31.01.2017
«Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету», - деді Елбасы.
Бұл – өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады. Оны орындау үшін қазіргі кезеңде мынадай қадамдар жасалуы қажет.
Менің тапсырмам бойынша Үкімет биылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті.
«Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады.Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек», - деді Н.Назарбаев.
Елбасы айтқандай, жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс.
«Жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны – бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі болмақ.
Екінші. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен (ҰКП) бірлесіп, бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бұл әсіресе энергетика, көлік және логистика, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы қызмет көрсету құнына қатысты.
Мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісі мейлінше оңтайландырылуға тиіс. Құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою керек. Бұл орайда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру керек», - деді Н.Назарбаев.
«Сондай-ақ, бизнестің қазіргі қолданыстағы реттеушілік жүктемесі өсімнің жаңа моделін жасау міндетімен үйлеспейді. Үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу міндетін жүктеймін.Дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу керек.Бұл жұмысты әсіресе өңірлік деңгейде атқару маңызды.
Әкімдер Үкіметпен бірлесіп, Дүниежүзілік банк рейтингі негізінде өңірлерде бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсарту жөнінде нақты жоспарлар әзірлеу керек», - деді Елбасы.
Елімізде бизнес жүргізуді жеңілдету жөнінен өңірлер мен қалалар рейтингін енгізу қажет. Біз үздіктер үшін арнаулы сыйлық тағайындаймыз. Оны жылына бір рет, Индустрияландыру күнінде табыс етеміз.
Мемлекеттің экономикадағы үлесін ішкі жалпы өнімнің 15%-ына дейін, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері деңгейіне дейін төмендету экономикалық өсімге тың серпін беруге тиіс.
«Келесі кезеңде осы қағидаттарға сай келмейтін мемлекет меншігіндегі барлық кәсіпорындар мен ұйымдарды 2020 жылға дейін жеке секторға беру немесе жою қажет. Ал ондай кәсіпорындар саны бірнеше мың болады.
Әрбір бағдарлама немесе тапсырмаға орай заңды тұлғалар құру тәжірибесі бұдан былай тоқтатылуға тиіс», - деді Елбасы.
Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейту зор мүмкіндік береді. Бұл жерде әңгіме бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсету міндетін бизнеске беру ісіне қатысты болып отыр.
Елбасы айтқандай, осы сектордағы мемлекет-жекеменшік серіктестігінің үлгісі өте маңызды. Бұл аса маңызды жалпыұлттық міндеттердің бірі – 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен 2020 жылға қарай жүз пайыз қамту мәселесін мемлекет пен бизнес бірлесе шешіп отырғанын көрсетеді.
«Мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту әкімдердің нақты және кәсіби жұмысына байланысты.Жекеменшік капитал тарту үшін мемлекет-жекеменшік серіктестігінің ықтимал барлық түрі мен нысанын пайдалану қажет. Олар – мемлекеттік мүлікті сенімді басқару, қызмет көрсету келісімшарттары, тағы басқалар. Бұл ретте келісімнің барлық рәсімдерін, әсіресе шағын жобаларға қатысты рәсімдерді мейлінше жеңілдету және жеделдету қажет», - деді Елбасы.
«Мемлекет-жекеменшік серіктестігі инфрақұрылымды, соның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың негізгі тетігіне айналуға тиіс.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту үшін бұдан әрі жекешелендіру мүмкіндігін қарастыра отырып, басқаруға және концессияға беру қажет. Үкімет бір орынды шиырлай беруді доғарсын. Бұл бағытта жұмысты жандандыра түсу керек», - деді Президент.
Қайрат Жандыбаев