аяқтау тапсырылды.
Сондай-ақ, табиғи монополияларды және стратегиялық маңызы бар, соның ішінде Трансұлттық компаниялар қатысатын жобаларды іске асыру міндетін мемлекетке қалдыру керек. Бұл жобалар мультипликативті нәтиже беруге тиіс.
«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін де қайта құру қажет. Олар мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру жөніндегі операторлар болуға тиіс. Соған орай олардың функцияларын оңтайландыру керек. Жеке сектор жүзеге асыра алатын нәрсенің барлығы бизнеске берілуі қажет.
«Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтауға қатысты барлық заңнамаға «ревизия» жасауды тапсырамын», - деді Елбасы.

Ал, Қазақстан Президентінің Жолдауында айқындалған экономикалық өсімнің жаңа үлгісін құру аясында Үкімет ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қайта қалпына келтіріп, жеке капиталдың экономиканы қаржыландыруға қатысуын арттырып, орташа мерзімді кезеңде инфляция деңгейін 3-4 пайызға дейін сатылап төмендетуге қол жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру бойынша өткен Үкімет отырысы барысында айтты.
Бұл салада Елбасы ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс екендігін айтқан болатын.
«Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет», - деді Елбасы өз Жолдауында.
Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет.
Елбасы әлеуметтік қамтамасыз ету саласына қатысты да бірқатар тапсырмалар берді. Лбасының тапсырмасы бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылады.
Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді.
Осы өсімнің барлығы 2018 жылы базалық зейнетақының жаңа мөлшерін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе арттыруға мүмкіндік береді.Елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық бала туады, бұл – 1999 жылғы деңгейден 2 есе дерлік жоғары. Мұндай жақсы үрдісті алдағы уақытта да сақтау керек.
Президенттің тапсырмасы бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсіріледі.
Ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастыру керек. Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиіс. Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы, мүгедектерге және асыраушысынан айрылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақы көлемін 3 миллион адам үшін өсіруге мүмкіндік береді.
Елбасы айтып өткендей, Жолдау арқылы еліміздің әр азаматына жаңа жағдайдағы даму бағытымыз жөніндегі өз көзқарасымды жеткізгім келді.
Сондай-ақ, Елбасы Үкіметке «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын Елді үшінші жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді тапсырды.
«Қазақстан – жас, көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет! Біз тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық даму жолынан өттік. Алдағы 25 жылда бұдан да биік белестер күтіп тұр», - деді Елбасы.
Қайрат Жандыбаев