18.08.2017
Отандық құрылыс саласын реформалау "100 нақты қадам" ұлт жоспары аясында жүргізілуде. Құрылыс жобаларына сараптама жүргізу мерзімі 285 күннен 20 күнге дейін қысқаруда, құжаттарды ресімдеу рәсімі оңайлатылуда - бір терезе қағидаты енгізілуде.
Сондай-ақ, BIM-технологияларды енгізу жоспарланып отыр.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов атап өткендей, қазіргі уақытта құрылыс жобаларының сараптамасын жеке компанияларға беру процесі жүріп жатыр - бүгінгі таңда 60%-дан астамы берілген және жыл сайын 10%-дан беріліп жатыр.
"Нәтижесінде, 2019 жылдың соңына дейін "Мемлекеттік сараптама" РМК-да ЖЭО, атом электр станциялары, мұнай зауыттары сияқты бірегей әрі техникалық күрделі объектілер ғана қалады деп жоспарлануда», - деді ол.
Форумда құрылыс жобаларын сараптау саласындағы бірқатар өзекті мәселелер, бизнес әріптестікті және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Құрылыс жобаларын сараптау саласындағы қазіргі мүмкіндіктермен таныстыру өткенін айта кету керек.