• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
«ҚТЖ» «Эйр Астанамен» бірлесіп, жүк авикомпаниясын ашпақ 02.08.2017

А. Айдарбаевтың айтуынша, Ұлт жоспарының қадамдарын іске асыру барысында «бір терезе» қағидаты және құрылысқа рұқсат беру құжаттарын алудың үш сатылы қағидаты енгізілген. Құжаттарды алу және нобайлық жобаны келісу мерзімі 40 және 60 күннен 17-6 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Құрылысқа рұқсат беру электрондық түрде хабарлама берумен ауыстырылған.

«2020 жылға дейін жобалық-сметалық құжаттама сараптамаларының 90%-ын жеке меншік нарық жүргізетін болады. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 60%-ды құрап отыр (47-қадам)», - деп хабарлады бірінші вице-министр.

Сондай-ақ, ол Еурокодтар үшін жаңа нормативтік база енгізілгенін (49-қадам) және 2019 жылдың соңына дейін осы жүйеге толық көшу жүзеге асырылатынын атап өтті.  

«Жыл соңына дейін қоғамдық мәселелер бойынша ҚНжЕ-лер алынып тасталады (186 бірл.), олардың орнына заманауи талаптарға жауап беретін жаңа нормалар мен ережелер енгізілетін болады», - деп атап өтті ол.

Бірінші вице-министр хабарлағандай, «Doing Business - 2017» есебі бойынша құрылыс саласындағы реформалардың нәтижесінде Қазақстан 2015 жылдан бастап өз позициясын 130-тармаққа жақсартады, яғни 152-орыннан 22-орынға көтеріледі.

«Инвестициялар тарту саласында экспорттық тауарлар жасау және Қазақстанның әлемдік нарықтарға шығуы үшін өңдеу секторына он ТҰК тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр (55-56-қадамдар). Шет елдерде фрон-кеңселері бар «KazakhInvest» ұлттық компаниясы құрылды. Ұлттық инвестициялық стратегия жобасы әзірленді, ол жақын арада таныстырылады, қазір инвестициялық жобалардың көп деңгейлі картасы, сондай-ақ инвесторларды сүйемелдеудің ақпараттық-мониторингтік жүйесі бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді А. Айдарбаев.

Оның мәліметі бойынша, 2015-2016 жылдары ТҰК қатысуымен 275 млн доллар сомасына 6 жоба іске асырылған.

«Қазір 2,8 млрд доллар сомасына 8 жоба іске асырылу кезеңінде. 305 млн доллар сомасына тағы 3 жоба пысықталуда. 56-қадам аясында жалпы құны 890 млн долларды құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылуда. 400 млн доллар сомасына 3 жоба пысықталу үстінде», - деп ақпараттандырды А. Айдарбаев.

Сондай-ақ, ол 56.2-қадам бойынша «QazaqOrganicFood», «HalalKazakhstan» және «KazMeat» үш зонттық бренді анықталғанын хабарлады.

«Даму жөніндегі жол карталары мен тұжырымдама әзірленді. Болашақта отандық кәсіпорындар бірыңғай зонттық брендпен сыртқы нарықтарға шыға алатын болады», - деп атап өтті спикер.

59-қадам бойынша, бірінші вице-министр DENA неміс энергетикалық агенттігімен бірлесіп, ЭСКО нарығының моделі әзірленіп, енгізілгенін айтты (заңнамалық база құрылды, ұлттық оператор айқындалды және Энергия тиімділігі картасы қалыптастырылды).

«Энергия үнемдеу саласындағы жобаларды іске асыру үшін 3 стратегиялық инвестор тартылды – Еуропалық инвестициялық банк, Дүниежүзілік банк және TetraTech компаниясы. Олармен ынтымақтастық жасай отыра, жеке энергосервистік компанияларды дамыту шаралары іске асырылады. Бүгінгі күні 16 жоба, соның ішінде ЭСКО қағидаты бойынша жобалар іске асырылды. ЭСКО механизмі бойынша жұмыс МЖӘ шеңберінде жүзеге асырылатын бюджеттік сектор ерекше тартымды болды. Энергия тиімділігі картасы аясында барлығы 19 жоба (МЖӘ аясында 13) пысықталуда», - деп түсіндірді А. Айдарбаев.

Сондай-ақ, ол «Ғылымды қажет ететін экономиканың негізі ретінде екі инновациялық кластерді дамыту» атты 63-қадам бойынша негізгі әріптестермен келісушіліктерге қол жеткізілгенін хабарлады.

«Қазір ұйымдастырушылық және техникалық сәттер пысықталуда. «Стартап Қазақстан» бағдарламасы іске қосылды. Алдын ала іріктеу нәтижелері бойынша 1000-нан астам  инновациялық жобадан акселерация бағдарламасынан өту үшін 40 жобадан тұратын тізім құрастырылды», - деді бірінші вице-министр.

Сондай-ақ, ол Алматыда дамыған елдердің (ҚХР, Сингапур, АҚШ, Үндістан) сәтті тәжірибесіне негізделе отырып, инновациялық өсудің жаңа нүктесін қалыптастыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Онда ең ірі IT және инновациялық компаниялар орналастырылады.

«Алматының жанында халықаралық авиациялық хаб құру үшін Елбасы жоба операторы – Сингапурдан жобаны іске асыруға инвестициялар тартумен айналысатын «МГ Холдинг» компаниясын айқындады (66-қадам). Қазіргі уақытта Үкіметаралық келісім жобасы сингапурлық тараптың қарауында. 67-қадам бойынша, «Эйр Астана» авиакомпаниясы белсенді дамып келеді, парк 31 ұшақтан тұрады. 2020 жылдың соңына дейін Airbus А320neo-ге жататын 10 әуе кемесін, 2019 жылы Боинг 787 екі ұшағын жеткізу күтілуде», - деп түсіндірді бірінші вице-министр.

Елбасының Жолдауы шеңберінде 2020 жылға дейін транзиттік авиажолаушылар санын 1,6 млн адамға дейін көбейту көзделуде. А. Айдарбаев хабарлағандай, «ҚТЖ» «Эйр Астанамен» бірлесіп, жүк авиатасымалдарын жүзеге асыру үшін жүк авиакомпаниясын құру бойынша жұмыс жүргізуде.  

«АХҚО көліктік қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қазіргі уақытта Астанадан Франкфурт, Лондон, Дубай, Сеул, Пекин, Парижге тікелей ұшу орындалуда. 2017 жылы Астанадан 9 жаңа халықаралық авиабағдар ашылды (Дели, Варшава, Хельсинки, Будапешт, Пекин, Ереван, Киев, Батуми, Минералды сулар) (73-қадам)», - деді ол.

Сондай-ақ, ол геология және жер қойнауын пайдалану саласында 2016 жылы KAZRC қазақстандық кодексі CRIRSCO-ге қабылданғанын да атап өтті. Халықаралық стандарттарға қатысты қолданылатын жер қойнауын пайдалану саласындағы реттеудің қазақстандық нормаларын үйлестіру бойынша жұмыс жүргізілуде.  

«Ағымдағы жылғы қыркүйекте Парламентке «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс жобасы енгізіледі, онда келісімшарттар жасаудың оңайлатылған әдісін енгізу жоспарланып отыр (75-қадам). Кодексті қабылдау, сондай-ақ заманауи геологиялық электрондық база құру үздік әлемдік практикаға негізделген оңайлатылған әдіс бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруді жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деп қорытындылады спикер.

Қайрат Жандыбаев

Фото Шыңғыс Қаппаров


Back to the list