04.07.2017
ІІМ ҚАЖ хабарлағандай, Астана бойынша ҚАЖ департаменті мен қалалық әкімдіктің бірлесіп ұйымдастыруымен №8 Халыққа қызмет көрсету орталығында Ұлт жоспары –« 100 нақты қадам» бағдарламасының 33-қадамын іске асыру шеңберінде бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету орнының ашылуы өтті.
Қазіргі уақытта Астана бойынша ҚАЖД пробация қызметінің есебінде екі мыңға жуық сотталған есепте тұр.
Олардың көп бөлігі құжаттарын қайта жасату, зейнеткерлік пен жәрдемақыларын рәсімдеу, медициналық көмек алу, жұмысқа орналасу, психологиялық және құқықтық көмек түрлеріне мұқтаж болып келеді.
Әлеуметтік-құқықтық көмекті бұрын сотты болғандар, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдар, шартты түрде мерзімінен бұрын босағандар, сот әкімшілік қадағалау орнатқан адамдар ала алады.
Осындай пробация үйлері Астанада Есіл, Алматы әкімшілік аудандарында жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда бұл қызметтен 20-ға жуық сотталған өткен.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдарға «бір терезе» қағидаты бойынша орталықтандырылған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің тәртібі мен рәсімдерін оңтайландыруға ықпал етеді. «Пробация үйі» түріндегі жаңа жобаны іске асыру айтарлықтай тиімді тәжірибе.