17.10.2016
Мысалы, Еуропада пробация институты 100 жылға жуық жұмыс істейді. Түрмеде жаза өтеудің тиімсіздігі туралы мәселе 19-шы ғасырда көтерілген болатын. Халықаралық қоғамдар, заңгерлер, практиктер бас бостандығынан айыру орындарын толтырып қана қоймай, сонымен қатар қылмыстың қайталануымен тиімді күресуге де мүмкіндік беретін жолдарды іздей бастады. Сарапшылардың деректері бойынша, ҚР-да қылмыстардың қайталану пайызы айтарлықтай жоғары. Қазақстанда пробация институты қазір қалай қалыптасып жатқаны туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев Strategy2050.kz берген сұхбатында айтып берді.
«Пробация туралы заң жобасын әзірлеу бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін құру – Ұлт жоспарының 33-қадамына сәйкес жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясын және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер стандартын әзірлеу шеңберінде сарапшылармен, үкіметтік емес ұйымдармен және мүдделі мемлекеттік органдармен үш дөңгелек үстел өткізуді қоса алғанда, үлкен жұмыс жүргізілуде. Осы айда біз заң жобасын одан әрі талқылау үшін Үкімет қарауына енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді М. Аюбаев.
Ол 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес, Қазақстанда пробация қызметі құрылғанын еске салды.
«Қазақстанда пробацияның екі моделі жұмыс істейді: шартты-үкімдік пробация және постпенитенциарлық пробация. Бір жыл ішінде атқарылған жұмыстардың өзі ғана нәтиже көрсетуде, жасалған қылмыс саны 33%-ға азайған. Жаңа заңда әлемдік практикада орын алатын пробацияның төрт түрі болады: сотқа дейінгі, шартты-үкімдік, пенитенциарлық және постпенитенциарлық. Сотқа дейінгі пробация күдікті адамнан жасаған қылмыстың себептерін анықтайды. Мысалы, егер бұзушылық жасаған адам алкогольдік және есірткілік тәуелділіктен зардап шексе, онымен тиісті жұмыс жүргізілетін болады. Сот ұсынымдарды ескере отырып, нақты жаза мерзімін немесе бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза беру туралы шешім қабылдайды. Бұл практика әсіресе Нидерланды мен Ұлыбританияда жақсы дамыған», - деп ақпараттандырды М. Аюбаев.
Пробацияның екінші жаңа моделі – пенитенциарлық.
Сарапшының айтуы бойынша, бізде пенитенциарлық пробация элементтері бар. Осы жүйе Біріккен Ұлттар Ұйымының жазасын өтеуші адамдармен жұмыс істеуге қатысты ең төмен стандартты қағидаларына немесе «Н. Мандела қағидаларына» негізделген.
«Қағидаларға сәйкес, жазасын өтеушілерді қайта әлеуметтендірумен айналысу қажет. Бірінші күннен бастап сотталғандарға қатысты арнайы әдістеме қолданылады, ол білім алуды, жұмыс кәсіптеріне оқытуды, азаматтық қоғамға шығуды қамтиды. Сотқа дейінгі пробация – бұл біз үшін мүлде жаңа пробация. ТМД елдерінде ол әлі енгізілмеген», - деп атап өтті М. Аюбаев.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының пікірі бойынша, пробация қызметі көмек көрсетеді. Сотталғандарға анағұрлым толық психологиялық-түзету бағасы беріледі және судья көбірек ақпарат алып, кейіннен тиісті жаза бере алады.
Бұрын «Пробация туралы» дербес заңы 2019 жылы қабылданады деп хабарланған болатын.
Ботагөз Айтжанова