03.11.2016
Отырыс барысында комиссия мүшелері жергілікті өзін-өзі басқару және өзін-өзі реттеуді дамыту арқылы азаматтардың шешім қабылдау үрдісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту туралы мәселені қарады.
Еске сала кетсек, кейбір мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға беру мәселесі Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен жүргізіліп отырған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97-ші қадамында көрсетілген. Оны жүзеге асыру үшін ағымдағы жылдың қаңтар айында арнайы комиссия құрылған еді. Жалпы, аталған шараларды орындау мемлекеттік функцияларды қысқартуға, азаматтардың шешім қабылдау үрдісіне қатысуын кеңейтуге, жергілікті өзін-өзі басқару және өзін-өзі реттеуді дамытуға, сонымен қатар, мемлекеттің шығындарын азайтуға бағытталған.
Комиссияның жұмысшы органы – Ұлттық экономика министрлігі тарапынан мемлекеттік органдардың өз функцияларын инвентаризациялауды жүргізуі үшін паспорт әзірленді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде орталық атқарушы органдармен жүзеге асырылатын функциялардың жалпы саны 4614-ті құрады. Сонымен қатар, бұған дейін комиссия жанында құрылған сараптама тобына базалық заң жобасын әзірлеу аясында мемлекеттік органдардың «уақытша» және «сәйкес емес» функциялары түсінігін ескеру тапсырылды.
Азаматтық қоғам және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бастамасына және нарықтың дайындығына орай, сондай ақ, «Өзін-өзі реттеу туралы» Заң нормаларының талаптарына орай функциялар тізбесі екі топқа бөлінді. Біріншісі 2016-2017 жылдарды, екіншісі 2017-2019 жылдарды қамтиды. Сондай-ақ, ведомствоаралық іс-қимылды толық жүзеге асыру үшін орталық атқарушы органдардың жұмыс тобы жетекшілерінің аралық есепті ұсыну кестесі дайындалды.
«Сараптама тобы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеу ұйымдарына беруге ұсынылған мемлекеттік органдар функцияларының екінші тобын қарау жұмысына кірісуі қажет» - деп Иманғали Тасмағамбетов комиссия отырысын қорытындылады.
Талқылау қорытындысы бойынша комиссия мүшелері бәсекелестік ортаға бірқатар қызметтерді беруді шешті. Атап айтқанда, Әділет министрлігінен – бағалау қызметін реттеу функциясын, Энергетика министрлігінен – экологиялық аудиторларды реттеу қызметін, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен – медициналық көмек көрсету сапасы мен деңгейіне азаматтардың қанағаттану дәрежесін анықтау бойынша функциясын беру шешілді. Бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеу ұйымдарына беруге нарықтың дайындығын талдау жүргізу жұмысының қорытындысы бойынша комиссияның кезекті отырысын қткізу 2017 жылдың қаңтар айына белгіленді.