09.12.2016
«Форумға ел өңірлерінен этномәдени ұйымдардың өкілдері келді. Ел бойынша олардың саны 1332 орталыққа жетті. Бұл Қазақстанның барлық ұлттардың Отанына айналғанының көрсеткіші. Қазақстандықтар елдің гүлденуіне біртұтас ел болып үлес қосуда. Бұл орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі зор. Осы жылдар ішінде ҚХА әрбір мәдениеттегі артықшылықтарды көрсетті. Біз бір-бірімізге жақындай түсіп, біртұтас елге, айналдық», - деді Елбасы.
Н.Назарбаев атап өткендей, әрбір этностың салт-дәстүрі алғашқыда әртүрлі болып көрінеді, этникалық мерекелердің уақыты бір күнге тоғысып жатады. Қазақстандықтар барлық ұлттың мерекесіне құлшыныспен қатысады, сондықтан да бірлік пен тұрақтылықты орната білді.
«Баршаңызды Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған бүгінгі форумның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Осы жерге Қазақстанның барлық өңірінен этномәдени бірлестіктердің өкілдері келіп отыр. Жүрегінде патриоттық сезімі, бойында жастық қуаты тасыған жастар жиналып отыр. Тәуелсіздіктің ең басты тірегі – бейбітшілік пен келісім, тыныштық пен тұрақтылық. Осының арқасында біз 25 жылда мемлекет құрдық. Деңгейін көтердік. Халықтың әл-ауқатын жоғарылаттық. Біздің тілегіміз бір, жүрегіміз бір, білегіміз бір. Біздің тағдырымыз, отанымыз ортақ. Мәңгілік еліміздің гүлдене беруіне бірге еңбек етеміз. Осы жолда баршаңызға зор табыс тілеймін», - деді Елбасы.
Айта кетейік, Астана қаласында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің «Бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы» атты фестивалі өтуде. Маңызды жиынға 10 мыңнан астам адам қатысып жатыр.