• usd 0.00%
    432.93
  • eur 0.00%
    496.18
  • rub 0.00%
    5.7
  • gbp 0.00%
    587.4
  • cny 0.00%
    68.07
Ислам идеялары адамгершілік тәрбиеге қызмет етуі керек – А. Омаров 18.09.2014

Зайырлылық деген не? Ол ішкі мазмұнды сақтау, сыртқы форманың жеңуіне мүмкіндік бермеу. Осылайша мемлекет қоғамның үйлесімді дамуына жол ашады. Дін саласына қатысты айтқанда, діни таным өзінің табиғаты жағынан «біз және олар», «біздікі дұрыс, өзгелердікі теріс» дилеммасын тудыратын таным. Зайырлылық ұстанымы осы бөліністі болдырмауға, діндер арасында ортақ платформа, тепе-тең сұхбаттасу орын алуына мүмкіндік береді және ғылым мен дінді қайшылықтан ымыраластық жолына салады.

Исламды тек құлшылықпен, мешітпен, Құранмен байланыстыру – дініміздің тынысын тарылтатын жәйт. Қазіргі таңда әлемді алаңдатып отырған радикализм мен фундаментализм құбылыстарының сыртқы форманы ішкі мазмұннан жоғары қоюдан бастау алғаны, көп жағдайда билік үшін, жаулап алу үшін пайдаға асқаны тарихтан аян. Шындығында ислам идеялары адамгершілік тәрбиеге қызмет етуі керек. Ұлытау жерінде берген сұхбатында (25 тамыз, 2014 жыл) мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Біз бұдан ажырап, дінді шынайы имандылыққа жақындатып, оның жақсы жағын алуымыз керек. ...Сонда діннің мемлекетке зор пайдасы, үлкен қамқорлығы болады. Ол елдің басын біріктіреді. Міне, осындай исламды құрметтеуіміз керек» деп осы жәйтті мықтап ескертті».

Сонымен, зайырлылық дегеніміз -діни канондарға құрметпен қарау, діни мәдениетті оқыту, қолдау және мемлекет пен діни бірлестіктер арасында теңдікті сақтау, ғылым мен дінді ымыраластыру жүйесі.

Зайырлылықтың түрі көп. Оған идеологиялық, мәдени-әлеуметтік және ағартушылық аспектілер тән. Сондықтан да оның өзгеге ұқсамайтын қазақстандық типін, моделін жасау маңызды. Мысалы оқу орындарында діншілдік емес, құдайшылық рухы қанат жайса құба-құп. Өйткені, құдайшылық пен жоғары руханият ажырамас егіз ұғымдар.

Жоғары руханият деген не? Енді осыған келейік. Аталмыш ұғымның негізі - дін (бір Құдайға сенім, теологиялық таным). Діни құндылықтар иманды қоғамды қалыптастырып, ар-ұятты, кісілікті орнықтырады. Алайда ғасырлар бойы сын елегінен өткен ұлттық дәстүрлерсіз діннің діңгегі берік бола алмайды. Исламның оларды терістемейтіні - діни және ұлттық құндылықтар көздеген мақсат ортақ. Екеуі де адамгершілік тәрбиеге қызмет етеді. Ендеше жоғары руханият - имандылық тәрбие мен дәстүрлі құндылықтар синтез.  Хадис-шариф: «Адамның жақсысы – адамдарға, елге пайдасы тигендері» және «Ғалымның сиясы шаһидтің қанынан артық» дегендей, кең мағынасында Аллаға ұнамды істердің бәрі де - құлшылық аясы.  

Сонымен, жоғары руханият дегеніміз - қоғамда бауырмалдық, жанашырлық, үлкенді сыйлау, ауызбіршілік сияқты адамдық нормаларды қалыптастыру және ғылымды азық қылу. Оның «Мәңгілік Ел», «Қазақстан-2050» сияқты стратегиялық мақсат, идеяларға сәйкес келетіні осымен өз түсінігін табады». 

 


Back to the list