31.01.2017
«Әкімшілік айыппұлдар әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәйкес болуға тиіс.Кәсіпкерлік саласында құқық бұзғаны үшін салынатын санкцияны төмендету жұмысын одан әрі жүргізе беру керек. Қоғамға қауіптілігі жоғары емес экономикалық қылмыс құрамын криминалдық сипаттан арылту керек.Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажет. Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою маңызды», - деді Елбасы.
Н.Назарбаев айтып өткендей, қауіпсіздік ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшеміне айналып келеді.Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады.
«Осы шараның бәрі менің тапсырмам бойынша әзірленіп жатқан, 2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламада ескерілуге тиіс.Киберқылмыспен күрестің өзектілігі барған сайын арта түсуде», - деді Мемлекет басшысы.
Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырамын.
«Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр.Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет.Маңызды мәселенің бірі – сатып алу саласын жетілдіру.Үкіметке мемлекеттік сатып алу жүйесін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізуді тапсырамын.
Квазимемлекеттік секторда, табиғи монополия және жер қойнауын пайдалану салаларында да сатып алу шараларын өткізу әдістерін түбегейлі қайта қарастыру керек», - деді Президент.
Елбасы атап өткендей, сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс.
Қайрат Жандыбаев