03.10.2016
«Судьялардың алдағы VII съезінде қаралатын негізгі мәселе Этикалық кодекстің жаңа редакцияда қабылдануы болады. Судьяларға қойылатын талаптар жыл сайын ұлғаюда, оларға жүктелетін жауапкершілік артуда. Судьялар да барлық адамдар тәрізді қателеседі, бірақ күрделі теріс әрекеттерді жасау олардың қызметтік өкілеттіктерін одан әрі орындауына мүмкіндік бермейді», - деді Р. Жақудина.
Судьяның айтуы бойынша, Қазақстанда судьялардың қызметін этикалық реттеудің өз тарихы бар.
«Сот этикасының бірінші кодексін Судьялар одағының Бірінші съезі 1996 жылғы 19 желтоқсанда қабылдаған. Кодекс не бары 7 баптар тұрып, судьялардың этикалық тәртібінің көптеген қырларын қамтымады. Соның нәтижесінде Судьялардың үшінші съезінде Кодекске толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Қазір қолданыстағы кодекс 2009 жылы Судьялардың бесінші съезінде қабылданған, онда судья тұлғасына қойылатын адамгершілік талаптар, судьяның кәсіптік қызметін және қызметтен тыс қызметін жүзеге асыру қағидалары, сондай-ақ судьяның көрсетілген талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілігі айтылады», - деп қосты Р. Жақудина.
Анағұрлым жоғары жаңа талаптарды қанағаттандыратын Этикалық кодексті қабылдау туралы шешім «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында бекітілгені белгілі.
Р. Жақудинаның ақпараты бойынша, кодекс жобасы Судьялардың тәртібінің бангалор қағидаттары негізінде әзірленген және оны Жоғарғы сот жанындағы Халықаралық кеңес пен Еуропа кеңесінің Венециандық комиссиясы мақұлдаған.
Сонымен, Судьялардың тәртібі бангалор қағидаттары келесі негізгі айқындауларды қамтиды:
– тәуелсіздік құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің алғышарты мен істің сотта әділ қаралуының негізгі кепілі ретінде;
– әділдік азаматтардың судьяға және жалпы сот ісін жүргізу жүйесіне сенімінің шарты ретінде;
– адалдық және тұрақтылық судьялардың өз міндеттерін тиісінше орындау шарты ретінде;
– этикалық нормалардың сақталуы судьяның кәсіптік қызметінің және оның қызметтен тыс саладағы тәртібінің ажырамас компоненті ретінде;
– процеске қатысатын тараптардың теңдігін қамтамасыз ету істің сотта әділ және бейтарап қаралуының шарты ретінде;
– біліктілік және ынталылық судьяның тікелей жеке қасиеттеріне бағытталған талаптар бекітілетін шарттар ретінде.
«Этикалық кодекс жобасы 5 бөлімнен және 33 баптар тұрады. Онда «Судьяның тәртібінің этикалық қағидаттары», «Судьяның кәсіптік міндеттерін атқару кезіндегі тәртібінің этикалық қағидалары», «Судьяның отбасындағы және тұрмыстағы тәртібінің этикалық қағидалары» сияқты бөлімдер көзделген. Судьялардың қызметтен тыс жағдайдағы байланыстары назар аударуға лайықты», - деп ақпараттандырды Р. Жақудина.
Оның айтуы бойынша, жалпы Этикалық кодекс жобасы бүгінгі күні қоғамның судьяның тәртібі мен моральдық келбетіне қоятын талаптарына сәйкес келеді және сот билігінің беделін нығайтуға ықпал етеді.
Сондай-ақ, судьялардың VII съезінде 2013 жылғы қарашада өткен VI съезі өткізілген сәттен басталатын кезең ішіндегі әділеттілік пен сот жүйесінің жетістіктерін қорытындылау жоспарланып отырғаны туралы хабарланды. Ұлт жоспарының заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша қадамдарының орындалуы, Судьялар одағының жарғысын жетілдіру мәселелерін талқылау күтілуде.
Ботагөз Айтжанова