13.12.2016
«Бүгін біз ҚР мемлекеттік наградаларын өзінің еңбегімен беделді орынға ие болған тұлғаларды марапаттаймыз. Тәуелсіздік күніне орай мемлекеттік наградаларды табыстау дәстүрге айналған. Республиканың жеткен жетістігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты мен көрегендігінің табысы болып отыр. Бүгін Елбасы атап өткен тұлғаларға мемлекеттік наградалар табысталады. Сіздердің қатысуларыңызбен Тәуелсіздік жылдарының «алтын дәуірі» қаланған болатын», - деді Г.Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы Тәуелсіздік жылдарындағы елдің басты жетістіктерін атап өтті. Қазақстанның халықаралық аренадағы мәртебесі оңтайлы екенін тілге тиек етті.
«Ширек ғасырда еліміз күрделі жолды кешіп өтті. Біз әлеуметтік-экономикалық дамудың, демократиялық және саяси жүйенің қазақстандық моделін әзірледік. Біздің республика Орталық Азия бойынша БҰҰ Тұрақты емес өкілі болып тағайындалған алғашқы ел. Біз 70 халықаралық ұйымның құрамындамыз. Бүгінде Қазақстан 30 дамыған елдің қатарына ену жолында «Стратегия-2050» бағдарламасын жүзеге асырып отыр», - деді ол.
Марапатталғандар қатарында мәдениет, білім мен ғылым және денсаулық сақтау саласы қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер, экономика мен бизнес өкілдері бар.
Кездесу соңында Г.Әбдіқалықова қатысушыларды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, баршаға бейбітшілік пен бақ-береке, Отанымыздың игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.